Құрметтi Құрманғали Ашанұлы!

212 рет оқылды

Алматы қаласы,

Шолом-Алейхем көшесi,

4 үй, 85-пәтер

Қ.Ашанұлына

 

Құрметтi Құрманғали Ашанұлы!

 

Жiберген хатыңызбен және мақалаларыңызбен зейiн қоя таныстым. Кейбiр мақалаларыңызды бұрын да оқып, iштей риза пiкiрде жүрушi едiм. Хатыңызда осыларды кiтап етiп шығару жөнiндегi өз ойларыңызды ортаға салып, менiң пiкiрiмдi сұраған екенсiз. Көрсеткен  сенiмiңiз бен Елбасымыз туралы жазбаларыма байланысты айтқан жылы пiкiрiңiз үшiн көп рахмет!

Сiздiң шағын кәсiпкерлiк жайлы мақалаларыңыз  маған ұнайды. Өйткенi, Сiз кәсiпкерлiкпен тiкелей айналысып жүрген маман ретiнде осы мәселенiң қыр-сырын дұрыс ашып  көрсетесiз. Ойларыңызды сандық көрсеткiштермен тұжырымдап, жеке басыңыздан өткен нақты мысалдармен әдемi әдiптеп отырасыз. Айтарыңызды қарапайым тiлмен мөлдiретiп, қысқа әрi жүйелi жеткiзетiн қасиетiңiз де бөлiп айтуға лайықты сүйiнiштi жайт. Ең бастысы: мақалалардың өн бойынан елiмiздегi кәсiпкерлiктiң ахуалына шын жаны ашитын елжанды, ұлтжанды, iскер азаматтың жүрек соғысы айқын аңғарылып тұрады.

Әсiресе «Бизнес әлiппесiндегi» ақыл-кеңестерiңiздiң кәсiпкерлiкпен айналысқысы келетiн азаматтарымыз үшiн айтары аз емес дер едiм. Бiзде жанымызға жақын мысалдарға негiзделiп, ана тiлiмiзде жазылған мұндай тартымды еңбектердiң тапшы екенi рас. Сондықтан жеке кiтапша етiп шығарылса,  ол өз оқырманын табуы тиiс деген ойдамын. Мүмкiн, алғашында  шағын таралыммен шығарып, оқырманның ықылас-ниетiн байқау да артықтық етпес. Сұраныс табылып жатса, бүгiнде оны көптен шығару қиын емес болар.

Ал өзге мақалаларыңыз бен сұхбаттарыңызда негiзiнен сол кезеңнiң мәселелерi көтерiлiп, деректерi келтiрiлгендей әсер қалдырады. Қайсыбiр  мысалдар мен деректердiң қайталанып қолданылуы да ұшырасады. Демек, оларды кiтапта сұрыптауға келгенде өзiңiз тағы бiр ойланып көргенiңiз жөн шығар.

Ал Елбасымыздың алғысөзi мәселесiне келсек, Нұрсұлтан Әбiшұлының уақыты тым тапшы екендiгiн ескере отырып, оны бұл мәселеге тартудың   қаншалықты орынды болатындығына күмәнмен қарайтындығымды  жасырмаймын. Менiңше, бұл кiтап жақсы андатпа арқылы да оқырман жүрегiне жол таба алатын сияқты. Оның үстiне, шынын айтқанда, келiсiмiн алу үшiн Елбасымызға газет мақалаларының кiшiрейтiлген көшiрмесiн  ұсынғанымыз да аса әдептiлiкке жата қоймас едi.

Хатыңызбен және мақалаларыңызбен танысқаннан кейiн басыма алған  келген ойлар осы болды. Азын-аулақ жеке пiкiрiмдi дұрыс қабылдарсыз деп үмiттенемiн.

Сау-сәлемет болыңыз. Отбасыңызға амандық, кәсiпкерлiк қиын қызметiңiзге, қатар алып жүрген шығармашылық iзденiстерiңiзге мол табыстар тiлеймiн.

Өзiңiзде сақталған жөн болар деген оймен мақалаларыңызды керi қайтарып отырмын.

 

Қосымша: екi папка газет мақалалары.

 

Президент кеңесiнiң бастығы                                   М.Қасымбеков.

 

 

Түйiн.

1.Елге керек еңбек елге жетпесе, сөзiң өтпесе

– Бетеге кетiп бел қалады.

Бектер кетiп ел қалады деген халық сөзi аузыңа түседi екен.

 

  1. Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнiң құлы емес. Шалқайғанға шалқай – ол құдайдың ұлы емес деген даналық сөз әрқашанда маған жақын.

 

  1. Ескiден қалған сөзге үңiлсек ол да маған өте жақын көрiнедi.

– Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын.

– Мен ағын суды бөгемедiм.

– Мен таразыдан жеген жоқпын.

– Мен ешкiмнiң көз-жасына қалған жоқпын.

(Мысырдың Қыш марқұмдар кiтабынан алынған философиялық тұжырым).

 

  1. Кiтап жазып газет-журналға мақала шығарып Алашқа қызмет қылмасақ басқа жол бөгеулi.

Әлихан Бөкейханов.

 

 

Республикалық «Ана тiлi» газетiнiң штаттан тыс тiлшiсi,

белсендi авторымыз Құрманғали Ашанұлының материалдарын

«Тарлан-2004» тәуелсiз сыйлығының ұйымдастыру комитетiне

ұсыну жөнiнде

 

Құрманғали Ашанұлының есiмi, оның жорналистiк кәсiпкерлiк жөнiндегi көкейтестi мақалалары республика оқырмандарына кеңiнен таныс. Ол көптеген басылым беттерiнде жиi көрiнiп жүр. Құрманғали Ашанұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, әрi iскер кәсiпкер, мамандығы экономист. Оның жазған мақалаларының iшiнде, әсiресе, шағын бизнес пен кәсiпкерлiк проблемасы, жұмыссыздықты жою жөнiнде жазған мақалалары ерекше құнды. Ол өмiрдiң қайнаған ортасында жүрiп көзiмен көрiп, басынан кешкен жәйттердi, бүгiнгi нарық мәселелерi кәсiби қаламгерлерге қарағанда әлдеқайда терең қозғап жазуымен ерекшеленедi. Оның «Шағын кәсiп – елге нәсiп», «Шағын кәсiп нарық», «Шыншыл саудагер Алланың шейiттерiмен бiрдей», «Жұмыссыздық; Ай, мен қауiп еткеннен айтамын» («Қазақ әдебиетi»), «Қазақ ауылы және нарық», «Қазақ кәсiпкерi және нарық» («Түркiстан» газетi), т.б. мақалалары оқырмандар көңiлiнен шықты. Ол осы тақырыппен теледидар арналарында «Рахат», «Хабар», «Еларна», «НТК», 31-канал, «Қазақ радиосы» «Бай мен кедей» бағдарламасы бойынша үнемi шығады. Әсiресе, бiздiң «Ана тiлi» газетiнде «Бизнес әлiппесi» айдарының аясында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап осы күнге дейiн «Нарық нарға жүк емес» деген циклды мақалаларын көпшiлiк қауым iздеп жүрiп оқып жатыр. Жалпы, Қ.Ашанұлының осы және басқа да проблемалық материалдарын «Тарлан-2004» сыйлығына ұсынуға толық болады деген сенiмдемiз. Сондықтан «Ана тiлi» газетi және оның мыңдаған оқырмандары атынан Қ.Ашанұлының «Нарық нарға жүк емес» циклды материалдарын осы сыйлыққа ұсынып отырмыз.

 

«Ана тiлi» газетiнiң

Бас редакторы                                                     Мереке Құлкенов.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған