Қиыншылық кезінде адамның көзқарасы

Айқын, 28.05.2009 

Қазақстан тәуелсіздік алған соң жаңадан либералдық нарықтық экономикаға бет бұрды. Әлемдік дағдарысқа дейін ұлттық экономикада біраз жұмыстар істеліп, бірнеше экономикалық реформа қабылданды. Сол қабылданған реформалардың арқасында 2001 жылдан 2007 жылдың арасында Ішкі Жалпы Өнім 10 пайыздық өсіммен аяқтап отырды. Соңғы 7 жылда Қазақстан әлемдік экономикаға кіруі былай тұрсын, елдің ІЖӨ 8 есеге өсіп, аяғына нық тұрды. ІЖӨ жан басына шаққанда 8400 долларды құрады. Экономиканың өсуінің арқасында мәдени мұраларға көптеп ақша бөлініп, Еуразияның қақ ортасынан Астана қаласы салынды. Қазақстанның беделі артып, шетел мемлекеттері әріптестері ретінде санасатын болды. Орта Азиядағы экономикасы күшті мемлекетке айналды. Қазақстанда кәсіппен айналысып, жұмыс істеймін деген адамдарға жағдай жасалған. Инвесторларға жұмыс істеулері үшін шектеу қойылмаған. Бұрын тек салықты төлеп, әлеуметтік салаға ақша бөліп, жергілікті жерде аурухана, т.б. әлеуметтік құрылымдар салумен шектелетін. Қазір басқаша. Оған қоса материалдарды сырттан әкелмей, жергілікті кәсіпкерлерге тапсырма беріп, солардан сатып алады. Жұмыс істейтін жергілікті кадрларды 60-70 пайызға дейін көбейтіп, оларды өздерінде дайындап оқытуға үлкен қаржы бөлуде. Бүкіләлемдік банк сарапшылары ТМД аймағында Қазақстан экономикасында тұрақтылық белгісі байқалып, Үкімет қиындықтан шығудың жолдарын іздеп, қаржыны нақты секторға бағыттап отырғандығын айтуда. Дағдарысқа дейінгі соңғы 7 жылда халық пен шенеуніктер ақшаның құнын білген жоқ, Мұнай мен металдың бағасы әлемдік нарықта ұшып тұрды. Соған байланысты жеңіл ақшалар көптеп нарықтың айналымына түсіп, құрылыс материалдары, үйдің, пәтердің, жердің, жылжымайтын мүліктің, жеңіл автокөліктің бағасы шексіз түрде уақытша болса, да өсіп тұрды. Қарапайым халық нарықтың құйтырқы келеңсіз жайын түсінбей, қымбат бағаға несиелер алып, осы жағдай мәңгі болып тұрады деп ойлап, алданып қалғандар қаншама  десеңізші. Дәл қазір өкінуде. Банкирлер халыққа шексіз қымбат несиелер беріп отырды. Халық олардың  қымбат несие пайызының көлеміне қарамай, оның кейін ай сайын қалай төлейтінін ойламай, қандай мөлшерде болса, сондай алып, алған несиелеріне экономикалық есеп-қисап жасамай, пайда беретін нақты кәсіпке салмай, уақытша шығыны бар той жасауға, жер, қымбат жеңілкөлік, пәтер, тағы басқа пайда бермейтін шығысы бар нысандарға салды. Бұл – әрине, шындық. Сол кездегі баға мен осы  кездегі бағаны салыстырып көріңізші. Арасы жер мен көктей. Аталған заттар жоғары бағамен болып тұрғанда несие алғандардың көбісі қандастарымыз. Осы болған жағдайларды сараптап, қорыта келе, елімізде болып жатқан дағдарыстың бір бөлігі деп толық атауға болады. Нақтылап айтқанда, республикадағы өзге ұлт өкілдері банктен несие аларда алды-артын ойлап, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, несиені тек шағын кәсібін ашуға немесе оны әрі қарай дамытуға алады. Ал өз қандастарымыз болса ақша қай күні қажет болған кезде қайтарымын ойламай, банктен несие алып, оның пайызының көлеміне қарамай, алдын ала есептемей ала беретіндері қатты қынжылтады. Мысалы:

  1. Алған несиелерін шағын кәсіпке салса, сөз жоқ. Шағын кәсіптің қоғамға да, адамға да пайдасы мол. Шағын кәсіпті ешқандай дағдарыс ала алмайды.
  2. Ата-ана несиені балаларының оқуын төлеуге алса, ол кейін ата-анаға  100 есе қайтарыммен келеді. Ақшаны білімнен аямасын.
  3. Алған несиені төрт түлікке салса, мал алып көбейтсе, үйде ақ мол болып, береке болады.
  4. Үйді, пәтерді банктен несиеге алса, өзін ақтар, жалға берер.
  5. Несиеге жер алса, бақша егіп, іске асырады.
  6. Көлік алса, жолаушы тасып, өзін-өзі ақтар. Бір банктен несие алып, оны жабу үшін екінші банктен несие алатындар көптеп саналады өз қандастарымыздың арасында. Кезінде ойланбай бірнеше банктен несиелер алып, оны уақытында қайтара алмай, несиені алардағы жалға қойған үй, пәтерлерінен айырылып қалып, пәтер жалдап жүргендер қаншама десеңізші?! Банктің алдында жүріп, келген адамдарды әдейі торып, қолдарына үш-төрт ұялы телефон ұстап «несие алып беремін» деп үстіндегі ақшаларын алып тайып тұратын делдал алаяқтардан сақ болған жөн. Жеме-жемге келгенде әлгі ортада жүрген делдалдарды кейін іздеп таба алмаймыз. Одан да тынышы, несие алады екенсіз, бірден банк қызметкерлеріне шыққан дұрыс. Банк қызметкерлері сізді дұрыс жолға салып, ақыл-кеңес береді. Банктен несие алып, той жасайтындар көбейіп кетті. Дүркіретіп той жасап, артынан айрылысып кетіп жатқандар қаншама десеңізші. Сол тойға кеткен ақшаларға екі жасқа үй, жиһаз, машина алып беріп, неге жағдайын жасамасқа?! Той өтеді, кетеді, екі жас қалады өмір сүру үшін. Екі жасқа әрі қарай өмір сүруіне тойға кеткен қаражатты үнемдеп жұмсаса, жас отаудың босағасы берік болып, ажырасу да аз болар ма еді? Қазір заман басқа, жастар көбінесе бірінші ойлайтындары – материалдық жағы. Заманға байланысты олардың жан-дүниесі, көзқарастары өзгеріп отырады. Бабаларымыз айтпақшы, «Той –құдайдың қазынасы» деп бала шыр етіп жерге түскеннен бастап аяқтанғанға дейін азамат болып, жеке шаңырақ көтеріп, ата-ене болып жасалатын тойларды ретімен жасауға мен қарсы емеспін. Бірақ халық айтпақшы: «Арсызға алты күн той» демекші, үлкен ақсақалдарымыз 18 жылда ес жиып, етек жинауымыздың орнына өздері бас болып, тойды үдетіп, бәсекеге айналдырып жібергенін ешкім жоққа шығара алмас. Жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсетудің орнына саңырауқұлақтай қаптаған ұлттық болмысымызға, ислам дінімізге жат туған күн, күміс той, алтын той, гаухар той, юбилейлердің түрлері, Валентин күні, қыз-келіншектердің  толып жатқан халықтың тәрбиесіне де, ой-өрісіне де кері әсерін тигізетін дарақылық, ысырапшылдыққа, имансыздыққа, жалған намысшылдыққа апаратыны белгілі. Қазіргі ұрпақ айрықша тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр. Жанұя, бала тәрбиесі қоғамда жіберілген қателіктер болашақта үлкен орны толмайтын зардабын тигізеді. Оны өмірден көріп жатырмыз. Халқымыздың бойындағы нарықтық сана мен сауаттылық толық қалыптаспағандығы. Қандастарымыз өздігінен нақты кәсіпке бармай, құлдық психологиядан арылмай, нарыққа бейімделмей жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Енді халқымыздың бойындағы осал тұстарын ислам құндылықтарында да қатаң сыналып, тыйым салынып, жол берілмейді екен. Қазіргі қиыншылық кезеңде халық асылып-шашылатын заман емес. Тек қажетті той, мерекелерді жасайды. Қасиетті Құран-Кәрімнің ӘҒРАФ сүресінің 31-аятында нақты айтылған: Жеңдер, ішіңдер, төгіп-шашпаңдар, ысырапқорларды Алла ақиқатында ұнатпайды.Мемлекет те бюджетті үнемдеуге көшті. Ретсіз шығындар азайып, қысқартылуда. Шетелдерде шағын машиналарға отыруда. Қаржылық дағдарысқа байланысты бүкіл әлем үнемдеуге көшіп жатыр. Кез келген заттың бір шегі болуы керек қой, бар екен деп шаша беру тек біздің халқымызға тән бе деп қаламын. Қаржылық дағдарыстың пайдасы мен жақсы жағы адам сана-сезімін өзгертіп, үнемдеуге көшіріп, аста-төкке, ысырапшылдыққа жол бермеуінде. Бұдан тәуелсіз еліміз де, халқымыз да ұтпаса, ұтылмайды. Қиыншылық кезеңнен өтіп, жаңа кезеңге халық басқаша көзқараспен қарап, жаңа экономикалық құрылыммен жұмыс істеп, қалыптасатынына толық сенімдімін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған