Дағдарыстың пайдасы – ысырапшылдыққа жол бермеу

788 рет оқылды

«Дағдарыс – қазақтар үшін қалыпты өмір ағысы» деп қалжыңдайтын ағайынның назарына Abai.kz ақпараттық порталына көрген-түйгенін тұрақты жазып тұруға әуеде еткен кәсіпкер Құрманғали Ашанұлының мақаласын жалғастырып беріп отырмыз. Автор бұл мақаласында 2007-2009 жылдар аралығында болып өткен дағдарыс кезіндегі халықтың неден, қалай ұтылғанын тәпіштеп жаза отырып, қателікке ұрынбаудың жолдарын меңзейді.

————————————————————————————————————–

Дағдарысқа дейінгі соңғы 7 жылда халық пен шенеунік ақшаның құнын білген жоқ. Мұнай мен металдың бағасы әлемдік нарықта ұшып тұрды. Соған байланысты жеңіл ақшалар айналымға оңай түсіп, құрылыс материалдары, үйдің, пәтердің, жердің, жылжымайтын мүліктің, жеңіл автокөліктің бағасы өсіп шыға келді. Қарапайым халықтың арасында нарықтың құйтырқы  жайын түсінбей, қымбат бағаға несиелер алып, осы жағдай мәңгі болып тұрады деп ойлап, алданып қалғандар қаншама  десеңізші. Олар дәл қазір өкінуде. Банкирлер халыққа шексіз қымбат несиелер беріп отырды. Халық несие пайызының көлеміне қарамай, оны кейін ай сайын қалай төлейтінін ойламай, қалағандарынша алып, алған несиелеріне экономикалық есеп-қисап жасамай, пайда беретін нақты кәсіпке салмай, уақытша шығыны бар той жасауға, жер, қымбат жеңілкөлік, пәтер, тағы басқа пайда бермейтін шығысы көп дүниелерге жұмсады.  Бұл – әрине, шындық. Сол кездегі баға мен осы  кездегі бағаны салыстырып көріңізші. Арасы жер мен көктей. Аталған заттардың бағасы ұшып тұрғанда несие алғандардың көбісі қандастарымыз. Осы жайттарды сараптап, қорыта келе, елімізде болып жатқан дағдарыстың бір бөлігін даңғазалығымызға, мақтанға, аста-төк ысырапшылдыққа бой алдырғанымызға апарып тіреуге болады. Ал, республикадағы өзге ұлт өкілдері банктен несие аларда алды-артын ойлап, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» принципімен несиені тек шағын кәсібін ашуға немесе оны әрі қарай дамытуға алады. Қазақтар болса,  қайтарымын ойламай, банктен несие алып, оның пайызының көлеміне қарамай, алдын ала есептемей қыжалатқа қалды, қарызға батты. Мысалы, олар:

1. Алған несиелерін шағын кәсіпке салса, сөз жоқ. Шағын кәсіптің қоғамға да, адамға да пайдасы мол. Шағын кәсіпті ешқандай дағдарыс жеңе  алмайды.

2. Ата-ана несиені балаларының оқуын төлеуге алса, ол кейін ата-анаға  100 есе қайтарыммен келеді. Ақшаны білімнен аямасын.

3. Алған несиені төрт түлікке салса, мал алып көбейтсе, үйде ақ мол болып, береке болады.

4. Үйді, пәтерді банктен несиеге алса, өзін ақтайды.

5. Несиеге жер алса, бақша егіп, іске асырады.

6. Көлік алса, жолаушы тасиды, ол да пайданың көзі.

Бір банктен несие алып, оны жабу үшін екінші банктің несиесіне жүгіретіндер біздің қазақтың ішінде өте көп. Кезінде ойланбай бірнеше банктен несиелер алып, оны уақытында қайтара алмай, несиені алардағы жалға қойған үй, пәтерлерінен айырылып қалып, пәтер жалдап жүргендер қаншама қазіргі күні?! Сондықтан, банктің алдында жүріп, келген адамдарды әдейі торып, қолдарына үш-төрт ұялы телефон ұстап «несие алып беремін» деп үстіндегі ақшаларын алып тайып тұратын делдал алаяқтардан сақ болған жөн. Жеме-жемге келгенде әлгі ортада жүрген делдалдарды кейін іздеп таба алмаймыз. Одан да тынышы, несие алады екенсіз, бірден банк қызметкерлеріне шыққан дұрыс. Банк қызметкерлері сізді дұрыс жолға салып, ақыл-кеңес береді. Банктен несие алып, той жасайтындар көбейіп кетті. Дүркіретіп той жасап, артынан айрылысып кетіп жатқандар да бар. Сол тойға кеткен ақшаларға екі жасқа үй, жиһаз, машина алып беріп, неге жағдайын жасамасқа?! Той өтеді, кетеді, екі жас қалады өмір сүру үшін. Екі жасқа әрі қарай өмір сүруіне тойға кеткен қаражатты үнемдеп жұмсаса, жас отаудың босағасы берік болып, ажырасу да аз болар ма еді? Қазір заман басқа, жастардың көбінесе бірінші ойлайтындары – материалдық жағдай. Заманға байланысты олардың жан-дүниесі, көзқарастары өзгеріп отырады. Бабаларымыз «Той -құдайдың қазынасы» депті. Рас, бала шыр етіп жерге түскеннен бастап аяқтанғанға дейін азамат болып, жеке шаңырақ көтергенше, жасалатын тойларды ретімен жасауға мен қарсы емеспін. Бірақ халық айтпақшы: «Арсызға алты күн той» — үлкен ақсақалдарымыздың өздері бас болып, тойды үдетіп, бәсекеге айналдырып жібергенін ешкім жоққа шығара алмас.  Саңырауқұлақтай қаптаған ұлттық болмысымызға, ислам дінімізге жат туған күн, күміс той, алтын той, гаухар той, т.б. тойлардың түрлері, Валентин күні, қысқасы осының бәрі — қыз-келіншектерімізді ерсі қылықтарға үйретіп, халықтың тәрбиесіне де, ой-өрісіне де кері әсерін тигізетін дарақылық пен  имансыздықтың, жалған намыстың тойлары. Қазіргі ұрпақ айрықша тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр. Жанұя, бала тәрбиесі қоғамда жіберілген қателіктер болашақта үлкен орны толмайтын зардабын тигізеді. Оны өмірден көріп жатырмыз. Халқымыздың бойындағы нарықтық сана мен сауаттылықтың толық қалыптаспағандығының да көрінісі – осы.

андастарымыз өздігінен нақты кәсіпке бармай, құлдық психологиядан арылмай, нарыққа бейімделмей жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Халқымыздың бойындағы осал тұстарын ислам құндылықтарында да қатаң сыналып, тыйым салынып, жол берілмейді екен. Қазіргі қиыншылық кезең — ашылып-шашылатын заман емес. Тек қажетті той, мерекелерді жасайды. Қасиетті Құран-Кәрімнің ӘҒРАФ сүресінің 31-аятында нақты айтылған: «Жеңдер, ішіңдер, төгіп-шашпаңдар, ысырапқорларды Алла ақиқатында ұнатпайды».

Мемлекет те бюджетті үнемдеуге көшті. Ретсіз шығындар азайып, қысқартылуда. Шетелдерде адамдар шағын машиналардың тізгініне отыра бастады. Қаржылық дағдарысқа байланысты бүкіл әлем үнемдеуге көшіп жатыр. Кез келген заттың бір шегі болуы керек қой, бар екен деп шаша беру тек біздің халқымызға тән бе деп қаламын. Қаржылық дағдарыстың пайдасы мен жақсы жағы адам сана-сезімін өзгертіп, үнемдеуге көшіріп, аста-төкке, ысырапшылдыққа жол бермеуінде. Бұдан тәуелсіз еліміз де, халқымыз да ұтпаса, ұтылмайды. Қиыншылық кезеңнен өтіп, жаңа кезеңге халық басқаша көзқараспен қарап, жаңа экономикалық құрылыммен жұмыс істеп, қалыптасатынына толық сенімдімін.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған