АҢЫЗ АДАМ -Мүсірәлі ЖӘДІКҰЛЫ

2K рет оқылды

АҢЫЗ АДАМ –Мүсірәлі ЖӘДІКҰЛЫ, Қазақтың тұңғыш пірі, сопы

Кереит Мүсірәлі (Сопы Әзіз) 1639 жылы Бұхар хандығына қарайтын Тамдыбұлақ аймағындағы Керізбұлақ ауылында дүниеге келген. Әйтекенің әз досы, қазақтың тұңғыш пірі, аузы дуалы абыз, дін көсемі.

«…Бұл кез келгеннің емес, айрықша қасиетке ие болып жаралған аруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды… Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет – саяси үстемдік пен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы «киелі үйге» жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында аруақ салыстырып, Керейт Сұпы әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес. Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үшҚұрманғали АШАНҰЛЫҚұрманғали АШАНҰЛЫ ұлыстың үш пірінің жұрт алдында аруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, аруақ туралы ғылым – агиалогия «таңғажайып сайыс» – деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс». («Үш Пайғамбар» Ә.Кекілбаев, 1992 жыл).

Көшпенді дала заңының баптарын қасиетті Құран-Кәрімнің уағызымен молықтырып, мұсылмандық үрдіске жақындата түскен. Оның толықтыру мен молықтырулары төмендегіше сипатталады:

1.Алла алдында барлық пенделер тең әрі тең құқылы. Ислам дінін таныған, мойындаған, өз ықтиярымен мұсылмандық жолды ұстанған әрбір адам қасиетті Құран-Кәрімнің қағидаларын бұлжытпай орындауға міндетті.

2.Тіл – әрбір адамның тіршіліктегі түсінісу, ұғынысу және бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Әр халықтың өз ана тілі бар. Оны білу, қадірлеу жан тазалығын білдіреді. Өз ұлтының тілін жетік біліп, қастерлеу – жас ұрпақтың ел алдындағы перзентік парызы.

3.Өмір – Алланың адамға берген сыйы мен бақыты. Өсімдік, жан-жануар, тау, тас, теңіз, су, ну орман, олардың аясында жасындай мәпелеген Жер – Жаратушының адамға тарту сыйы, ырыс-несібесі. Әрбір адам Алланың берген осы сый-сияпатымен үйлесім тауып, тепе-теңдікті сақтап, сол Тәңірдің бергенін қастерлеуге міндетті.

4.Туыстық жеті атадан аспай құда-жекжат болып, қыз алып, қыз беруге тиым салынды.

5.Әр адамның қаны таза, жүрегі мейірімді, ұлтжанды, парасатты болып өсу үшін аралас некеге тиым салынды.

6.Ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, сал дауы, басқа да тұрмыстық кикілжіңдер «Жеті жарғы» қағидалары аясында шешіледі. Батырлардың, күш иелері мен билік иелерінің әлсіз жандарды басынуына, оларды жәбірлеп, қан төгуіне тиым салынды.

7.Ел бірлігін сақтау, дінге беріктік, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ұлт азаматының парызы.

Міне, Мүсірәлі «Жеті жарғының» ел арасына тезірек сіңісіп, қолданыс аясын кеңейте түсуіне лайық осындай сипаттамалар енгізді. Оның ұсынған бұл қағидалары күні бүгінге дейін халық санасында сақталып, ата дәстүрімізден биік орын алған. Елі мен жерінің тұтастығын сақтауды басты мұрат тұтқан асыл азаматты халқы да шексіз сүйіп, оған «Қожа» деген лақап ат берген.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, жазушы, «Қазақстан қажылары діни бірлестігінің» төрағасы

ӘЙТЕКЕ БИДІҢ ӘЗ ДОСЫ БОЛҒАН, МҮСІРӘЛІ  СОПЫ ӘЖІ ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ПІРІ  

Ағай, сіз Мүсірәлі пір жайлы біраз мақалалар жазыпсыз. Қазір сол ойларыңызды қорытып ол кісі туралы өз пікіріңізді айтып берсеңіз…

– Бисмиллаһир Ирахмани Рахим. Әз бабамыз бала кезінде діни мектепте бірге оқыған досы Әйтеке бимен ғана емес қазақтың үш жүзінің белгілі билерімен аралас-құралас қатар ғұмыр кешкен. Қазақ тарихында өзіндік орны бар еліміз үшін әсте ұмытуға болмайтын ұлық жан. Мүсірәлі тұтас қазақтың Ары мен Намысы болған кісі. Әйтеке би өмірден озғанда: «…Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туғандарымды алғанда қойным толады дедің бе! Бетімдегі беделімді алғаның – Алатауымды алсартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенішімді алғаның – иісі қазақтың атакүлдігі – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Алты Алаштың аты асып һама Әсияға аты мәшһүр аталымды алғаның қайткенің! Ниеті құлап бет сипаса, талай жанның бағын жандырған баталымды алғаның неткенің! Жұлдызы биік жаралған жан едің ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған біз ендігі жалғанда тірі жетім емеспіз бе! Кімге қалдырдың бізді! Әр сөзіңді Жаратақанның аманатындай көруші еді-ау мына жұртың! Мінезің ірі еді-ау! Қылығың сара еді-ау! Құлығың таза еді-ау! Ойың өткір, сөзің желден жүйрік еді-ау! Кім-кімге де құлбілтесіз айтатын сөзің мірдің оғындай еді-ау! Басып өткен ізіңде пейіш қалушы еді-ау! Өзгелерден асып туған, қазағына, еліне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегім-ай, сен өлді дегенге қайтіп сенейін!?…» – деп жоқтаған жан. Солай бола тұра, аузы дуалы абыз, дін көсемі, қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлі сопы Жәдікұлы осы күнге дейін ел назарынан тыс атаусыз қалып келе жатыр.

««Жеті Жарғыны» жазуда

Іс тындырдым бірталай.

Айтқанымды құп алды,

Деген жоқ ешкім бұл қалай?…» немесе

«Мұқияттап хаттадым

Әз Тәукеге қызмет қып.

Жаздым «Жеті жарғыны»

Салыстырып талдадым.

Бергі менен арғыны»  деп жырлайтын батыр Қожаберген жыраулардың  қатысқандығы туралы деректер болғанымен, солардың басын біріктіріп, дала дәстүрін Исламдық қағидаларға бейімдеген осы Мүсірәлі бабамыз. Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсіресе осы әз Тәуке ханның тұсында, елдің діни сенімін нығайту үшін дін қайраткерлері немесе пір институты жұмыс жасаған. Институт ел басқару Жарғысын имани тұрғыда дайындаған. Далалық заңның бірінші жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін»  деп көрсеткен. Міне, осыдан-ақ пір әзіреттің қандайлық дәрежеге иелік еткенін білуге болады. Мүсірәлі әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды ғана емес сол кездегі қазақтың бар зиялыларын тәнті етіп 40 жасында қазақтың тұңғыщ пірі болып сайланды. Және ілімдарлығы арқылы «Жеті жарғысының» негізгі авторы болды. «Қазақстан Ұлттық Энцклопедиясы» 1 томының 644 – бетінде Мүсірәлі сопы әжі туралы: «Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәуке ханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні Б.А.) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ киізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады» деп таныстырған. Бұл дерек өткен ғасырдың 30 – жылдары «Әдебиет майданы» журналынан алыныпты. Абыз қарттың пір болып сайланғандығы туралы дерек XIX ғасырдың түрколог – ғалымдары Ә.Диваев пен В.В.Радловтың еңбектерінде де кездеседі.

( Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы, профессор – автор)

 

Ол кезде не себепті пір сайлауы қажет болды?

– Пір сайлауының не себептен қажетті болғандығын айтпастан бұрын алдымен екі нәрсеге байланысты өзімнің жеке пікірімді білдірейін. Бірінші қазақтың рулық мәселесіне байланысты. Жеке пікірім деп айтпасам, кейбір тайяз ойлы азаматтардың ашу – ызасы мен пәтуасыз дауын тудыруы мүмкін… Менің пікірім – арғы тарихы тайпалық қауымдастықтан бастау алатын қазақ еліндегі рулық жүйе өз ішінен өсіп – жетіліп отыратын жанды құрылым. Оның негізгі діңгегі – кемі жеті атаға дейін туыстық, бауырлық жақындықты, қанмен сіңген тектілікті сақтау. Қазақта осы дәстүрді сақтамаған қауымдастық еш уақытта жүзге кіргізілмеген, рулық қауымға алынбаған. Бүгінгі таңда осынша ұлан ғайыр жерге иелік етіп отырған еліміздегі қожа, сунақ, төрелердің жүзге, не руға қосылмауы осы дәстүрдің қатаң сақталуынан. Олар аталық есебінде ғана аталады. Бұл аталықтарда қазақтағы жеті атаға дейін сақталуға тиісті қыз алыспау туыстық – бауырлық қатынас сақталмаған. Емшектес болмаса болды, қыз алысып қыз беріседі. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Осы қатынасымен қазақ руларында қалыптасқан дәстүр салт та сақтала бермейді. Жалпы, бұл қазақы салт-дәстүр әлемдегі басқа ешбір ұлтта сақталмаған және күні бүгінге дейін сақталып келген. Бұл салт-дәстүрді осы ел тарихында билік құрған ешбір хандық пен патшалық та өз жарлығымен өзгерте алмаған. Және оған талпынған жағдайда талаптары толық жүзеге аспаған… Екінші мәселе «қожа, аталық» сөзіне байланысты. Қожа сөзі аталық атауға қазақ тарихына Ислам дінінің келуімен енген сөз. Олай дейтініміз, Құл Қажы Ахмет өзіне ұстаз тұтқан Арыстанбаб болсын, Мәшһүр Йісүп жазған Укаша мен Ерқоян, Құттықожа сахабалар болсын барлығы да бізге Ислам дінін жеткізген араб халқының өкілдері болатын. Олар өз уақытында дінге қожалық еткені рас. Бірақ пайғамбар нұрымен нұрланған сахабалар өздерінің араб екенін жасырып, руымыз қожа деген жоқ. Өздерін дін таратушы ретінде таныта білді. Оларда ерекше әулиелік қасиеттер болды. Екіншіден, біздің жерімізде алғаш Ислам мемлекетін құрған, бүгінде жер бетінен жойылып кеткен Қарлұқтардың қалған ұрпақтары да кейін өздерін дін қожалары деп санап қожа атанды. Үшіншіден, 766 жылы Хорасаннан шегінген Исхақ ат Түрік бастаған оппозициялық күштер мен исламның қасанийа-мүбаийдиана бағытын қабылдаған түрік билеушілері ұрпақтары да өздерін қожа деп атады. Төртіншіден, тұтас түрік жеріне Ислам діні парсы елі арқылы дендеп енді ғой, солардан келген дін миссионерлері де өздерін қожа деп таныстырды. Бесіншіден, соңғы 200 – 300 жылда дінді бетперде етіп келген біраз кірме ағайындар да өздерін қожа етіп сіңістірді. Ел Исламға сауатсыз кезде осылай дінге қожалық етушілердің болғаны дұрыс та болған шығар… Бірақ осындай кірме жолмен сіңісіп кеткендердің көптігінен кімнің қара екенін руына қарап ажыратқанмен, кімнің қожа аталық екенін ажырату қиындап кетті. Осы аралықта өздері де діни сауатын ашқан қазақтар да дін – Ислам жалғыз араб халқы үшін емес, жалпы әлем халқына екенін түсінді. Қазір біздегі қожалар тұрмақ Жаратушының Кәләмі Құран түскен араб елінде де ешбір араб Құранды өздеріне ғана тән кітап, «оған біз ғана қожамыз» деп айта алмайды. Енді осы екі тұжырымды әңгімеме негіз ете отырып өзің қойған сауалға толымды болмаса да тұшымды жауап беруге тырысайын. Қазақ даласында өткен осы пір сайлауы алдындағы 28 жылдың тарихын бүгінге дейін ешбір тарихшы бүге шігесін таратып айтқан емес. Бірақ сол кездегі қимылдардан байқалғаны қазақ жерінде төре мен қожалардың тірлігіне ел теріс қарай бастаған болатын. Төрелер арасынан хандыққа таласатын адамдардың саны шексіз көбейіп, төре ұрпақтары ел басын біріктіру орынына бақталастықпен өзара топтасып бірімен-бірі қырқысып кетті. Олардың соңына ерген қаншама қазақтар тектен – текке набыт болды.

Елдегі діннің жайы бұдан да сорақы жайтты бастан кешті, сенім артқан қожалар дін тазалығын сақтаудан қалды. Жалпы дін – құдайдың жолы ғой. Бұл жол өзінің әділдігі мен имандылығы, сенім қуаты арқылы ерді де, елді де ерте білетін жол. Ұлы күш. Ол ешуақытта алауыздық пен берекесіздікті көтермейді. Бұл пікіріміздің нақтылы көрінісі жерімізде тіршілік еткен арысы Хазар, берісі кешегі алып Алтын Орда мемлекетін гүлдендірген де, соңында сенім шәлкестігінен күйреткен де осы – дін. Ең соңғы өзбек пен қазақтың екіге бөлінуіне ден қоялықшы. Тарихи шындық – Исламды мемлекеттік дін деп жариялаған Өзбек хандығы алғашында барынша өркендегенмен соңында  билік идеологиясын нақышпандия тарихаты өкілдеріне беріп қойып, іштей күйреді. Нақышпандия тарихатын ендіру деген сөз – қазақ руларына өз дәстүрін қалдыртып, парсылық дәстүрді қабылдатуға мәжібүрлеу болатын. Сол кездегі өз дәстүр салтына берік ру басылары бұған келісе қоймады. Аяғы қазақ пен өзбек екіге қақ жарылып бөлініп шыға келді. Қазақтың; «өзбек өз ағам» деп емеуренетіні осыдан қалған тәмсіл. Дегенмен, осы бөлініс кезінде көптеген қазақ рулары басқа ұлттарға сіңісіп кеткенін тарих жоққа шығармайды. Бұл ел үшін үлкен қасірет болды. Сол кезде;

Төрелерге сенім жоқ, ел ермесін,

Қазағым хан тұқымын дос көрмесін.

Хан, сұлтан, төре, қожа өңкей құзғын,

Оларға енді тізгін жұрт бермесін. – Төреден де, қожадан да алшақтайық деген Қожаберген сияқты от ауыз орақ тілді батыр жыраулардың жырлары қазақ даласына желдей есті. Сөйтіп 1680 жылы хан сайлауымен қатар пір сайлауы белгіленеді. Ондағы мақсат ең алдымен ел дінін қайта сауықтыру болатын. Оның төте жолы бір сөзбен айтқанда ашық пір сайлауын өткізу еді. Дін жетекшісі бойында құдай берген ерекше қасиеті бар, әділдікті тура биден де мықты ұстайтын иманы мол Ислам жолынан ауытқымайтын жан болуы тиіс болды. Әлімсақтан қалыптасқан дәстүр – сайланған пірдің ханнан мынадай артықшылығы бар, хан сайланып қойылады, бірақ істеген тірлігі қара халқына жақпаса, келесі сайлауға жетбей хандығынан қағылады. Пір болып сайланған жанды өмірінің соңына дейін ешкім алмастыра алмайды. Хан – халықты, пір – дінді бақарады. Хан – діннің қызметіне араласпайды, пір – имани жолдан адасқан ханға діни төрелігін қаймықпай ашық айтуға құқылы. Сондықтан пірден жаңылыспау үшін қазақ ру басылары, әсіресе Әйтеке би, пір сайлауына ерекше мән берді. Осы жерде Әйтеке би жайлы мынадай жайтты еске сала кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын.

Біздің тарихшыларымыз Кіші жүздің биі Әйтекені 1644 жылы туылып 1700 жылы өмірден озды, сүйегі Нұратадағы Сейтқұл бабасының қасына жерленген деп жаңсақ жазып жүр. Қазақ энцеклопедиясына осылай еніп кеткен соң сендер де «Аңыз адамның» 2011 жылғы №24 Әйтеке биге арналған санында осы деректі келтіріпсіңдер. Жалпы, Әйтеке туралы мен біраз жазушылардың шығармаларын оқыдым. Бәрі де, өздерінше терең ізденістерге бармай, осы деректі құптап мақұл көруден аспапты. Тағы бір қызығы, жазушылардың бәрі де өз шығармаларында Мүсірәліні діни оқуда  оқып жүрген жас бала, Әйтекені ел ағасы дәрежесінде көрсетеді. Бұл шындыққа жанаспайтын дерек. Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында (13 томдығының 6 – томында Б.А.) мындай бір дерек бар. «1722 (ескіше 1721ж) жылы әули әз Әйтеке би сырқаттанып жатып қалды дегенді естіген Айдаболдан Төлебай, Орманшыдан Қарабай, Күліктен Шобалай және жиені Қаржас Мырзағұл төртеуі батасын алуға барып сырқатты күзетіседі. Қайтарларында қазақы дәстүрмен би төртеуіне ризалығын білдіріп өз қолымен қасиетті төрт дүниесін таратып береді. Сондағы Шобалайға берген сәлдесінің қасиетімен Мәшһүр Жүсіпке әулиелік әрі молдалық қасиет қонғаны айтылады. Бұл енді нақты дерек. Ал екінші деректе Кереит Мүсірәлі (Сопы Әжі Б.А.) 1639 жылы Бұхар хандығына қарайтын Тамдыбұлақ аймағындағы Керізбұлақ ауылында дүниеге келген. Бұл дерек бойынша Мүсірәлі Әйтекеге аға болып шығады ғой. Демек Әйтекенің туылған жылы да қисынға келмейді. Енді тақырыпқа оралсам… Әйтеке өмірден өткен жылы көп ұзамай Мүсірәлі де өмірден озған. Пір сайлауы ашық сынақ жағдайында өтті. Бұл сынға қатысуға өздерін қожа атап жүрген ағайындар мен қазақ руларынан шыққан діндарларға да рұқсат берілді. Осылайша қалың елдің көз алдында әділ сайлаудың жарқын көрінісі пірлер сайысы өтті. Аталынған дін дүлдүлдері сайыс – сайлауына Әйтеке би кіші жүздің керейт руынан шыққан, бала кезінде діни оқу орынында өзімен бірге оқыған Мүсірәліні қатыстырады. Сайыста Мүсірәлі абыз жеңіске жетіп, қазақ елінің заңды пірі болып сайланды. Сайлау қорытындысында Әз Тәуке «Пірді мен тағайындағаным жоқ, өздерің сайладыңдар және әділдікпен сайладыңдар. Менің хан ретінде ашық жариялайтын қорытынды пікірім ендігі жерде қазақтың дініне бүгінге дейін егелік етіп келген қожалар аталығы емес, қара қазақ керейт руынан шыққан Мүсірәлі сопы-әжі тобы қожалық етеді деп хабарлады. Сол кезде Мәртөбенің үстін «Алаһу акпар, Аллаһу акпар! Дінге – қожа – керейт! Аллаһу акпар, Аллаһу акпар! Енді дінге Керейт қожалық етеді! Керейт қожалық етеді! Керейт қожа!» – деген көпшіліктің жарқын дауысы басып кеткен болатын. Осылайша Мүсірәлі әжі осы сайлаудан соң қазақ дініне 40 жыл қожалық жасады. Біздің қазіргі премьер – министр және бас мүфти қызметін қоса атқарды. Хан діннің ісіне араласпаған, ал дін ханның кемшілігі болса дер кезінде батыл ескертіп отырған. Өйткені Алла жолындағылар тура айтатындар. Пірлік – дін жетекшілігімен бірге абыз әулиелік деген. Ал әулие дегеніміз түркі тілінде «Алланың жолында жүрген, Аллаға бір табан жақын» – деген мағынаны береді. Олар аян алады, болашақты болжайды, бүгінгі болып жатқан жайтты көре алатын ерекше қасиетке ие жандар.

– Ұрпақтары жайлы қандай деректер бар? Ұлы Сауранбай Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген екен. Бұл кесенеге ұлылар мен тұлғалар ғана қойылады ғой. Соған қарағанда ол кісінің ұрпақтары да жәй адам болмаған секілді.

Бізге ұрпақтары арқылы жеткен дерек бойынша әкесі Жәдік, анасы Ақшолпан. Мүсірәлі сопы әжінің үлкен бәйбішесінен Сүгірәлі, Мұхаммет-Дербісәлі әулиелер, ортаншы әйелінен Сауранбай, Дос әулиелер, кенже қалмақ тоқалынан Қосым сопы тарайды. Рас бір ұлы Сауранбай Құл Қажы Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Ал бұл пантионға алты алашта кез-келген адам жерленбеген. Таяуда қолыма «Жетіру Керейт шежіресі» тиді. Шежіреде Мүсірәлінің Сауранбай және Дос атты ұлдары болғандығы туралы айтылады. Дос әулие баласынан Иманқұл, Аманқұл, Еспенбет, Сауранбай әулие баласынан Исмайыл, одан Машан, одан Көркембай, Беркімбай, Еркімбай, Ырысбай және Дұрысбай тарайтындығын айтады. 2006 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» мақалада ол кісінің тікелей ұрпағы Дәуітқожа айтты деген ауызекі деректерге сүйеніп Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердісүгір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлі бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуітқожаға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Бабамыздың үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Соңғы тоқалы Қосымнан туған балалары негізінен Қызылорданың арғы жағы Қазалы мен Қармақшының маңына шоғырланған. Осы орайда

«…Керейттен қожа шықты Қосым атты,

Кісі екен әруағы мол, кәрі қатты.

Қарадан қалай қожа шығады деп

Есіткен елдің бәрі таңырқапты.

Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,

Көрсеткен көп ішінде кәраматты

Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде

Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.

Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,

Пір болып Қаракесектен дәмін татты.

Керейттен шыққан пірдің күманы жоқ

Нандырған нәмі қазақ уалиятты»- деген Сыр ақыны Шоңбайдың Мүсірәлі жайлы жыры есіме түсіп отырғаны…  

АЛМАТЫДАҒЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТКЕ ОСЫ КІСІНІҢ АТЫ ЛАЙЫҚ

Не себепті ол кісі назардан тыс қалып жатыр?

– Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамында бүгінге дейін дінді дін маманы есебінде түсінетін дін жанашыры болған жоқ. Дін кадрларының өресі шолақ, білімдері төмен. Қазақ тарихындағы жалғыз сайланған пір осы Мүсірәлі. Пір деген діннің ғұламасы деген сөз ғой… Діни басқармада осы әңгімені ұғынатын адам болса бұлай таусылып әңгіме айтпаймыз ғой. Қазіргі  дерт – бізде діни терең сауатты, дін қайраткерлері мен зиялылардың жоқтығы. 5-6 сүрені жаттап алған имамдар өздерін молдамыз дейді. Олар молда емес. Молда – мол білімнің иесі деген сөз. Қазіргі молдалардың көпшілігі әншейін жұртты алдап жаназамен қарынын тойдырып жүргендер. Егер діннің жанашырлары, ғұламалары болса біздің дініміз осы Мүсірәліден  бастау алатынын осы күнге дейін біреуі білер еді ғой. Білсе соған сай жанашырлық жасар еді… Сосын не үміт, не қайыр… Пір ұрпақтарының діни басқармасыз соңғы жылдары өздерінше тіршілік жасап жатқандықтары да содан. Әйтпесе Алматыдағы Орталық мешітке пірдің аты өзі-ақ сұранып тұрған жоқ па? Осындай немкеттілік салдарынан тарихшыларымыз да пір Мүсірәліге әлі күнге дейін назар аударып оның қазақ тарихындағы орнын көрсеткен жоқ. Пір туралы бұрынғы шыққан энцеклопедиялардың бәрінде бар. Қазір дін секілді шын тарихтың жазылуы да дімкәс болып отыр…

Ол кісінің атында мешіт бар ма?

Қызылорда облысы Қазалы ауданында өз ұрпақтары шама шарқымен кесене салған көрінеді. Ал үлкен мешіт әлі күнге жоқ. Мен 2000 жылы  «Қазақ елі» газетінде «Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе…» деген тақырыппен мақала жариялап бастама көтергенмін. Сол жылы осы мақалаға орай «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және «Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде «Жақсының өзі өлсе де аты өлмейді», «Алғашқы дінбасы», «Пір тұтып, қол тапсырған талай адам…», «Сыннан сүрінбей өткен шәкірт», «Киелі пір иесі», «Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі», «Пір болғанды қор қылмайық», «Жеті өлікке жан бітірген», «Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе…», «Орынды ұсыныс орындалса…» атты бірсыпыра қуаттау мақалалары жарық көрген болатын. Тіпті, осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат пен бүгінде марқұм болып кеткен тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың «Пірге құрмет – елге құрмет» деген тақырыптағы алғы сөзімен «Мүсірәлі абыз» атты «Қаламгер» баспасынан 2000 жылы кітапша шығарған болатын. Бірақ «Ақымаққа намаз үйретсең – жайнамазға басын жарадының» кері келіп, Республика мұсылмандары діни басқармасы осы күнге дейін қалың бұқара қуаттаған бұл мәселені назардан тыс қалдырумен келеді. Неге? Тауып берген осындай тарихи алтын қазынаны одан әрі зерттеп, айтылған ұсынысты өз қажеттерін  пайдалана білсе, діни басқарма тағынан тайып қалар ма еді. Жақсы бастаманы қолдай салса қолдарын кім қағыпты? Негізі әлі де болса  Алматы мен Астанада салынып жатқан ең үлкен мешіттердің біріне Мүсірәлінің аты берілу керек. Түбі солай болатынына менің сенімім кәміл.

– Қазір мазары қайда орналасқан?

– Бұрын қасиетті адамдар, хандар, билер Түркістандағы Қажы Ахмет Ясауи пантионына қойылған ғой. Мүсірәлінің де сол жерде жатуға толық құқығы бар болатын. Бірақ ол кісінің тіршілігіндегі пірі Баба Түкті Шашты Әзиз болған ғой. Соған орай Әз Тәуке хан өмірден өткеннен кейін пірі Баба Түкті Шашты Әзиз рухының шақыртуымен сол кісінің кесенесіне барып, сол жерде екі жыл шырақшы болған. Сүйегі қазір сонда. Сен аян алушылар жайлы білесің бе? Қазір ел ішінде кездеседі ғой. Сондай аяни шақыртумен мен таяуда Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесіне зиярат жасап қайттым. Бұрыннан білетінім – 1929 жылға дейін осы кісі сүйегінің жанына алдымен Түкті Қиял, содан соң бірінші шырақшысы Маңғыт Мұнай софы, соңынан Мүсірәлі пірдің қойылғандығы еді. Түкті Қиял кім деушілер болуы мүмкін. Әзіргі дерек бойынша 1332 жылы Сыр бойындағы қоңырат еліне жау шапқанда жұртта қалып қойған бесіктегі баланы көл жиегінде жатқан жерінен тауып алған Бабай Түкті Шашты Әзиз «Алланың маған қиялдан берген баласы ғой» деп сәбидің атын Түкті Қиял қойып өсірген. Түкті Қиял 1350 жылы маңғыттың қажырлы бай адамының қызына үйленіп, одан 1354 жылы Едіге батыр туылады. Мұнан басқа білетін дерегім 1929-1945 жыл аралығында әулие кесенесі төрт рет бұзылып, төрт рет жөнделген. 2008 жылы бұл кесенеде тағы да күрделі құрылыс жұмыстары жүргізіліп, піріміздің сүйегі аяқ асты болып кетіпті. Ешқандай белгі де, ескерткіш те қалмапты. Жақында аянмен зияраттап барғанымда бір нәрсеге көзім түсті. Кесенеден бір шақырым мидай ашық жерге Мүсірәлінің ұрпақтары сырты қоршалмаған тас белгі қойыпты. Тасқа былай деп жазылған:

Құдайдың құлы Жәдікұлы Мүсірәлі Сопы Әзиз баба

Мұхаммедтің үмбеті,

Шадиярдың досы

Алты Алаштың пірі

ХVІІ ғасыр 1639ж. – ХVІІІ ғасыр 1721ж. Одан әрі;

Әмірімен Алланың,

Жеті жасар баланы

Әйтеке би тапқанын

Жария етіп алады.

Сайыстырып пірлерді,

Ең мықтысын табады.

Жеті өлікке жан беріп,

Мүсірәлі сопы әзіз

Таңдандырып ел жұртты

Үш жүзге пір болады…

Белгі қоюшы ұрпақтары; Әнуар, Бақытбек, Серікбол, Кенжебек.

Жазудағы дерек қателіктерін көрсем де мен сүйсініп қалдым. Қатені жөндеу оңай шаруа ғой. Бәрінен бұрын пірдің ұрпақтары қимылдай бастапты. Белгіні бір шақырым қашықтыққа қойғандары да мақұл болған. Бұл жерде су жеткілікті. Енді піріміздің басына кесене көтеріп  Баба Түкті Шашты Әзиз жанында жатқан сүйегін сонда көшірсе, екі бабамыз, ұстазы мен шәкіртінің арасындағы аралық жерді гүлзарлап гүлмен көмкеріп қоюға болады. Сол кезде Баба Түкті Шашты Әзизге зиаратқа келген жандар қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәліге де өздерінің жақсы ниеттерімен соғары сөзсіз… Жақында пір бабамыздың Қызылорда облысындағы ұрпақтары Үкімет келісімімен облыс орталығына ескерткіш қою үшін байқау жариялапты деп естідім. Менің айтпағым Пір Мүсірәлі кіші жүздің ғана емес, берісі қазақтың, арысы алты алаштың, мақтанышы. Шынымен сол ескерткіш тұрғызылатын болса Қызылорда қаласына емес, пірдің сүйегі қойылған Бабай Түкті Шашты Әзиз кесенесі маңына қойылу керек. Ескерткіш қою баз біреулер айтып жүргендей тасқа табыну емес, тарихтан тарихқа барар таспен жазылған шежіре. Әр ескеткіш – тарих. Ал тарихты жасайтын тұлғалар екенін ұмытпауымыз керек. Ислам да адамзат баласына өз тарихын ұмытпауды үйретеді. Әлемдегі тарихи ескерткіштердің барлығы өткен тарихтың хабаршысы болып тұрған жоқ па? Пірімізге кесене салынып, алдына ескерткіші қойылып жатса елдің абройы. Үкімет те осы іске өз қолдауын көрсетуі тиіс. Егер осы игі ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса, бүгінге дейін басқа дінге өтіп жатқан қаракөз мұсылмандарымызға да сабақ, үлкен діни насихат болар еді. Сөз соңында мына бір жайтты да айта кеткен жөн-ау деп санаймын. Есімдерін әзір айтпай-ақ қояйын, кейінгі кезде қожа аталығынан шыққан, осы аталықтың шежіресін жасауға кіріскен бір – екі бауырларымыз осы пір Мүсірәлі бабамыз туралы басылым беттерінде орынсыз пікірлер айта бастады. Олардың пір Мүсірәліні не құрмет тұтып жүргенін, не кектеніп әулие атына дақ түсіргілері келіп жүргенін бір құдайдан басқа ешкім білмейді. Өмірден өтіп, жаназасы шыққан жанды ғайбат жаламен тілдегендердің мұсылмандықтан мақұрым қалатынын естуші едік. Бұл пенделердің айыбы болса Алла өз үкімін ертелі кеш бере жатар. Әр қазақ өзінің дәстүрін, жеті атасын, тарихын ұмытпауы керек.

Жауғашты АХМЕТОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі, профессор. Мүсірәлі Жәдікұлының жерлесі

 

ҚАЙТЫС БОЛҒАН ЖЕРІ ӘЛІ БЕЛГІСІЗ

 

– Қазір ол кісінің мазары Баба түкті шашты әзиз бейітінің жанында дейді. Ол кісінің жерленген жері жайлы әр түрлі пікірлер бар. Сонда  осы күнге дейін белгісіз бе?  

– Мен Мүсірәлінің кіндік қаны тамған жерде дүниеге келдім. Көп ұлы адамдардың туылған жері, жылы белгісіз болып жатады. Ұрпақтарының жартысы қазір Қарақалпағыстанда. «Әйтеке би» деп аталатын кітапта «Мүсірәлі еліне Қызылқұмға қарай жол тартты» деп айтылған тұстар бар. Қызылқұм Өзбекстандағы Тамды ауданында, оған қарасты Керіз бұлақ деген елді мекенде, 1639 жылы Мүсірәлі Сопы Әзиз дүниеге келген. Сол жерде Бассай деген үлкен қорым бар. Сол қорымда қазір ұрпақтары жатыр. Сол себепті өмірге келген жері дау тудырмайды. Бірақ Мүсірәлі бабамыздың қайтыс болған жері белгісіз. Біреулер Қарақалпағыстанда дейді, біреулер Баба түкті шашты әзиздің жанына жерленген дейді.   

 

– «Жеті өлікке жан берген» деген секілді Мүсірәлі бабамызға қатысты тағы қандай аңыздар бар?

 

–Ел арасында мынандай аңыз бар. Керізбұлақта жиын өткізіп Мүсірәлінің қасиетін сынамақшы болады. Тоқсан томарды өртеп «Сен пір болсаң осы томардың үстіне шығып отыршы қасиетің бар ма, жоқ па? көрейік» дейді. Сонда Мүсірәлі жанып жатқан томардың үстіне жай намазын жайып жіберіп намазын оқып отыра береді. Томар жанып болған соң шапанын қағып – қағып орнынан тұрды. Еш жері күймеген барлық жері бүтін, тек шапанының бір шеті ғана күйген екен. «Бұл қалай күйді?» деп адамдар сұраса, «Дәрет сындырғанда дәретім тиіп кеткен екен ғой» деп жауап береген екен. Содан «Тоқсан түйе томардың үстінде күймеген» деген аңыз қалған. Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқып жүргенінде Әйтеке би барып жүздеген шәкірттің ішінен таңдап алып арқасына арқалап алып кеткен екен. Ол кезде Мүсірәлі он төрт жаста болған. Міне, сол кезден бастап Әйтеке бидің жанында жүреді. Ол кісі қазақтағы ең бірінші және ең соңғы пір болған.

 

– Ұрпақтары жайлы не білесіз?

 

 Мүсірәліден Қосым, одан Жандағұл, одан Ұлан, одан Жолдан, одан Бердісүгір (1860 жылы туылған), одан Дәуіт қожа (1900 жылы дүниеге келген) тараған. Бесінші ұрпағы Жолдан қожа да сол Бассайда жерленген.    Дәуіт қожаның баласын, немересін, шөбересін есептесек бабамыздың соңғы 7 ұрпағы да сол жерде өмір сүріп жатыр. 2000 жылы Дәуіт қожаның жүз жылдығы аудан көлемінде аталып өтіп, Бассай қорымында үсті күмбезделген зиарат үйі салынды. Дәуіт қожа 1943 жылы соғысқа кеткенде Бердісүгір атамыз Дәуіттің әйелі Қызбектің түсіне кіріп «Балам мен жалғызымның ізінен кеттім» деген екен. Әкесінің әруағы медет болып Дәуіт ағам (Ол кісі менің әкем Байназардан 3жас кіші болатын Ж.А.) 2 жылдан кейін бір жері жарақаттанбай соғыстан аман-есен оралды.

 

                                               Ақмарал ӘБДҚАДЫРОВА

                                                 Құрманғали АШАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған