Құрманғали Ашанұлы, кәсіпкер. Алпауыттар неге құпиялана береді?

443 рет оқылды

Ел экономикасын аз ғана уақытта өз уыстарына жинап алған, бар болғаны он шақты-ақ мегахолдинг. Елімізде ІЖӨ 40 млрд доллар болса, соның 32 млрд долларын немесе  80 пайызын алпауыттар өндіріп отыр. Бірақ, одан Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып кете қойған жоқ.Керісінше, бай мен кедейдің арасы алшақтап, елімізде жұмыссыздар саны көбейіп,алпауыттар туралы қоғамда әр түрлі жағымсыз пікірлер айтылып жатқаны жасырын емес. Олар өздерін қазақ буржуазиясы санап, ел экономикасын алға жылжытып отырмыз деп есептейді. Парламент пен Үкімет те олардың мүдделерін қорғайды. Бұрын да, қазір де қарапайым халыққа өмір сүру үшін қызмет көрсетіп отырған стратегиялық маңызы зор, мемлекет қарауында болған кәсіпорындарға алпауыттар ауыз сала бастады. Мәселен, алпауыт монополистердің кесірінен тарифтік қызметақы күн санап өсіп, шарықтап барады. Күнделікті өмір сүруге ең қажетті қызмет ақылардың, азық түлікпен өзге де тұрмыстық тауарлардың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты батуда. Кез келген ірі кәсіпорынның, банктың жарғыларында олардың немен айналысуы керек екендігі ап-анық жазылады. Жоғарыда айтылғандай біздің алпауыттар өздерінің жұмысына қанағат тұтпай, негізгі жұмыс саласына үйлеспейтін басқа саламен айналысуы тіпті ұят, өрескелдік деп айтсақ артық болмас. Мәселен: алпауыттардың автотұрақ, дүкен, сауна, көлік жөндейтін шеберхана, қонақ үй, жанармай құятын станция сияқты шағын кәсіптерге иелік ете бастауы шағын және орта бизнестің дамуына орасан зор кедергі келтіруде. Олар жергілікті шенеуніктермен тіл табысып, жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындарды шетке ығыстырып, банкрот қылады. Алпауыттардың кесірінен ақшасы жоқ қарапайым халық шағын және орташа кәсіппен айналыса алар емес.  Оның үстіне,  өкінішке қарай, алпауыт компаниялардың қаржылық жағдайы, жылжымайтын мүліктері  туралы ештеңе білмейміз. Бәрі құпия түрде. Ендеше,  бұл дағдарыстан шығудың жолы бар ма? Ол үшін алпауыттардың бетін халққа бұру керек. Ірі-ірі кәсіпорындарды корпоративтік менеджментті ендіру арқылы басқару қолға алынуы тиіс. Корпоративтік басқару дегеніміз-топтық мүддені білдіру деген сөз. Дамыған өркениетті елдердің ірі транс-ұлттық корпорациялары халықпен ынтымақтасқан түрде жұмыс істеп, елінің экономикасын бірігіп көркейтеді. Мысалы:Америкадағы ірі ұлттық компаниялардағы акциялардың 50%-ы американ халқының қолында. Елімізде шикізат саласында жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлық корпорацияларда да өз халықтарының акциялары бар. Жылдың аяғында халық дивидент алып тұрады. Шетелдік ұлттық компаниялардың барлық қызметі ашық, олардың қалай жұмыс істеп жатқанын ақпарат құралдары арқылы халық біліп отырады.

Тағы да қайталап айтамыз, қазіргі еліміздегі мегахолдингтің басшылары өз кәсіпорындарының нақты қаржы жағдайын және барлық есептерді халықтың алдына ашып көрсеткісі келмейді, құпия түрде жұмыс істейді. Және олар қор рыногына шығуға мүдделі болмай отыр, халыққа дивидент бергісі жоқ. Өйткені олар акция пакеттерін бөлмей, толық түрде кәсіпорынның өзінде сақтағанын қалайды. Акцияның мемлекеттік пакетіне халықты ортақтастырмай, өздері иемденгенді жөн көреді. Егер өркениетті елдердегідей акция еркін саудаға түссе оны халық сатып алып, акционерлер болып, мегахолдинг басшыларының алдына өз талабын қоюға қақылы. Бұл акционерлер ретінде заңды да. Кәсіпорынды бұлай басқару корпоративті менеджменттің қалыптасуына алып келеді. Егер, корпоративтік басқару жүйесі жұмыс істеп кетсе, жинақтаушы зейнетақы қорларына өте тимді болар еді. Жинақталған ақшаға ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, олардың дивидентін алып, ақша бір қорда тұрмай қазіргідей айналымға түсіп, жинақтаушы қорға орасан зор табыс түседі. Бұдан үкімет те, халық та ұтады. Мысалы, 2005 жылдың (01.07) зейнетақы активтерінің жиынтық көлемі  557,5 млрд теңге мөлшерін құрады. Ай сайынғы өсімі орта есеппен 11,8 млрд теңгеге жетті. Бірақ, өкініштісі, еліміздің қор рыногының, соның ішінде, әсіресе, корпоративтік құнды қағаздар рыногының жеткілікті дәрежеде дами алмауы зейнетақы қорларының мүмкіндіктерін толық пайдалануға бөгет болып шықты.

Шіркін, қарапайым халық мегахолдингтердің акцияларынан дивидент алатын болса, әлеуметтік жағдайларын жақсартатыны сөзсіз еді ғой! Өкініштісі, шетелдік және отандық мегахолдингтер осы уақытқа дейін халықпен қоян қолтық жұмыс істегісі келмейді.

Бұның артында құпия болатындай нендей гәп бар? Бәлшебектер тәрбиелеген кешегі «кедей-кепшектің» балалары байлығын неге өзінің төл халқымен бөліскісі келмейді. Қазақстанның кен байлығы барлығымызға ортақ емес пе? Қанша жерден зейнеткерлерге зейнтақы қосылғанмен әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарымызға, үкімет тарапынан ақша берілгенімен ол аз. Үкіметке, шенеунікке қомақты ақша болып көрінуі мүмкін. Бірақ, сол қомақты ақшаны, әлгі миллиондаған азаматтарға бөлгенде түк те болмайды. Мәселен, бұрын   1000 теңгеге базарға барып біраз заттар алуға болатын. Ал қазір сол 1000 теңгеге түк те ала алмайсыз. Себебі, инфляция дейтін айдаһар бәрін жұтып  жатыр. Оны қарапайым халық емес, үкіметтің өзі де тізгіндей алмай отыр. Ең болмаса, жылына бір рет халық, мегахолдингтерден өзіне тиесілі акциядан дивидент алып отырса, әл ауқатымыз аздап өсер еді. Бізде ол да жоқ қой. Осы күнге дейін мегахолдингтен халық дивидент алыпты дегенді  естіген емеспін. Халықтың көпшілігі үнемдеген ақшаларын амалсыздан банктің дипозиттеріне салуда. Ал, пайыздық үлесі өте төмен болғандықтан  да, бұдан банкирлер ұтып, баюда. Егер сол дипозитке салған ақшаларын көпшілік ірі-ірі мегахолдингтердің акцияларына салса, керісінше халық байыр еді. Сол кезде банк пен мегахолдингтер өзара бәсекелестікке көшіп, халыққа ыңғайлы болып, екі жақ та төлейтін пайыздық мөлшерін көтеруге мәжбүр болар еді. Әрине, бұл біз үшін әзірге арман ғана… Егер, қор рыногының қалыптасуы осылай қала берсе, экономикамыз қанша дамығанмен, келе-келе бұның өзі барлық жағынан тежеуші факторға айналуы мүмкін.

«Абай-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған