ЖЕТIМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР

228 рет оқылды

ЖЕТIМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР

Бұл еңбегiмдi Нағымша жеңгеме арнаймын.

Автор.

 

Бүлдiршiн балалық шақты еске алып, қиялмен көзге елестету әрбiр ересек адамның ең  қымбат және қимас сәттерi. Бiрақ, алыста қалған балалық шаққа ойша қайтадан оралып, бақилыққа аттанған аруақтар еске түскенде үнсiз ғана мұңаямын. Естияр тартқанымша Кәлiш әжемнiң кимешегiне жармасып жүрiппiн. Жәмiш (Жәмила) туған анам ғой бейнесi мөлдiреген жас болып көрiнедi. Лауқыл Мақпұзға жазуы солай ма, бiздiң үйде бала тоқтамай, шетiней берсе керек.

  • Сенi туғанда Жәмiштi жаратқан сақтап қалды ғой, – деп әжемнiң маңдайымнан мүйiзгек-мұйiзгек алақанымен сипайтыны емiс-емiс есiмде. – Бәрi де бiр Алланың қолында, – деп және күрсiнетiн.

Ата-анаға баланы сүндеттету бiр парыз, мектепке барасың деп қуана жүрiп, боқташыққа кiтап-дәптер жинастыратындары және есiмде. Анамның аяғы ауыр едi. Арқа тұтатын Кәлiш әжем кенеттен қайтыс болғанда жер бауырлап, ұзақ өксiп-өксiп жылаппын. Көп үзамай жарық дүниеге жас сәби – қарындасымды әкелген анам қызыл шақасына уыз сүтiн татыра алмай көз жұмды. Өкпеге қиса да, өлiмге қимайтын ауылдастар абдырады дейдi, нәрестенi кiмге емiзерiн, қайтып емiзерiн бiлмей дағдарып. Ажал құшқан адамды арулап жерлеу және керек. Сонда жиналған жұрт арасынан Нағымша жеңгем суырылып шығып, сөйлеген көрiнедi.

  • Менiң 10 балам бар, осыдан бiр ай бұрын босанғанымда бiразың тойлағасыңдар. Қарлығашым әлi қырқынан шығып, қарын шашы алынып үлгерген жоқ. Уыз сүтiм таусылмаса осы қызды маған бала қылып берiңдер. Ендiгi анасы мен болайын, атын Райлаш қоямын да, өз балаларымнан кем қылмай өсiрейiн. Жетiмдiк танытсам маған серт! – дептi көзiнен моншақ-моншақ жас ағып.

Майданға (алаң) жиналған қалың  қауым iшегiн тартып, алқалы жиында ақсақалдардың ақ батасын алған Нағымша тәтей уiлдеген қос сәби – Қарлығаш пен Райлашты құшақтап, мен үшiн алыс Жалағашқа аттанған көрiнедi.

Туған анасының аялы алақанын көре алмаған қарындасым Райлаш та бойжеттi, үйлi-баранды, өзi де бала сүйiп отыр.

Нағымша жеңгемнiң сол әрекетiн ананың, әсiресе қарапайым да қайсар, мейiрбан қазақ аналарының ғана қолынан келер ерлiкке балаймын өз басым. Иә, уақыт та, қоғам  да қатты өзгердi қазiр. Уақытша қиындықтарға шыдамай, бауыр етi баласын жетiмдер үйiне тастап кететiн қоян сияқты қатыгез жастар күннен-күнге көбейiп барады. Тастанды сәбилердiң көбеюi (көзi өзiмiздiң қаракөздер) жалпы ұлт болып дабыл қағатын, қарсы күресетiн трагедия. Отанымыз түбi ол балаларды өзекке теппес-ау, бiрақ, сол сұмдық аз болғандай, ендi ес кiрмеген балаларды ебiн тауып шет елдерге, алыс мұхиттардың ар жағына әкетiп жатқандары да мәлiм болып  отыр. Сөйтiп, қазақтың –қаракөз Жақсыбектерi мен Ақжолтайлары туған тiлiн, елiн, бәр-бәрiн ұмытып, Джон немесе Адам болып шыға бастады дейдi. Ұлт ретiнде бұдан асқан қорлық болмас.

Көшелер мен кең даңғылдарда алақан жайып, қайыр сұраған бейшара балаларды көргенде, жебегiм келiп тұрады. Қолымда барымды беремiн. Аноу жылдарда қалған жетiмек күндерiм  көзге елестейдi, қара жердiң қойнында жатқан анамды сағынамын. Шет елге әкетiлген сәбилердiң ендiгi күнi не болады деп те ойланамын. Түрiк халқы өткен ғасырларда  осындай жетiмектердi өздерi ғана тәрбиелеп, мемлекет бағып-қағып, кезiнде әлемдегi ең таудаулы, отанына шын берiлген янычарлар жасағын құрғаны тарихи шындық. Қазақстан да осы тарапта iс жүргiзсе құба-құп қой деп қиялданамын. Қалай десек те, жетiмдi көрсе жебей жүретiн ұлтымыздың асыл да ардақты қасиетi едi ғой.

Құрманғали АШАНҰЛЫ,

                                         кәсiпкер, «Түркiстан», №29, 21.07. 2004 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған