Еркiн ЖАППАСҰЛЫ. КӘСIПКЕР БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ

 

«Таңғы тамақ – тәңiрден…» деп тамсанудың уақыты өткелi қаш-а-ан. Парықты пайымдайтын саналарды нарықты экономика өз «илеуiне» көндiрiп те үлгердi. Қазiр көзiн тап та, еңбек ет, «…тояды қарның тiленбей». «Екi қолға – бiр күрекке» үйренген кез келген адам еңбек етер едi-ау, бар болса… Соның «көзiн» қалай табу керек? Гәп – осында.

Мiне, осы сұраққа жауап  iздегiңiз келсе, белгiлi кәсiпкер-экономист әрi қаламгер Құрманғали Ашанұлының таяуда ғана Алматыдан жарық көрген «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi» атты кiтабын «көмекке шақырыңыз». Әрине, жоқтан бар жасау мүмкiн емес. Барды базарлап, бiрдi екi ету, үш еселеуге өңмеңдей ұмтылу – яғни, бiреудiң аузындағысын қағып әкету – қазiргi уақыттың талабы. Бұған да сөз жоқ – iскерлiк керек.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев орта және шағын бизнестi дамытуға бар мүмкiндiктi жұмылдыруға кең жол ашып бердi. Жылма-жыл өркендеп келе жатқан ел экономикасының болашақта 60-65 пайызы шағын және орта бизнестен түскен өнiммен молығуы қажет деген әңгiме де соңғы кездерi тiлге жиi тиек етiлуде. Ендеше, кәсiпкерлiктiң ертеңi еңселi.

Жұмысты ендi бастамақ болып, бел шешiп, бiлек түрiнген кәсiпкерге ең басты қажет – Қазақстан аймағында қаржы, жер телiмi және жылжымайтын мүлiк. Кiтап авторы сынаптай сырғып, алақанға түсуi қиын осы нәрселерге там-тұмдап болса да қол жеткiзудiң түрлi жолдарын нұсқайды. Мысалы, мына түлкiбұлаң заманда ақша табуды саудасыз көз алдыға елестету мүмкiн емес.

Бұрынғылар сауда жүрген жерде сайтанның да қоса жүретiнiн ескерткен болатын. Құрманғали кәсiпкерлiкке ден қою барысындағы адалдыққа, ар тазалығына баса назар аударады. Ел өңiрiндегi шағыннан басталып, алпауыт ауқымға ұласқан бизнестiк қызметтiң бетiн мұсылмандыққа, шариғатқа бұра жүргiзудiң сауапты әрекеттерiн сөз етедi. Әрi өмiрлiк iс-тәжiрибесiз кәсiпкерлiктiң қыр-сырын меңгеру мүмкiн емес екенi де назардан тыс қалмайды. Автордың «Әуелi Аллаға сен, одан соң өзiңе…», «Экономика және рухани әлем», «Бақ пен тақ», «Өзiңе сенсең, iстiң көзi табылады», «Маман бәрiн шешедi», «Ұлттық құндылық – қазақ мемлекетiнiң түп қазығы»,  тағы басқа да материалдарының «нар тәуекелге» құлшынтар құнды мағлұматтар аласың.

Кәсiпкер болғың келсе, «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесiне» үңiлгенiңiз жөн.

«Қазақ әдебиетi»  2007 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған