Жаңабек ШАҒАТАЙ. АҚЫННЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРҒАН

«Жалағаш жерi – жыр кенi». Құрастырған Тынышбек Дайрабай.

«Арыс» баспасы, 2008 жыл.

Белгiлi әдебиет зерттеушiсi, қазақ ақын-жырауларының шығармашылығын зерделеу мен олардың мұраларын жинақтап, кеңiнен насихаттауда орасан зор еңбек еткен марқұм Мардан Байдiлдаев осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын, сонау 1959 жылы жарық көрген «Ақындар творчествосы» кiтабында: «Қазақ әдебиетiнде бiр олқы жатқан жер бар» деп айтуға тұрарлық жәй – ол «Сыр бойы ақындары» деп аталатын (кейде «Сыр сүлейлерi» деп те аталады) Сыр өлкесiндегi  елден шыққан революцияға дейiнгi мол ақындар тобы», – деп өткен ғасырда-ақ Сыр елiнiң ақын-жырауларынан бiзге жеткен мол мұраларды  зерттеу, салиқалы сөз ету қажеттiлiгiне назар аударғаны белгiлi.

Әрине, көпшiлiгiнiң соңынан аса бай, мол рухани мұра қалған аталмыш өңiрдiң ақын-жыраулары шығармашылығы мүлдем назардан тыс қалып едi, еш зерттелмедi десек, шындыққа қайшы келген болар едiк.

Осыдан 85 жыл бұрын халқымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев Балқы Базар жырау жөнiнде арнайы мақала жазып, 1923 жылы Ташкентте бастырса, Х.Досмұхамедов, Т.Жүргенов секiлдi алаш арыстары қысқа да мәндi ғұмырында Сыр бойының ақындарының шығармашылығын зерттеуге мүмкiндiк уақыт тауып, алғаш сөз  еткен болатын.

Дегенмен, бұл өлмейтiн еңбектер бүгiнгi таңда тарихы аса бай әдебиетiмiздiң өткенiн, тiптi бүгiнгi жай-күйiн, салт-дәстүрiн бiлуге,  үйренуге талап етушiлердiң сұранысын толық қанағаттандыра алмай отырғандығы да жасырын емес. Оның үстiне қазiргi көзi қарақты оқырман қауым аталарымыздан жеткен сөздер, өлмейтiн өлең-жыр үлгiлерiнiң түпнұсқаларымен тiкелей танысуды мақұл көретiнi де мәлiм.

Осы орайда биыл «Арыс» баспасынан жарық көрген «Жалағаш жерi – жыр кенi» жинағы әдебиетiмiздiң өткенi мен бүгiнiн жалғастырып жатқан көпiр секiлдi. Бұл жинаққа ХVIII-ХIХ ғасырларда ғұмыр кешкен Сыр сүлейлерiнiң үлкен бiр шоғырының, сондай-ақ қазiргi Жалағаш аймағында туып-өскен көптеген ақын-жыраулардың өмiрi мен шығармашылығы туралы мәлiметтер берiлiп, туындылары енгiзiлген.

Осы өлкенiң ақын-жыраулары жайлы профессор Есмағамбет Ысмайлов: «..Қызылорданың Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, бергi шетi Шиелi, Жаңақорған аудандары ақындарының мол бiр ұялы тобы болып келген. Әрiдегi Шораяқтың Омарынан бастап осы кездегi Қуаныш Баймағанбетовтерге дейiнгi ақындар түйдегi, бәрi ақындық өнердiң  жақсы салтын жасаған, өлеңдi әрi тапқыр, әрi өткiр, әрi шапшаң айту әрбiр ақынның творчествосының салтына айналған. Дастан болса, оқиғасы қызықты, шағын жанр өлең болса, мағынасы әсерi көкейде қонымды етiп жазу осы ақындық ортаның осы күнге дейiнгi мықты бiр дәстүрi», – деп жазуы бекер емес. Осылармен қатар, Сыр сүлейлерiнiң бойында отаншылдық, елiм, жерiм дейтiн iзгiлiктi сезiмдер басым болғанын айта кету керек.

Мәселен, ХIХ ғасырдың орта тұсында өмiр сүрген, халыққа Әзiлкеш деген атпен мәлiм Әзiрбай Шымырұлының:

Жүрсем де  қиын-қыстау

                                қандай жайды,

Есiмнен кетпеейдi өсiп-өнген елiм.

Сондықтан тiршiлiкте

                                 теңерiм жоқ,

Кiр жуып, кiндiк кескен

                                  жерге менiң, –

деп осыдан бiр жарым ғасыр бұрын айтуының өзi неге тұрады?! Тiптi, оны қазiргi жазба ақындардың кез-келгенiмен иықтас тұруға қақылы деуiмiз керек.

«Жалағаш  жерi – жыр кенi» кiтабы арқылы «Кенесары – Наурызбай» атты кең көлемдi  тарихи дастан жазған әйгiлi Нысанбай жырау Жаманқұлұлы шығармашылығынан бастап, өз кезеңдерiнде есiмдерi күллi қазақ жұртына танымал болған Әзiлкеш (Әзiрбай Шымырұлы) Қорқыт атаға жыр арнаған Құлназар Құлқозыұлы, Әбдiкәрiм Оңалбаев, бүгiнде белгiлi Қомшабай Сүйенiш, Темiршi Сарыбай сынды ақындардың өлең-жырларымен танысуға болады.

«Жалағаш жерi – жыр кенi» жинағы өзара үндес төрт бөлiмнен – «Ақын-жыраулар», «Ақындар», «Жыраулар», «Қайраткер-қаламгерлер» тарауларынан тұрады. Мұнда аудан немесе облысқа ғана емес, бүкiл елiмiзге елеулi еңбек сiңiрген, аттары ауызға iлiнген адамдардың өмiрбаяндары, шығармаларынан iшiнара үзiндiлер берiлген. Халық жауы ретiнде Сталиндiк қанды террордың жазықсыз құрбандары болған Темiрбек Жүргенов, Iлияс Қабылов, Саудуақас Баймаханов сынды арыстардың өмiрi, ел үшiн еткен өлшеусiз еңбектерi оқырмандарға ой салса, бүгiнде арамызда жүрген жандардың да жақсы iстерi өткен мен бүгiннiң сабақтастығын, үзiлмейтiн дәстүр жалғастығын дәлелдейдi.

Жоғарыда айтқанымыздай, Жалағаш топырағында туып, өлмес өлең-жыр тудырған ақын-жыраулардың жақсы үлгiсi – туған елiн, кiндiк кескен жерiн сүю қазiр де ұмытылған жоқ. Мәселен, осы өлкеде туып-өскен Құрманғали Ашанов секiлдi азаматтар соны танытып жүрген жан екендiгi аңғарылады. Кәсiпкер бола тұра рухани құндылықтарымыз – қазақ халқының тарихында iз қалдырған тұлғалар жайлы iзденiп  жазып, көпшiлiкке насихаттап жүруiнiң өзi басқаларға ой салатын жайт. Мұндай мысалдарды кiтаптан көптеп келтiруге болады.

Әр адамның өзгеге ұқсамайтын тағдыры болатыны сияқты, әр кiтаптың да өзiндiк тағдыры болатыны мәлiм. Оқырман қауымға ұсынылып отырған «Жалағаш жерi – жыр кенi» жинағының болашағы аса мәндi боларына күмән жоқ.

«Түркiстан» №32,  7 тамыз, 2008 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған