БIРЕР СӨЗ ҚАЗАҚ КӘСIПКЕРЛIГI ХАҚЫНДА

Жетпiсбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

экономика ғылымдарының докторы,

 профессор

БIРЕР СӨЗ ҚАЗАҚ КӘСIПКЕРЛIГI ХАҚЫНДА

 

Кәсiп пен мiнездiң, тәлiм тәрбиенiң, тiптi түп-тұқияның,  дiн мен дiлдiң өзара байланысы, бiр-бiрiне тiкелей қатысы бар. Бұл жөнiнде ұлы философ Макс Вебер өзiнiң «Протестанттық еңбек этикасы» атты туындысында тамаша әңгiмелеген. Кiм-кiмнiң де бесiктен белi шықпай сауда-саттықпен айналысатынын, темiр-терсекке үйiр болатынын, ғылым-бiлiмдi, өнердi төңiректейтiнiн, тiптi қайыр-садақа арқылы жұрт үстiнен күнелтетiнiн тап басып айтпаған күннiң өзiнде, жуықтап болжауға болар. Кәсiпкерлiк экономикасы, психологиясы, философиясы бүгiнде әлемдiк ғылымда жан-жақты зерттелген бiлiм саласына жатады. Осы бiлiмге сүйене отырып, сондай-ақ кiсi бойындағы қарым-қабiлеттi ұштау арқылы тiрлiктiң қай қиырында да табысқа жетуге болады.

Кәсiп-тiршiлiк көзi, өмiр қайнары. Тiптi, кәсiптi өмiрдiң өлшемi десек, артық айтқандық емес. Сондықтан да ол қай тұрғыдан болмасын талдануы, заман талабына сай ой елегiнен өткiзiлiп отыруы шарт. Мұның әсiресе қазiргi  Қазақстан ахуалына тiкелей қатысы бар. Нарықтық  қатынастарға көшкен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары экономика ғылымы бойынша диссертациялар қорғалатын «Кәсiпкерлiк экономикасы» деген ғылыми мамандық болатын. Шифры 08.00.30. Осы жолдардың авторы банк маркетингiне, оның iшiнде жарнама саласына қатысты ғылыми еңбегiн аталған мамандық бойынша қорғаған-ды. Бiрақ, жаңа ғасыр басында бұл мамандық жабылып тынды. «Жылы жабылғандардың қатарында» «Жұртшылықпен байланыс» сияқты жоғары оқу орындарындағы нарықтық экономика бойынша  дiлгiр мамандық та бар. Бұл шала сауатты дүмшелердiң тарапынан келген келеңсiз тiрлiк десеңiз, қателесесiз, мұның басы-қасында Гарвард, Оксфордтарды тәмамдаған тақсырлар болған. Осыдан кейiн «сенген қойым сен болсаң» демеске лаж жоқ.

 

 

***

 

Келесi бiр маңызды мәселе-кәсiпкерлiк негiздерiн  насихаттау, ел арасына тарату. Нарық талабына орай кәсiпкерлiктi сауатты жүргiзудi, iстi неден бастап, неден аяқтауды екiнiң бiрi бiле бермейдi ғой. Орыс тiлiнде  кәсiпкерлiкке қатысты кiтап та, оқулық та, газет-журнал да жетiп артылады, телерадиохабарлар  да баршылық. Ал, қазақ тiлiндегi тұңғыш экономикалық басылым жуырда ғана дүниеге  келдi, ол-қолдарыңыздағы «Экономика» газетi.

Ал, қалам ұстаған қауымның кәсiпкерлiк түгiлi жалпы экономика саласына маманданып, бiлiктi ой толғап жүргендерi iлуде бiреу. Дегенмен, ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмас, «арпа iшiнде бiр бидай» дегендей, осы салада ақпараттық ғасырымыздың алғашқы ағартушысы деуге тұрарлық бiр кiсi бар – ол кәсiпкер Құрманғали Ашанұлы. Мамандығы журналист болмаса да  қалам қарымы тегеурiндi, жазудың қыры-сырын жетiк меңгерген, әрi өзi көтерiп отырған тақырыбын өте жақсы бiлетiн оның кәсiпкерлiкпен айналысып, ел мен жұртқа шапағатын тигiзiп келе жатқанына оншақты жылдың жүзi болды. Елге баспасөз, теледидар арқылы да кеңiнен танымал көсемсөзшi. Мен кезiнде Құрекеңнiң мақалаларын оқып, сырттай тәнтi болып жүретiн едiм, талантты жазушы, еларалық «Қазақстан-Заман» газетiнiң бас редакторы Ертай Айғалидың арқасында танысып-бiлiсудiң де сәтi түстi. Жуырда оқырмандар қолына тиген «Кәсiпкерлiк әлiппесi» атты қазақ экономикалық журналистикасының алғашқы қарлығашы саналатын кiтабын парақтап шыққаннан кейiн арнайы барып, Құрманғалидың тындырып жатқан тiрлiгiмен танысып қайттым.

Бұдан сәл бұрын Құрекеңнiң тағы бiр қырын танудың сәтi түстi. Астанадан келген ағам, өлкетанушы Кәрiмжан Бекболатұлы «нағашыларымыз керейт қой. Торғайдағы керейт шежiресiн бiлетiн бұл күнде кiсi қалмады, шешемiзден сұрап, қағазға түсiру де ойға келмептi, мәңгi тiрi жүретiндей көрдiк қой» – дедi қамығып. «Керейт тарихын бiлетiндерiң бар ма Алматыда?». Сол кезде есiме ертеректе «Ана тiлi» газетiнен оқыған «Шыңғысхан неге керейт қыздарына үйленген?» атты Құрманғалидың мақаласы есiме сап етiп түсе қалды. Қолма-қол қоңырау шалып, мән-жайды түсiндiргеннен кейiн елгезек Құрекең кiтабын қолтықтап, келесi күнi уағдаласқан уақытында келдi. Құрманғали Ашанұлының жас та болса көнекөз қариялармен барабар, бiлгiр шежiрешi екендiгiн көрдiм, себебi керейт тарихына арналған кiтаптың көп материалына Құрекең деректерi арқау болған екен.

Кәсiпкер Құрманғалимен құрған кәсiппен танысқаннан кейiн, қолым ерiксiз қаламға жүгiрдi. Себебi, менiң ғылыми жұмысымның өзегi-кәсiпкерлiк, әрi бұл тақырыпқа сирек те болса қалам тартып қоямын. Әрi қазiр зияткерлiк кәсiппен айналысып жүрмiн – жуырда Қазақ тiлi порталын жасауға ат салыстым. Сондықтан әңгiме арнасын өзiме бұруға тура келiп тұр.

Бұлай iстеуiмнiң де себебi бар. Бүгiнгi миллиардер-миллионер байларымыз қызмет бабын, сондай-ақ ағайын жекжаттықты пайдаланып, жекешелендiру кезiнде ел байлығын талан-таражға салу арқылы қоң жинағандар ғой. Әйтпесе соншама дәулет бас-аяғы оншақты жылда құралмайды. Ал, Құрманғали сияқты дүние-мүлкiн алғашқы кiрпiшiнен бастап өз қолымен қалаған қазақ кәсiпкерi саусақпен санарлық екенiн бiлемiз. Сәл-пәл жауапты  жұмысқа қолы жеткен қазекең бiрден қарпып қалуға тырысады, дүние екi айналып келмейтiнiн түсiнiп, қазынаға қол салады, кiсi ақысын жейдi. Ал, тағы да саусақпен санарлық «жемейтiн» жандарды ақымақ, босбелбеу» деп есептейдi.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған