КӘСIПКЕР ӘЛIППЕСI

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ 

Жақында Алматыдағы «Самара-Принт» баспаханасынан кәсiпкер Құрманғали Ашанұлының «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi» атты кiтабы жарыққа шықты.

 

Қазаққа кәсiпкерлiк жат емес. Соңғы он-он бес жыл iшiнде нәпақасын шағын және орта  кәсiпкерлiктен тауып жүргендер аз емес. Дегенмен қолында қаражаты бола тұра, iстiң көзiн таба алмай жүргендер қаншама. Осы тұрғыдан алғанда Құрманғали Ашанұлының кiтабы – жастарға, жалпы көпшiлiк қауымға таптырмайтын көмекшi құрал. Автор еңбегiнде жалаң теорияға сүйенбейдi, өзiнiң басынан өткен оқиғаларды мысалға ала отырып, нақты тәжiрибе негiзiнде жазып шығыпты. Өйткенi, ол –кәсiпкерлiктi әбден қаузаған адам. Кiтап осынысымен құнды, оқырманды тартады.

Шынында да, күнi бүгiнге дейiн қазақ тiлiнде кәсiпкерлiктiң әлiппесi жазылған жоқ-тұғын. Журналистер, әсiресе студент қауым орыс тiлiндегi, не болмаса өзге тiлден аударылған еңбектерге жүгiнетiн едi. Құрманғали Ашанұлы осы олқылықтың орнын толтыруға еңбектенiптi. Тағы бiр айтарымыз, автор шағын кәсiпкерлiк қызметiн мұсылмандыққа жақындатып, шариғатпен байланыстыра жазады. Кiтап дерек пен дәйекке толы, кәсiпкерлiктiң қыры мен сырынан мол мағлұмат бередi. Танымал кәсiпкер Құрманғали Ашанұлы кәсiпкерлiктiң әлiппесiмен ғана шектелмей, болашақта оны қалай жетiлдiрiп, дамыту туралы тың ойларымен, тәжiрибесiмен бөлiседi деген ойдамыз.

«Жас қазақ», №22, 08.06, 2007 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған