Нарық заманында алдағыны болжауға болмайды

Шикізат экспортына, шетел тауарының импортына арқа сүйеп келген ел экономикасының құлдырағанын халық көріп, біліп, сезініп отыр. Теңгенің құнсыздануын ең бірінші болып сезінетін қарапайым халық пен шағын-орта бизнес өкілдері. Байларға бәрі бір, олардың жағдайы жақсы. Экономиканың өсімі кезінде олар қор жинап алды. Инфляция-қымбатшылық пен теңгенің құнсыздануы халықтың әл-ауқатын әлсіретіп, тұтыну қабылетін төмендетіп жіберді. Мысалы, АҚШ доллары көтеріліп, 380-ның ожақ, бұжағы болып еді, теңгенің құны нарықта құнсызданып шыға келді. Бұл қарапайым халыққа өте ауыр тиуде. Мәселен, бұл күнде 10,0 мың теңгемен дүкен мен базарға барсаңыз, теңгенің құнсызданғаны соншама, түк ала алмайсыз. Ақшаның тез таусылып қалатыны сондай, базардан шыққаннан кейін, бұл ақшаға не алдым деп өз-өзіңізбен есеп жасап жүресіз. Нарық заманында алдағыны болжауға болмайды. Уақытында оны пайдаланып қалғандар ғана ұтады. Осы күнмен, осы уақытпен өмір сүрген дұрыс деп ойлаймын. Келешекте не боларын бір Құдай ғана біледі.

Ақша табу оңай да, оны ұстап тұру қиынның қиыны. Оны үйде не жұмыста ұстағаннан, коммерсиялық банктердің деопазитінде ұстаған өте қолайлы. Уайым-қайғысыз тыныш ұйықтағанға не жетсін. Белгілі екі-үш коммерсиялық банкке бөліп, әр түрлі валютада салған өте тиімді. Ал, өзіңізге ыңғайлы, жақын жерде орналасқан банкке ақшаның бір бөлігін теңгемен салсаңыз, кез келген уақытта керегінше алып тұрасыз. Яғни, ол кезекші банк деп атауға болады. Алда-жалда банк банкрот бола қалса, банк клиенттеріне мемлекет тарапынан 10,0 миллион теңге төлеуге кепілдік беріледі. Сондықтан, еліміздегі коммерсиялық банктерден қорықпаңыз. Банк қалады. Билік ауысса да, Қазақстан коммерсиялық банклері нарықтық экономикада елімізге, халыққа қызметін көрсете береді. Егер, акция, бағалы қағаздарды алғыңыз келсе, өзіңізге немесе келешек ұрпаққа, онда КАЗпочта арқылы Қазақстанның ұлттық компанияларының акциясын сатып алғаныңыз жөн. (КАЗтрансгаз,  КАЗпочта, Қазақстан Теміржолы, КАЗтелеком, КАЗмұнайгаз, т. б.) бұл отандық компаниялар ешқайда кетпейді. Олар дағдарыс кезінде де жұмыс істеуде. Ертең дағдарыс кетіп, пайда көрген кезінде акционерлеріне девидент төлейді. Егер, девидент алғыңыз келмесе, КАЗпочтаның брокері арқылы басқаға сатуға құқығыңыз бар. Билік келеді, кетеді. Ұлттық компаниялар Қазақстанның экономикасына жұмыс істеп қала береді. Билігі ауысқан дамыған Малайзия,  Сингапур мемлекеттерінде де осындай. Ақшаны нақты кәсіпке, көзбен көрген, қолмен ұстаған тауарға, жылжымайтын мүлікке салған дұрыс.

Құрметті достар, менің айтайын дегенім, осы дағдарыс кезінде, көптеген қандастарымыз қиыншылық жағдайға душар болмаса екен, өз орнын нарықта тауып, ел қатарлы өмір сүріп, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, төңірекке қырағылықпен көз жүгіртсе деймін. Халқымыздың саны 18 миллион, оның 11 миллионы мемлекет құраушы халық Яғни, 70 %-ға жеттік. Құдай қаласа, осыншама жақсы көрсеткішпен өсіп келе жатқан халық 100%-ды да алып, Ата-бабамыздың аңсап кеткен заманына да жетерміз. Сондықтан, қазір болып жатқан қиындықтардың бәрі де уақытша, ол да артта қалады. “Мың өліп, мың тірілген” батыр бабаларымыз Алтайдан Атырауға, Жетісудан Сарыарқаға дейінгі ұлан-байтақ жерлерді келер ұрпаққа қалдырды. Осыншама байтақ даланың заңды мұрагері болған біздер ешкімге жаутаңдамай, батыр елдің ұл-қыздарына тән ғұмыр кешіп, тек қана ертеңдерге үмітті көзбен қарауымыз керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған