Тайлақ батырдың тегі – КЕРЕЙТ

Тегін білу – тектілік. Ата шежірежіміздің түсініксіз тұстарын жазарман зиялы қауым ақпарат-баспасөз беттері арқылы ақылдасып, кеңесіп бірлікке келіп отыру ертеден бері қалыптасқан жақсы әдет еді. Осы жақсы үрдіс арқылы талай жоғымыз түгенделді. Тарихқа қатысты даулы мәселелр қай кезде де болып тұратын заңды құбылыс. Оны қазақтың тарихшы, шежіреші азаматтары деректерге негізделіп, айғай-шусыз біржақтылы етіп отырады. Мен төмендегі мақаланы жазуыма ғалым Берікбай Сағындықұлы ағамыздың “Тайлақ батырдың тегі қандай” атты мақаласы түрткі болды. Ағамызға қайтарған жауап ретінде жазған қысқа да нұсқа мақаламды көтеріп алып, “Айқын” газеті редакциясына бірнеше рет бардым. Бұрынғы көнекөздердің жоқтығынан болар, қазіргі жастар ана-мынаны көлденең тартып, аталған мақаланы жарияламай қойды. Бір кезде қолжазбамызды қолқалап сұрап алатын редакциялар енді мұрындарын шүйіріп отыр. Қазақ басылымдарының оқырмандарын көбейту үшін біз де бір кісідей атсалысқан едік. Қарауымыздағы жұмысшыларды газет-журналдарға жаздыратынбыз.

 Мақалада ру аралық кикілжің дау тудыратындай сөз-сөйлем жоқ. Тек аға жолындағы кісінің көпшілікке қойған сауалына інілік ізетпен, ғылыми, тұжырымды жауап қана берілген. Оны төмендегі жазбадан сіз де байқай аласыз.

Сондықтан, біз бүгін мақаламызды руға, жершілдікке бөлінбейтін, «ақылшы шалдары» жоқ әлеуметтік желіге жариялап отырмыз.

Тайлақ батырдың тегі – КЕРЕЙТ

«БҮРКІТ» ТАҢБАЛЫ ТАЙЛАҚ БАТЫР

“Айқын” газетінің 2019 жылғы 20 тамыз күнгі санында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  професооры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының “Тайлақ батырдың тегі қандай” атты мақаласы жарияланды. Ғылымның даңғыл жолындағы ағамыз, өсемін деген  ел өз  тарихын түгендей білуі керектігін дәйекті пікірлермен, байыптап, нықтап жеткізеді. Естір құлақ болса, күллі алты алашқа ортақ бабамыз, атақты Тайлақ батырдың өмірі жөнінде тереңнен толғап, қазақтың біраз қанды тарихынан сөз айтады.

Осы күнге дейін көпсанды ғалымдар бірауыздан Тайлақ батыр Мәті би ұлын кіші жүздегі жетірудың керейт әулетінен тарғанын айтып та, жазып та кеткен. Атап айтар болсақ, В.В. Радлов, Ілияс Есенберлин, Манаш  Қозыбаев, Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев, Мардан Байділдаев, Мұхаддес Есләмғалиұлы, Мұқтар Мағауин және Тынышбек Дайрабай қатарлы қарымды қаламгерлер өздерінің түрлі еңбектерінде Тайлақ батырдың керейттен шығып, “Ақтабан шұбырынды, алқа-көл сұлама” аталған, Жоңғар шапқыншылығы кезінде, кіші жүздің қолын бастап, Бұланты-Бөленті өзендерінің ортасындағы “Қарасыйыр” деген жерде жаудың мың сан ауыр қолын есеңгірете жеңгенін алға тартады.

Б.Сағындықұлы да тарихи ұлы оқиғалар мен шайқастар жөніндегі деректерге келгенде, жоғарыда аты аталған ағаларымыздың ой-пікірін құптай келеді де, тек Тайлақ батырдың шыққан тегі туралы таластарға тоқталады. Атақты батырға жетірудың керейт, телеу, жағалбайлы рулары таласта екенін айта келіп, өзі ең соңында алаштың атақты батырын телеуге теліп, мақаласын аяқтайды. Дегенмен, көреген ғалым аты аталған үш рудан шыққан зиялы қауым өкілдеріне, нақты дәлел-фактілер тауып, өзін батырдың тіке ұрпағымын деп сендіре алатын азаматтар болса, ашыққа шықсын дегендей лебізін де қоса кетеді.

Жалпы керейт тақырыбы мен тарихына бір кісідей үңіліп жүрген азамат ретінде, атамыз Тайлан (Тайлақ) батыр жөнінде азды-көпті талас бар екенін бұрын да білетінбіз. Әрі ақпарат-баспасөз беттерінде талай жазған да едік. Жоғарыда аттары аталып өткен үлкендеріміздің қаламынан туған зерттеулерінде Тайлақ батыр керейттен шыққаны анық жазылған. Сондай-ақ, өз туған жерім Сыр бойы – Қызылорда  облысы, Жалағаш ауданында; Ақмола облысы Көкшетау қаласында, Қарабұлақ ауылында тұратын Тайлақ батырдың тікелей ұрпақтарымен кездесіп, баба тарихын зерттеп, зерделеп, жоғымыз табылғандай қуанысқан едік. Әрі содан бері аталған тақырыпқа нүкте қойдық.

Осы шағын ғана жазбамызды бүгінгі таңдағы қазақтың үлкен ғалымы, Берікбай Сағындықұлына қарсыласу мақсатында емес, қайта аға бастаған елеулі дүниенің түйткілді тұстарын бірге ашу мақсатында жазып отырмыз. Сондай-ақ, жоғарыдағы толыққанды деректерге негізделіп, “Керейт ата ұрпақтары” атты кітапты құрастырушылардың бірі ретінде, сол кітапқа енген, бабамыз Тайлақ батыр туралы жазған мақаламды бірге жариялап отырмын.

Ал, Берікбайдың “Тайлақ батырдың керейттен тараған ұрпақтарын санап бере алар ма екен?” деген сауалына мен былай деп жауап берер едім.

Құрметті Берікбай аға, Тайлақ батырдың тікелей ұрпақтары Көкшетау қаласында және Қарабұлақ ауылында тұрады. Солармен кездесіп, тікелей сұрасып, шежіре тарқатысып, дәм татысып қайтсаңыз, толғақты сұрауыңызға толық жауап ала аласыз. Олардың нақты ақпараттары менде бар. Қай кезде келсеңіз де құшағымыз ашық.

Құрманғали Ашанұлы

Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспендент мүшесі, ҚР журналисттер одағының мүшесі             

3 thoughts on “Тайлақ батырдың тегі – КЕРЕЙТ

  • Сәуір 13, 2020 at 1:09 тк
    Permalink

    Ассалам алейкум! Сиздин Тайлак деп отырган батырыныз Тайлак емес Тайлан! Тайланды Тайлак деп айткангой дегениниз жана сойлей бастаган баланын былдыры. Кешириниз катты кетсем. Дэл осылай Тынышбек Дайрабайда жазган болатын. Ал Эбиш Кекилбаев, Илияс Есенберлин т.б. корнекти жазушыларымыз олай ешкашан жэне ешжерде жазбаган! Буныныз жала!

    Reply
    • Мамыр 27, 2020 at 10:58 тд
      Permalink

      Атаған ғалымдардың еңбегінен жоғарыда үзінді келтірдік, соны оқыңыз.

      Reply
  • Pingback: ТАЙЛАҚ БАТЫРДЫҢ КЕРЕЙТ ЕКЕНІНДЕ ТАЛАС ЖОҚ – Құрманғали Ашанұлы

Калдан Есенбекулы Жусупбеков үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған