МҮСIРӘЛI АБЫЗ ТУРАЛЫ КIТАП

214 рет оқылды

Қасқырбек МӘМБЕТЖАНОВ.

«Кәсiпкердiң» меншiктi тiлшiсi

МҮСIРӘЛI АБЫЗ ТУРАЛЫ КIТАП

 

«Қаламгер» баспасынан үстiмiздегi жылы Мүсiрәлi абыз атты тарихи деректерге құралған кiтап жарық көрдi. Кiтаптың авторы – Мүсiрәлi бабаның ұрпағы, кәсiпкер-журналист Құрманғали Ашанов.

Құрманғали Ашанов Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы қаласында 278-шi қазақ орта мектебiн бiтiрдi. 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бiтiрген. Республикалық қаржы, сауда министрлiктерiнде түрлi қызметтер атқарған. Қазiр жеке  кәсiпкер.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi Қ.Ашанұлы үлкен азаматтық жұмыс жасап, ел арасында есiмi кеңiнен мәлiм, тарихи тұлға Мүсiрәлi (Сопы Әзiз) абыз жөнiндегi ауыз әдебиетi үлгiлерiмен құйма құлақ жандардың арқасында ел аузында  сақталып қалған көптеген тарихи деректер мен аңызға айналған әңгiмелердi зерделей зерттеп, осы тақырыптағы дүниелердiң басын бiрiктiрiп, ел есiнде  қалатын шағын кiтап етiп жарыққа шығарып отыр.  Қолда бар деректерге қарағанда Мүсiрәлi бабаның көп қасиеттерi тылсым сырымен барша жұртты өзiне баурап алып, кезiнде бүкiл үш жүздiң баласы пiр тұтқан тарихи тұлғаға айналғаны мәлiм.

Кiтапта келтiрiлген деректер мен дәлелдер тарихи  оқиғалармен негiзделiп, оған автордың өз ой-түсiнiгi, таным бiлiгi, болжамы мен көзқарасы тұрғысында баға берiлдi. Жалпы, Мүсiрәлi образына тоқталып, оның тарихтан алатын орнына, ерекше қасиетiнiң сырына тереңдей үңiлiп, аталмыш тұлғаға өзiнше пiкiрлерiн бiлдiргендер жетерлiк. Олардың арасында зиялы   қауымның өкiлдерi де бар. Әрiге зер салып, түбiне үңiлсек Мүсiрәлi бабаның сопылық ғылым жолында көп iзденiп, төтенше  қайраткерлiк әрекеттер жасап, iзгi iстермен есiмi жалпақ қазақ елiне жайылып кеткенiне шүбә келтiруге болмайды. Дей тұрғанмен ауыздан қақпақ мойынан құрық бұғауы алынбаған тоталитарлық-әкiмшiлiк тұсындағы идеология саясатына байланысты дiн жолына берiлгендердi қойып, Мүсiрәлi абыздай сопылық iлiмнiң өзiн зерттеу, ол жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастыру ғылыми талдау жасау, мүмкiн болмағаны жасырын емес.

Тарихи Мүсiрәлi абыз кiтабының алғы сөзiн Ғылым Академиясы жанындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының  директоры, тарих ғылымның докторы, академик Манаш Қозыбаев жазған.

Кiтап iшiнде Мүсiрәлi бабаның шығу тарихы мен қатар Алматы қаласындағы жаңадан пайдалануға берiлген бас мешiтке  Мүсiрәлi абыздың атын беру жөнiндегi түрлi мерзiмдiк баспасөздерде жарық көрген құнды ұсыныстар да орын тепкен. «Мәдениеттi қолдау жылы» болып белгiленген үсiтiмiздегi жылы қызылорда облысы, Қазалы ауданында Әйтеке би, Орта Азия елiне аты мәшһүр Мүсiрәлi абыздай бабалар мен қатар тәуелсiздiк жолында Асан көтерiлiсi құрбандарына арнап ескерткiш кесене орнатып, ас беру шаралары өткiзiлдi. Осы кiтап кәсiпкер-журналист Құрманғали Ашанов тарапынан аталмыш шараларға шашу ретiнде тартылды. Тарихи деректерге құралған кiтап оқырмандары тарихи тереңдерге сүңгiтiп, ұлт руханиятының құндылықтарымен таныстырады.

 

 

Еркiн ЖАППАСҰЛЫ.

«Қазақ әдебиетi» газетi

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған