ҚЫРАН ҚАНАТЫНЫҢ СУСЫЛЫ

203 рет оқылды

Қуанбек БОҚАЕВ

ҚЫРАН ҚАНАТЫНЫҢ СУСЫЛЫ

Кәсiпкер әрi қаламгер Құрманғали Ашанұлы туралы бiр үзiк сыр

 

Алматы қаласында жұмыс iздеушiлер жиi ұшырасатын әйгiлi Сейфуллин даңғылы бойында Райымбек даңғылына тақау жерде «Лаула» деген дүкен тұр. Бұл дүкенде тұрғын үйлерге арналған, темiрден  жасалған пештердiң алуан түрi, сатылады. Осы дүкенге бас сұқсаңыз, қапсағай денелi, шоқпардай қара мұртының ұшы тiк шаншылған қараторы жiгiт ағасы  сiздi жылы шыраймен қарсы алады. Ол сiзге пеш керек пе, өзге де  шаруашылық заттары қажет пе,  әлде басқалай шаруамен келдiңiз бе? Мұны мұқият сұрастырып, қажетiңiздi тауып, әңгiмеге тартып, көңiлiңiздi түсiнiдiрiп, әңгiмеге тартып, көңiлiңiздi ерiксiз баурап әкетедi. Сiздiң үйiңiз қандай, оған қандай пеш қою ыңғайлы, егер қалтаңыз көтермесе, арзанырағын жасауға тапсырысты қалай бересiз? Осы секiлдi жәйттердi, тiптi сiз сұрастырмасаңыз да, тәптiштеп айтумен болады. Егер өзiңiзге қажет пештi таңдап, сатып алсаңыз, оны үйiңiзге жеткiзiп, орнатып, жұмыс  iстеуiн де мұқият қадағалап отыратын осы дүкеннiң иесi деуге болады. Тiптi, алда-жалда пешiңiз бұзылып қалса, не мүлде iстен шықса, оны ауыстырып немесе мұқияттап жөндетуге де ықтияр болғанын көрiп-бiлгендер бұл адамға риза алғысын айта жүрiп, бiрқатары жете таныс-бiлiс болып, араласып, достасып кетедi. Оған тауар әкелушiлер де, заттарып сатып алушылар да бұл адамды өзiмсiнiп, «Бiздiң Құрман» деп айтады. Шын мәнiнде бұл кiсiнiң аты-жөнi – Құрманғали Ашанұлы. Бұл кiсiмен мен де осы дүкенде танысып, дос-жаран болып кеттiм. Сонда, әрине, тек оның сауда жасағандағы өнегелi қызметi үшiн ғана емес, жалпы мынау өмiрге көзқарасы, ғылым-бiлiмнен хабары молдығы, саясатқа жүйрiктiгi, бизнеспен кәсiпкерлiк жөнiндегi терең  бiлiмдарлығы үшiн оған келген сайын қашанда тәнтi болумен кетемiн. Тiптi, көбiнесе мұнда сауда жасау үшiн емес, осы кiсiмен әңгiмелесiп, сырласып, көңiлiмдi сергiту үшiн де келудi дағдыға айналдырыппын. Қашан келсеңiз де, оның жұмыс столының үстiнде күнделiктi газеттер үйiлiп жатқанын  көремiн.  Күнделiктi саяси оқиғаларды да  жiтi зерделеп, әңгiме етiп, қуана қарсы алып, сырын дүкенiнiң бiр жағында шағын асхана-буфетi бар. Кейде сонда отырып, әңгiме соғамыз. Бiрде ол сауда жөнiнде әңгiмесiн бастап, оны дiнмен байланыстыра аяқтады. Бұл мәселеде де көзiм ашылып, көкiрегiм оянғандай әсер алдым. Жалпы, сауда жасау қазақ үшiн жағымсыз әдет деген ұғымды бiлдiредi ғой. Құрманғалидың  әңгiмесiне қарағанда, сауда жасаудың өзi де сауап екен ғой. Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өзi де саудагер болғанын, тiптi ол қырық жасқа толғанда, Алла оған аян берiп, сауда жасауды ұйғарғанын айта келiп, «шыншыл, сенiмдi саудагерлер, Алланың пайғамбарының досы, шейiттермен бiрдей» деген екен. Демек, сауда тек пайда табу үшiн ғана емес, халықтың мұқтажын өтеу үшiн жасалады. Құрманғали айтады: пайғамбарымыз саудагерге тауардың құнын арзанырақ етiп, есесiне айналымды тезiрек жасауды өсиет еткен екен. Тауар арзан болса, халық тез алады. Мұнан кедей-кепшiктер де, саудагерде пайда көредi екен. Бұл да  сауап. Ал пайғамбарымыз «қорқақ саудагердiң пайдасы кем болады» деп ескертiптi. Құрманғали, әрине, мұндай әңгiмесiн мысалмен дәлелдей сөйлейдi.

– Мен осы асхананы ашқанда көршiлес кәсiпкерлер маған менсiнбей  қарайтын. Олардың арасында қазақтар жоқ, бiрi  еврей, бiрi түрiк  дегендей  өзге ұлттар, олар  қазақ сауда жасай алмайды деп ойлайды. Көп ұзамай көршiлес еврей мен армян дүкеншiлерi маған өкпе айта бастады.  Сондағысы «менiң клиенттерiмнiң бәрiн тартып әкеттiң» дегенге саяды.

Шынында да Сейфуллин  даңғылының бойында жұмыс iздеген кедей-кепшiктер көп қой. Оларға тағамды арзанға сатудың өзi де сауап, ал менiң еврей, армян көршiлерiм тек пайда табуды көздеп, тауарын барынша қымбаттата түседi. Сөйтiп, пайда табамыз деп зиянға батады екен. Осында Құрманғалидың дүкенiнiң жанында темiр пеш сататын тағы бiр дүкен  тұр. Оның көлемi бiрнеше есе үлкен болғанымен, жұрттың денi осында келiп, сауда жасайды екен. Сондай-ақ мұнда тек пеш алушылар ғана емес, ақын-жазушылар, ғалымдар өзге де кәсiп иелерi жиi келетiнiн байқаймын. Өйткенi Құрманғалидың  бұл салада да оларды тартатын қадыр-қасиетi мол. Ол Қызылорда  облысының Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылында туып-өсiптi. Әкесi Ашан Қарымсақұлы колхоз бастығы болыпты. Әкесi Ашан мен шешесi Жәмиладан қарындасы Рәйлаш екеуi ғана екен. Рәйлаш қазiр Қызылордада балалы-шағалы. Тарихқа әуестену  әкесiнен дарыса керек. Жасынан өзiнiң Керейт руының шежiресiн жаттап өскен  ол кейiн осы рудың кәнiгi зерттеушiсiне айналған. Көптеген тарихи шығармаларын Керей руы мен  керейт руын шатастыру жиi ұшырасқандықтан, бұл жөнiнде ол көптеген ғылыми мақалалар жазуға мәжбүр болыпты. Бұл мақалалары газет-журналдарда жиi басылады. Сонымен бiрге ол қазақ тарихындағы  барысында «Мүсiрәлi абыз» атты ғылыми  еңбегi кiтап болып шығыпты. Бұл кiтапқа алғысөз жазған  әйгiлi ғалым, академик Манаш Қозыбаев Құрманғалидың бұл еңбегiнiң ғылыми тұрғыдан құндылығы жоғары болғанын сүйiне атап көрсеткен екен.

Ал Құрамнғалидың нақты мамандығы қаржы қызметкерi, 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бiтiрген соң облыстық, республикалық қаржы мекемелерiнде, республикамыздың Қаржы министрлiгiнде жауапты қызметтер атқарған. Кейiнiрек iрi базарлар ұйымдастыруға белсене ат салысқан. Елiмiз нарыққа өткеннен берi ол қазақтарға бизнес-кәсiпкерлiк сауда жолына түсуге насихат жүргiзiп, тiптi қажет болса көмектесiп, көп уақытын сарп етiптi. Оның көмегiмен бизнес пен кәсiпкерлiк жолға  түскендердiң ризашылығы шексiз. Құрманның зайыбы Сәуле Уахитова Нығметқызы өзiмен бiрге халық шаруашылығы институтын бiтiрген екен. Оның өзiне жеке дүкен ашып берiптi. Ал  Сәуле екеуiнiң Алма, Әсел, Әнел атты үш қызы өсiп келедi. Алма шет тiлдер институтының ағылшын бөлiмiнда оқыса, Әселi экономика колледжiнде, ал кенжесi Әнел мектепте оқып жүр. Балалары жөнiнде әңгiме айтқанда, ол ерекше мейiрленiп, шабыттанып кетедi. Балаларды қазақша оқыту, ұлттық дәстүрге бейiмдеу, дiндi құрметтеу жөнiнде әңгiмесi тұрғыдан өрбидi. Сөйтсе де Құрманның негiзгi кәсiби бизнес туралы айтары мол, әрi тың болғандықтан да осы  жөнiндегi айтқанын сүйiне тыңдаймын. Бұл тақырыпта ол республикалық газет-журналдарда жиi қалам тартады, радио, телеарналарға да белсене араласады. Бұл жөнiнен оны жұртшылық кәнiгi журналист деп бiлсе керек. Шынында да Құрманғали Ашанұлы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесi. Ал оның бизнес туралы жазғандары өзге журналистерден ерекше өмiршеңдiгiмен құнды деп бiлемiн. Сондықтан да оның бұл тақырыпты жазып  жариялаған қағидаларын, ақыл-кеңестерiн әркiм басшылыққа алса, тiрлiгi өрге басатыны сөзсiз. Бұл күндерi Құрманғали өзiнiң  әйгiлi отыз қағидасы негiзiнде кiтап жазуға әзiрлену үстiнде. Бұл әңгiмемiзге дәлел ретiнде Құрманғалидың отыз  қағидасын шығаруға «Қас-қағым» газетiне әкелiп тапсырдым.

 

«Қас-қағым»  газетi.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған