Қиыншылық кезде нарықтан кімдер кетіп, кімдер қалады?

Айқын, 21.05.2009 ж.

 

Бүкіл әлем экономикалық дағдарыс қыспағында тұр. Қиындықтан шығудың жолын іздеп, бастарын қатыруда. Микро-макро экономиканы тұрақтандырып, инфляция қарқынын бәсеңдетуге бар күштерін сарп етуде. Ипотека Үкімет тарапынан бақылаусыз беріліп, сыртқы тауар айналымының көлемінің көбейгендігі сонша, оған тағы көлеңкеде жүрген есепсіз қаржыларды қосыңыз. (Есірткі саудасы, қару-жарақ, жезөкшелік, адам саудасы). Осы кезде есепсіз ақшалар триллиондап жиналып, әлемдік экономиканы қыздырды. Әлемдік экономикада тепе-теңдік бұзылып, қыза-қыза келіп, үрленген көбікке айналып, шегіне жетіп жарылды. Әлемдік өндірісте өндірілетін өнімнің көлемімен салыстырғанда, айналымда жүрген АҚШ долларының сальдосы есепсіз триллиондап көбейіп кетті. Адам Смиттің «көрінбейтін қолдары» осы кезде жұмыс істемейді. Нарық өзін-өзі реттемейді. Мемлекеттер нарықтық экономикада либералдық саясат ұстап, банктердің, ипотекалық компаниялардың ішкі ісіне араласпай, қаржыны қадағалау органдары дұрыс жұмыс істемей, дағдарыстың алдын алу мәселелерімен айналыспады. Мысалы: АҚШ конгресі жақында экономиканы дұрыстау үшін 787 миллиард АҚШ долларын бөлді. Мемлекет үлкен-кіші болсын, қиыншылық кездері жұмсайтын алтын-валюта қорынан басқа валюта резервтері болады. Көбінесе әлемдік барлық мемлекеттер өздерінің валюталық резервтерін АҚШ-тың долларымен ұстағанды жөн санайды. Әлемдік тауар айналымы сауда жасасқанда мемлекеттер тек АҚШ долларымен есептеседі. Қазақстан азаматтарының көбісі өздерінің жиған ақшаларын үйде банктің депозитінде сақтағанда АҚШ долларымен сақтайды. Әрине, бұл – шындық. Қаржы институттарын атап айтсақ, Халықаралық валюта қоры мен Бүкіләлемдік банк өз клиенттерімен АҚШ долларымен есеп айырысады. Мысалы, жақында Қазақстан Қытайдан 10 миллиард долларлық несие алды. Қазақстан әлемде инвестиция құюға неғұрлым тартымды 20 елдің қатарына қосылды. Қазақстан мен Қытай өткен жылғы арадағы сауда айналымы 17,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Қытай мемлекеті бүкіл әлемді өздерінің тауарларымен жаулап алғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қытайдың 2007 жылғы сыртқы тауар айналымы 2 триллион АҚШ доллары көлемінен асып түсті. Ақшаның көптігінен ел экономикасын қыздырып жіберді. Мысалы, құрылыс тоқтап, Пекинде былтыр ашылады деген бес жұлдызды отельдің тапсырылуы кейінге шегеріліпті. Алып елде де үлкен проблема болып, аз ғана уақытта 20 миллион адам жұмыссыз қалып, қаржылық дағдарыс үдеу үстінде. Бұдан ұғарымыз, әлемдік қолданыста жүрген қаржы-экономика жүйесінің әлсіздігін білуге болады. Әлемдік өндірісте өндірілетін тауардың көлемі қолданыста айналымда жүрген АҚШ долларымен салыстырғанда, тепе-теңдігі бұзылғанынан болып отыр деп айтуға толық ақылымыз. Әлемде болып жатқан экономикалық өзгерістерді, елімізде болып жатқан қиындықтарды көзбен көріп, оларды сараптай келіп, осы кезде тың идеялар байқалып, кәсіпкерлікте жаңа бір серпіліс, өзгерістер болатыны анық. Дағдарыс кезінде кәсіпкерлердің іскерлік сапасы айқындалып, кімнің жұмыс істей алмайтыны бірден анық білінеді. Біз сөзбен айтқанда, кәсіпкерлер сұрыпталып, табиғи сынақтан өтеді. Көптеген кәсіпкерлер қиындықпен бетпе-бет келген кезде күрделі жағдайларда қалып қояды. Себебі нарықтың заңы қатал, ол ешкімді аямайды.

Енді өзінен-өзі сұрақ туады, кім ұтады, кім ұтылады? Көгілдір экраннан кәсіпкерлік тақырыбы жөнінде сөйлескеннен кейін кәсіпкерлер келіп, өз мәселелерін, басындағы кездесетін кедергілерді айтып, өз ойларымен бөлісіп тұру соңғы 5-6 жылда дәстүрге айналды. Мен де оларды жылы қарсы алып, білмегенімді олардан үйреніп отырдым. Көбіне келетіндер шағын кәсіпкерлер өкілі. Мысалы, дағдарысқа дейін жер мен үйдің, пәтердің саудасы қызып тұрған кезде көптеген қандастарымыз уақытша кәсіппен айналысып, жағдайларын жақсартып, түзеп машина мініп, үй алды. Қомақты қаржы жинады. Жинаған қаржысын, алған несиесін нақты кәсіпке салмай, жер мен үйдің, пәтердің бағасы түсіп кеткен кезде ұтылып қалды. Қазіргі қиыншылық кезде өкінумен болуда. Неге мен ақша бар кезінде дүкен, мейрамхана алмадым екен деп.

Нақты кәсіп дегеніміз не? Ол кез келген дағдарысқа шыдас беретін, шығыны аз, күнде ақша аздап түсіп тұратын жылжымайтын мүлік: дүкен, дәріхана, монша, дәмхана, шеберхананың түрлері, одан да басқа қарапайым халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіпорындар. Ұлттық компаниялар, ірі холдингтер, банктер, құрылыс компанияларына Үкімет қолдау жасап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы көмек көрсетсе, әрине, ұтады. Мысалы, Үкімет «Альянс банкті» капиталдандырып, өз қарауына алды. Оны қожайындары әр акциясын 100 теңгеге сатты. Егер логикамен ойласақ, күлкілі жағдай туғызады. Банктің бұрынғы қожайындары банк жүйесін ұстап тұра алмайтынын алдын ала болжап, артын ойлап, өз клиенттерімен, салымшыларымен, халықтың ақшаларымен (депозиттер) тәуекел жасағысы келмеді. Оның үстіне бұрынғы алған қарыздарын қайтару керек. Бұрынғыдай шетел банктерінен 3-4 пайызбен несие ала алмайды. Қазіргідей дағдарыс жағдайында банктерді тек мемлекет ұстап қалады. Орта және шағын кәсіпорындардың төлейтін шығындары көп болса, ұтылады. Ал ай сайын төлейтін шығындар аз болса, сол кәсіпкерлер ұстады. Үлкен кәсіпорынға қарағанда, шағын кәсіпорын тезірек икемделіп өмір сүргіш болады. Шағын кәсіпорындар нарықтың сұранысына қарай икемделіп, реттеліп отыруға өте қолайлы. Ал алыпты қалай реттейсіз? Үлкен кәсіпорынның проблемасы да үлкен, шығыны да үлкен. Кез келген кәсіпорын ол үлкен бе, ол орташа ма, ол шағын ба, шығындары шаш етектен асады. Мысалы, салықтың бірнеше түрлері – жалақы төлеу, транспорт, күзет, кеңсе тауарлары, банк шығындары, көгалдандыру, қоқыс, жарнама, телефон, одан да басқа тағы да алдын ала болжалмайтын шығындар толып жатыр. Енді ең көп төленетін төлемді атап айтсақ: жарық, суық, ыстық су, жылыту жүйесі, канализация тарифтерін монополистер кәсіпкерлерге көтеріңкі бағамен сатып отыр. Осылай кәсіпорын үлкен болған сайын төленетін ақы миллиондаған теңгеден асып кетеді. Осы кезде кәсіпкерлер шығыны көп кәсіпорыннан құтылуға ұмтылады. Кәсіпкердің жұмысы жүріп жатыр ма, тауары өтіп жатыр ма, онда монополистердің шаруасы жоқ, төле дейді. Уақытында төлей алмасаң, айыппұл мен үстеме ақыны қосып тағы төлетеді. Маусымдық кезеңде кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, жүрмей де қалатын уақыттар болып тұрады. Енді осы шығындарға қарап, өздеріңіз қорытынды шығарыңыздар. Кәсіпкерлерге үлкен кәсіпорын ұстаған тиімді ме, әлде шағыны дұрыс па?

– Жылжымайтын мүлікті жалға алып, кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер дағдарыс кезінде ұтылады. Кезінде жылжымайтын мүлікті басып қалғандар дағдарыс кезінде кәсіпкердің жұмысы жүріп жатыр ма, онда олардың шаруасы жоқ, кәсіпкер жалға алған кәсіпорынға бөлінген мөлшердегі ақшаны уақытында төлей алмаса, оны тастап, босатуға мәжбүр. Егер жұмысың жақсы жүріп кетсе, қожайын жалға беру бағасын көбейте қояды. 18 жыл ішінде өндіріспен айналыспай, тек жалға беріп отырғандар шағын кәсіптің дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет 18 жыл ішінде өндіріспен айналыспай, тек жалға беретін жекеменшіктің иесіне қатысты мәселесін қайта қарау керек немесе кәсіпкерге де, жалға беретін қожайынға да ортақ қолайлы бір өзгермейтін жалға беру бағасын белгілесін. Сонда барып шағын кәсіп елімізде дамиды. Бұдан қорытынды: дағдарысқа кәсіпкердің кінәсі жоқ, кәсіпкер де 18 жыл күні-түні жұмыс істеп, кәсіппен айналысты, олар да тәуелсіз елімізге өз үлесін аз да болса қосты. Үкімет шағын кәсіпкерді дағдарыс кезінде қолдамаса, олар алға жылжып, ізденіске бармайды. Бұдан мемлекет те, халқымыз да ұтылады. Менің ойымша, қиындықтар кезінде дағдарысқа дейінгі жұмыс істеп келген шағын кәсіпкерлерді жоғалтып алмауға күш салу керек. Дана халқымыз айтпақшы; «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дегендей, жоғарыда айтылған ойларыма Үкімет тарапынан Мәжіліс, Сенатта қарап, бір нәтиже шығарады деген үміттемін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған