Ұлттық мүдеге келегенде неге біз тартыншақтай береміз?

2016 жылдан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүліктерді жекешелендірудің үшінші толқыны жүріп жатыр. «Электронды-сауда» арқылы жылжымайтын мүліктер сатылуда. Жылжымайтын мүліктің сатылатын бағасының 10 % -ын төлеп, үйде отырып, саудаға қатысып, өзіңізге ұнаған жылжымайтын мүлікті сатып алуға толық құқығыңыз бар. Бұрын Ағылшын мен Голландық әдіспен жылжымайтын мүлікті сатып алуға болатын. Ол кезде сауданың басында адамдар жүретін. Біздің халыққа ыңғайлы болатын. Ал, «Электронды-сауда» қарапайым халыққа тиімсіз. Жылжымайтын мүлікті дәл қазір көбінесе басқа ұлт өкілдері сатып алуда. Себебі, жекешелендірудің бірінші, екінші толқынында байлар өзіне керегін сатып алды. Енді оның оларға керегі де жоқ. Айналаңды көзбен көріп, құлақпен естіп, көкірекпен сезіп жүрген соң, не болып жатқанын байқайсың. Үкіметтің кейбір істеп жатқан жұмыстары осы қазақ мемлекетін құраушы халқына, оның келешек жастарына қарсы әрекет пе деп те қаласың. Одан басқа айтар сөзім жоқ. Егемен елміз, ешкімге тәуелді емеспіз. Бабадан мұра болып қалған байлығымыз бәрімізге жетеді деп мақтанамыз. Әттең дейтін сөздер көп-ақ. Енді шындап келгенде, бұл біздің ішкі жұмысымыз емес пе. Дәл қазір де, кейін де бұл бір өзекті мәселе болып қала береді. Осы түйткілді мәселелерді неге өзіміз жаққа бұрмасқа?

Шенеуніктер мен депутат мырзалар, осы мәселенің механизмын тауып, шешу сіздердің қолдарыңызда емес пе? Менің естуімше, жоғарыда отырғандардың бәрі жай адамдар емес. Бәрінің де жылжымайтын мүліктері бар екен. Ал, бүгін жылжымайтын мүліктен қазақ мемлекетін құрайтын қазақ жастарының сырт қалуы әрине өкіншті-ақ. Әлеуметтік желіден оқып отырсақ, қазақ жастары бизнестен кетіп, көбісі жұмыссыз қалуда. Оның үстіне, мемлекет нарықтан кетудің амалын қарастырып жатыр. Мысалы, «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорына қарайтын ірілі-ұсақты компаниялар жеке меншікке сатылуда. Бұл әрине, нарықта қалыпты жағдай. Экономикасы өте дамыған Сингапур мемлекетінде осы процес болған. Бірақ, Сингапур мемлекетінің әл-ауқат қоры өз миссиясын сәтті толық орындап, 5,5 миллион халқының көңілінен шықты. Әй, қайдам, «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорының қазақ халқының көңілінен шығатынына мен күмәндімін. Ірі компанияларды айтпай-ақ қояйықшы, оны шетелдіктер-ақ сатып алсын. Одан қалған ұсақ компанияларды дәл қазір қазақ сатып ала алмайды. Себебі, қазақта ақша жоқ.

Ел болашағының ертеңі саналатын жастарымыздың жағдайын жоғарыда айттық. Үй-күйсіз жүрген олардың жеке басының проблемалары шешілмеген жағдайда, ел мүддесіне саятын ірі істерді қолдарына алуы жайлы ауыз ашудың өзі қиын шаруа. Мәселенің бәрі келіп қаржыға тіреледі. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” дегендей, алдағы жылдарда болған жабайы жекешелендіру кезінде де қарапайым халық бос қалған. Дәл қазір жүріп жатқан жекешелендірудің үшініші толқынынан да мемлекет құрушы халық бос қалар ма деп қорқамын. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер» дегендей қазақ халқы үшін қашан “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заман орнар екен!?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған