Гүлзина БЕКТАСОВА. АБАЙ ЖОЛЫН ОҚЫДЫҢЫЗ БА?

400 рет оқылды

 Мұрты едiрейген кәсiпкер ағаны редакциядағылардың бәрi бiледi. Әрi өзi редакцияның бiр мүшесi секiлдi. Қай кезде де арқа-жарқа болып келiп, әңгiме айтып, кез келген мәселеге пiкiр таластырып, өзiнiң ойын айтып жүретiн, жүрегi таза, ақкөңiл ағаны бiр жағынан жақсы сыйлаймыз да. Кейде әңгiмемiз қызу болатыны соншалық, жұмыстың бәрiн ұмытып, сол кiсiнiң ақтарылып айтқан сырларына құлақ түрiп кететiнбiз.

 

Әдеттегiдей еркiн адымдап, есiктен енген аға бәрiмiзбен амандасып, өзiнiң күнделiктi орнына жайғасты. Бәрiмiз жапа-тармағай амандасып жатырмыз. Аға ә дегеннен-ақ, өзiнiң әңгiмесiн бастай жөнелдi. Әңгiменiң ауанына  қарасақ, бүгiнгi әдебиеттiң насихатталуына байланысты сияқты. Әдебиет туралы, өнер, мәдениет жайлы бiлгендерiн ортаға салып отыр. Одан қала бердi, газеттiң бетiнде шыққан материалдарға арнайы тоқтала кеттi. Бiр кезде өз-өзiнен бiзге сауал тастап, «Сендер «Абай жолын» оқыдыңдар ма?» – дегенi. Оқымағанда ше? Әрқайсымыз Мұхтар Әуезовтiң шығармашылығымен, әсiресе, «Абай жолымен» қай кезде танысқанымызды жамырай айтып жатырмыз.

  • Сендердiң қалай оқығандарыңды бiлмеймiн, мен сол кiтапты оқи алмадым, – деп iлiп әкеттi әңгiменi ары қарай. Оқи алмаған себебiм, тiлi тым түсiнiксiздеу. Бүгiнгi оқырманға лайықты тiл болу керек қой. Тiл деген дамып отырады. Қазiргi компьютер заманында ондай тiлдiң қажетi жоқ, – демесi бар ма, ағамыз көзiмiздi бақырайтып қойып. Өзiнiң оқымағаны бiр бөлек, роман-эпопеяның тiлiне тиiскен соң, бiз де қарап тұрамыз ба, ал, пiкiр-талас өрби жөнелсiн. «Абай жолы» оқылмайды деген ағамыз бiр бөлек, бiз бiр бөлекпiз.
  • Сендер барлығына журналистiк көзбен баға беруге құмарсыңдар. «Он саусақ, бiрдей емес». Бүгiнгi жастардан барып: «Абай жолын» оқыдың ба?» деп сұрап көрiңдершi. Қандай жауап алар екенсiңдер? Солардың жетпiс-сексен пайызы оқымағанына мен сенiмдiмiн, – дедi аға қарап тұрмай.
  • Жеке сiздiң пiкiрiңiз бүкiл елдiң пiкiрi емес қой. Неге сiз елдiң атынан сөйлейсiз? – десек.
  • Бұл – менiң ғана пiкiрiм емес, жүздеген адамдардың пiкiрi. «Абай жолын» оқу өте қиын. Мен де, менiң балаларым да оқи алмайды, – деп бет бақтырмайды.

Кiтап оқи алмайтынын, онда да «Абай жолын» оқи алмағанын мақтаныш қып тұрған адамға не айтарсың?!  Келiспесек те, iшiмiзден тындық… Әйтеуiр, Абайдың тiлi қартайды демегенiне құдайға шүкiр дестiк.

Қазiр шындығында да кiтаптың насихатталуы қиын болып қалды. Бiрақ, соған қарамастан, оқырманның талғамы өзгердi деуге бола ма? Кiтапты оқимын деген адам базарда тұрса да оқиды. Мәселе, кiтаптың оқылуында емес, кiтаптың  жетiспеушiлiгiнде. Бiз соны аңғармай жатып, кiтаптың тiлiне тиiскiмiз келедi. Ал, кiтап оқығысы келмейтiндердiң жөнi бiр басқа. Оқымаймын дегеннен шығады, бiрде қазақ газеттерiнiң бiрiнде менеджер болып жұмыс iстейтiн ағам үйге бұлқан-талқан болып ашуланып келгенi бар. Сөйтсе, ағам жұмысқа асығып бара жатып, жол тәртiбiн бұзып қойыпты.  Тәртiп бұзған соң, жол полицейлер қарап тұра ма, дереу ала таяқтарын шошайтып, тоқтата қояды. Ағам өзiнiң газетте жұмыс iстейтiнiн айтып, газет  тарату мәселесiмен асығып келе жатқанын түсiндiрсе, әлгi жол полицейi, өзiнiң қазақ газеттерiн оқымайтындығын айтып мақтаныпты. Бойында намысы бар адам, оқымаймын дегенге көз жұмып қарай салмайды ғой. Газеттiң атын бiлмегенiне намыстанудың орнына, оның «оқымаймын» деуi ағамның ызасын келтiрiп, машинасынан бiр бума газеттi шығарады да, «Оқымасаңдар ендi оқыңдар» деп, әлгiлерге тастап кетiптi.

Күнде көз алдымызда қайталанып жатқан мұндай көрiнiстер көбеймесе, азаймай тұр. Өзi оқи алмағанымен қоймай, өзгелердiң де атынан сөз айту, қайбiр жарасар қылық дейсiз? Шындығында да, бiр адамның қатары күн санап, жүзге  көбейiп отырса, нағыз дерт  сонда болар едi. «Абай жолын» оқи алмаған адам, өзгелердi қалай оқысын?! Оларға сен өзгелердi таны деп, қалай айтарсың?!

Әлгi әңгiмеден берi, көңiлiмде көп түйткiл қалып қойды. Өзге шығарманы қайдам, өзiм «Абай жолын» бесiншi класта оқығаным есiмде. Үлкен қалада оқитын әпкем бiр демалысында маған арнайы  мұқабасы қалың екi кiтапты ала келiптi. Бiреуiнiң өзi адамды ұрып жығатындай қалың кiтаптың сыртында «Абай жолы» деп жазылған. Оған дейiн де, мектептегi әдебиет кiтаптарынан қысқа-қысқа үзiндiлердi оқып жүрген соң ба, кiтап бiрден көзiме оттай басылды. Сол кездерде «Абай жолын» қаншалықты қабылдай алдым, бiлмеймiн, әйтеуiр, әлгi екi кiтапты ешкiмге де бермей, өзiмнiң кiтап сөремде сақтағаным рас. Тек, сол кiтаптан жадымда қалғаны Қодар мен келiнiнiң өлiмi болатын. Жазықсыз бейшараларды ата салтымен жазалап, өлiмге кескенiн, бала жүрегiм қабылдай алмады ғой деймiн, өзiмдi-өзiм жұбата алмай, жылағаным да есiмде. Кейiн есейе келе  әлгi екi кiтапты қайта оқып шықтым. Зер сала, аса ыждағаттылықпен оқыдым ба, кiтаптағы әрбiр көрiнiстер, әлi күнге есiмнен кетпейдi, Тiптi, кiтаптың соңында, Абайды өзiм өлтiрiп алғандай сезiнгем…

 

P.S.Грузиндер Шота Руставелидiң «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» атты  кiтабын мiндеттi түрде қыздың жасауына қосады екен. Бұл – оларда атадан балаға мұра боп келе жатқан айнымайтын дәстүр. Шiркiн-ай, бiзде «Абай жолын» дәл осылай дәстүрге айналдырсақ қой. Онда болашақ ана ұрпағынан ұрпағына аманат етiп қалдырар едi.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған