Құрманғали Ашанов былайша әңгiмелейдi

Ал, ендi заңды тұлғаларға несиенiң мардымсыз берiлуi  себебiн кәсiпкер Құрманғали Ашанов былайша әңгiмелейдi:

  • Қазiр шағын және орта кәсiпте 1,5 миллион адамдай жұмыс жасайды. Бұл экономикамыздың 20 пайыздайын құрайды. Ал, қалған 80 пайызы алпауыттар үлесiнде. Республикалық статистикалық агенттiктiң мәлiметiне сүйенсек, 2005 жылы  145 мыңдай шағын кәсiпорын тiркелiптi. Бiрақ, сол тiркелген кәсiпорындар толық жұмыс iстей бермейдi. Себебi, оларға қаржы жетпейдi. Сондай-ақ мемлекеттiк құзырлық органдардың да қолдан жасаған кедергiлерi көп. Қазiр банкирлердiң айтуынша, елiмiздiң банктерi жақсы дамып келе жатқан көрiнедi. Әрине, ТМД мемлекеттерiнiң iшiнде олардың алдыға шыққаны рас. Тұран Әлем банк, Халық банк тағы басқалары жақын Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия сияқты елдерге экспансия жасап отыр. Яки олар өздерiнiң капиталдарын сол елдерге салған. Бiрақ, бiздiң шағын кәсiпкерлерге беретiн несие пайызы өте жоғары болып отыр. Мәселен, шағын және орта кәсiпке берiлетiн несие пайызы 15-20 пайыз аралықтарында. Кәсiпкер бұдан басқа да салық, коммуналдық төлемақы төлеу керек. Сондықтан кәсiпкер iсiн атқаруға ары қарай дамытуына бұл  несие өз септiгiн тигiзбей тұр.
  • Елiмiздiң жалпы iшкi өнiмi жылдан-жылға өсiп келедi. Соның iшiнде шағын және орта кәсiпкерлердiң де еңбегi аз емес. Бiрақ, банктер әлi де болса, шағын кәсiпкерлерге сенiмсiздiк танытуда. Олар тек алпауыт корпорацияларға, яғни кепiлдiк қоя алатындарға ғана көп мөлшерде несие бередi. Осы мәселенi Үкiметiмiз бен депутаттар талқыға салып, банктердiң бетiн шағын кәсiпкерлерге бұру қажет. Дамыған елдердiң тәжiрибесiне сүйенетiн болсақ, олардың экономикасының 60-70 пайызын шағын және орта кәсiпкерлер ұстайды. Бұл салада орташа топтар жұмыс жасайды, ал, олардың жағдайы жақсарған сайын экономиканың тұрақтылығы нығая түседi. Кез келген дамыған ел, экономикасы шағын және орта кәсiпкерлерден құралған.

 

Мұрат СЕРКЕБАЕВ.

«Түркiстан», №30-31, 27 шiлде, 2006 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған