КЕРЕЙТТЕР МЕН КЕРЕЙЛЕР

90 рет оқылды

Керейттер ХІ-ХІІІ ғасырларда ірі феодалдық күшті хандық мемлекет болғаны Шығыс пен БАтсытың ғалымдарының еңбектерінен тарихта белгілі.

Шыңғыс хан билігіне дейін (1203 жылы Керейт тайпасы жаулап алынған – Қ.А) Керейт тайпасын Марғұз, Қарашаңқар, Бұйрық, Төрхан, Тұғырыл хандар билеген.

Керейт тайпасы Орхон, Керулен, Селенге өзендерінің бойында мекенденген. Өкіл әкесі керейт Тұғырыл ханның көмегіне арқа сүйеген Темужин өз тайпасының басын құрап, іргесін кеңейтіп сол кездегі өте күшті тайпалардың біріне айналдырды. Керейттер басқа да тайпалармен бірге батысқа қоныс аударуға мәжбүр болған, ал қалып қойғандары басқа тайпаларға сіңіп кеткен. Шыңғыс хан керейт тайпасын жаулап алғаннан кейін өзінің сүйікті баларына тек қана керейттің қыздарына үйлендіргені туралы тарихи деректер жеткілікті. Бұл әрекеттің арғы жағында белгілі бір саяси мақсат жатса керек. Жалпы керейттер мен керейлер жөнінде көп ізденістер жасап, олардың тілі, салт-дәстүрі мен тұрмыстары туралы мол дерек, аса қызықты, құнды мағлұматтар қалдырған ғалым-зерттеушілер аз емес. Олардың қатарында Рашид ад-Дин, Абылғазы баһадүр Хан, Қадырғали Жалайыр,  Плано Карпини (1245-1247ж.ж.), Вильгельм Ркбрук (1253-1255ж.ж.), В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Б.Я.Владимирцев, Е.Кичанов, И.Калашников,  Эренжей Хара-Даван ,Д.Языков, Г.Ф.Миллер, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан, М.Барманқұлов, М.Мағауин, М.Мұқанов тәрізді ғалымдар есімін ерекше бөліп атауға болар еді. Алтын Орда империясы тұсында керейттер (керейлер) қоғамдық-әлеуметтік істерге кең араласқан. Алтын Орданың империя болып құрылуына бірден-бір себепкер болған керейттер. Тарихқа әріден үңілсек қазақ хандықтары Алтын Орданың шекпенінен шыққанына ешкім дау айта қоймас. Әрине, бұл еліміздің  Ресейге бодан болғанға дейінгі кезеңі. 

1206 жылы сол кездің  белді рулары: меркіт, керейт, найман, қоңырат, жалайыр, татар, т.б. билеушісі Темужинді ақ киізге көтеріп, хан сайлап және Шыңғыс хан деп бір ауыздан (көбі түрік тайпалары – Қ.А) бекітеді.

Түсінікті болу үшін құрылтайға қатысқан туысқан түрік тілді тайпаларды салыстырып көрейік, заманның өзгеруіне қарап.

  1. ХІІ-ХІІІ ғасырларда бірге өмір сүрген тайпалар – Қият, Найман, Қоңырат, Жалайыр, Меркіт, Татар, Керейт (Кітаптарда керей мен керейт біртұтас керейт деп аталған – Қ.А)
  2. ХХ-ХХІ ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының құрамындағы тайпалар Төре (Шыңғыс ханның ұрпақтары – Қ.А ), Найман, Қоңырат, Жалайыр, Керей, Керейт, Меркіт, Меркіт (Жалайыр мен Керейдің ішіндегі бір атасы – Қ.А), Татар (Татарлар қазақ тайпасына кірмейді – Қ.А). ғалымдардың зерттеген еңбектеріне қарап отырсақ, негізсіз емес сияқты. Олай дейтініміз керейттерде кездесетін аталықтар керейлерде де кездеседі.

Мысалы:

Керейт (Кіші жүз ішінде Жетіру)Керей (Орта жүз)
Ашамайлы, Арбалы, Шөмішті, Ерші, Тоғанақ.Ашамайлы
Бұл ататек аттары түгелдей ағашпен байланысты болғандықтан, ел арасында «Бесағаш» деп те аталып кеткен.Ашамай – балаға арналған екі қасының жоғары ұшы айқастырылып жасалған ер. Әрине, бұл жерде ердің ағаштан жасалатынына ешкім күмән келтірмес.

Ертеде аталарымыз қиыншылық, жаугершілік заманда бірге жүрген тайпалар тоз-тоз бас сауғалап бөлініп кетті. «Байтал түгілі бас қайғы» деген мақал да ел арасындағы сол бір ауыр қасіретті жылдарды бейнелейтін сөз еді.

Бірі батысқа бірі шығысқа тарыдай бытырап қоныстанып, аздаған топтары өз жерлерінде қалып, жергілікті халық болып саналатын жеңген тайпаға сіңісіп кетуі керек. заман өткен сайын ара қашықтықтары ұзап, бір-бірінен суынып, ара-қатынастарын үзіп алған-ды. Бірақ, алғашқы түп-тамырын, атасын ұмытпай сақтап қалып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сәби кезінен құлағына құйып, келер ұрпаққа жеткізіп отырған. Ата-бабаларын ұмытпай көкейде сақтататын дәстүрге сәйкес, жас ұрпаққа өзінен бұрын өткен атақты аталардың есімін қайтадан қойып отырды. Үлкендер балаға жас кезінен жеті атасын білуге үйретіп отыратыны тамаша әдет бүгін де бар. «Жеті атасын білмеген – жетесіздің белгісі» деп ата-бабасын ұмытқандарды қатаң айыптап отырады. Бұл мың жылдық үрдіс.

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» сияқты халық басына түскен қаралы күндерді мына шерлі жырмен Қожаберген жырау алыста қалған туған бауырларын, кіндік кесіп, кір жуған өскен өлкесін еске түсіреді:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Қазақтың қасіретті тарихының айғағындай, «Елім-ай» әнінің мазмұны арқылы елінен, туған жерінен еріксіз айырылған  терең қайғысын білдіріп, адамның жанын мұңға бөлеп, жанды қатты тебірентеді.

Атақты Қожаберген жырау алты алашқа мұра қылып қалдырған осы шерлі жырды исі қазақ біледі. Шынымды айтсам, осы шерлі жыр шумағы бала кезімнен бері менің көкейімде де жүр. Кез келген уақытта ойланып отырмастан жатқа айта беремін. Бірақ бұл жыр шумағын мектепте оқып жүргенде немесе кейін институт қабырғасында оқытқаны есімде жоқ. Қалайша жадымда осыншама терең жатталып қалды екен?

Шамасы, менің сәби кезімде көнекөз әжелерімнің жүн түтіп отырып, баяу ыңылдап иә болмаса ұршық иіріп отырып айтатын әні осы – «Елім-ай» болса керек. Менің сәби санама әжелердің әуені арқылы сіңгені де бір таң ғажайып құбылыс сияқты. Тағы бір таң қалғаным, оншақты қазақ жастардың бәрінен сұрасам, бұл жырды басым бөлегі түгел жатқа біледі екен.

Апырай, осы азаматтардың да ата-әжелері осы қасіретті туындыны жатқа біледі екен-ау?!

Демек, бабалар қай ғасырда болмасын ұрпақ санасына жеңіске толы кезеңдерін де, жеңіліске ұшырап қоныстан, ел-жұртынан айырылған қасіретті жылдарын да үнемі жыр жолдарымен, шежірелі шешендер ауызы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.

Енді біз керейт пен керей тайпаларының ішінде кездесетін ұқсас аталықтардың тізіміне үңіліп көрейік:

КерейтКерей
ЖастабанЖастабан
Жанғабыл (Жәнтекей – Қ.А)Жәнтекей (Жанғабыл – Қ.А)
ЖәдікЖәдік

Міне, қарап отырсақ, аталық ұқсастықтар жиі ұшырасады. Бұл тек керейт пен керейдегі ірі рулар. Керейдің өзі үлкен жақтан абақ керей және ашамайлы керей деп екіге бөлінеді. Ал, абақ керейдің өзі 12 атадан тұратыны жұртқа белгілі. Он екі абақ керей аталған аса ауқымды, саны да өскен керей әулеті мен керейттердің кіші руларын жіңішкелікпен  салыстырсақ бұдан да көптеген ұқсастықтарды табуымыз әбден мүмкін.

Тағы бір көңіл аударатын жәйт, ертеден келе жатқан дәстүр – қойдың басын сыйлы кісіге тартқанда пышақпен маңдайына қосу белгісі (+) сияқты кесе-көлденең белгі салу. Бұл көбінесе керейттер мен керйлердің қонақ күту жосынында жиі кездеседі. Төрт қыбылаң тең болсын деген тілектен туындаған дәстүр деп қаралатын осы белгінің де тамыры тереңде жатыр. Көптеген ғалымдар бірі мұны тәңіршілдіктің сарқыты, бірі християнның крест белгісімен байланысты деп сан саққа жүгірткенімен, біздің бүгінгі жазбамызда, осы дәстүрдің шығу  тегінен гөрі, рулар арасындағы сақталған сарқыты туралы айту маңыздырақ болып отыр.

Ал, күні бүгінге дейін Алтай мен Арқадағы  керелейлердің Сыр бойындағы керейттердің ақсақалы сыйы дастарқанда отырғанда тартқан басқа «+» белгісін қоймаса ренжіп, тіптен қатал түрде сынға ас иесін сынға алады.

Негізінен тұтас керейттерді екіге бөлген – Алтын Орда мемлекеті. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Қазақ хандығы құрылған кезде Керейттердің оңтүстік бөлегі  өзінің байырғы аты – Керейтті сақтап қалған.  Ал Шығыс пен Орталықтағы керейттер керейлер аталып кеткен. Тарихи шежіренің білгірлері  атанған М.тынышбаев, С. Аманжолов, М. Қозыбаев, М.Мағауин пікірлері осыған саяды.

Қазақтың заңғар жазушысы, бір кезде мемлекеттік хатшы болған біртуар қаламгер Әбіш Кекілбаев өзінің «Үркер» романының 88-бетінде былай деп жазады:

Сол жылы зауза айында, Күлтөбеде өткен жиында қазақ қауымын қанына қарайтып жүрген тағы бір күбірткенің ауызы алынып еді. Ол  кезге дейін Тама, Табын, Кердері, Керейт,  Жағалбайлы, Тілеу, Рамадан, Керей, Уақ, Тарақты рулары Үш жүздің үшеуіне де жатпай шөре-шөре хал кешіп келген-ді.

Бұдан жоғарыда аталған рулардың бір-бірімен туыстас болмағанын аңғаруға болады.  Яғни Тәуке ханның ақылымен бірігіп, бір тайпа бірлестігін құрады. Керейт тайпасымен бірге басқа да тайпалардың Кіші жүз құрамына, оның ішінде Жетіруға қалай кіргенін аңғару үшін тағы да Әбіш Кекілбаевтың  «Үркер» романының 91-бетіне назар аударсақ:

Қазақ болып қаламын десе, ең алдымен аталастық емес, ағайынның қабағына қарасын.

Иісі алаштың жақсысы соны ескеріп, ақылын қосып, мынадай кесік айтады. Қадырқожа мен Қыдырқожадан тараған алты ата Әлім, төрт ата Шөмекей, он екі ата Байұлына тама, табын, кердері, керейт, рамадан, тілеу, жағалбайлы – жеті ру ноқта аға болып қосылады.

Н. Аристов мәліметі бойынша негізінен Сырдария, Қуаңдария алабын қыстап, жазда Орск, Тройцкіге дейін көшіп жүрген Керейттер ХІІ ғасырда қазіргі Моңғолия жерінде күшті мемлекет құрған. Шыңғыс хан әскерлері талқандағаннан кейін Кіші жүздің құрамына енді. Керейттердің енді бір үлкен тобы керей деген атпен Орта жүзге қосылған (5-том, 391-бет).

 «Біздер Сыр бойына Тәуке ханның тұсында көшіп келіп едік», – деп Көнекөз қариялар да айтып отыратын. Алшынның үш атасы Әлім, Шөмен, Кетелер бас қосып, қыста қытайтын қыстауын, жазда жайлайтын жайлауын белгілеп берген. Қара – Қуыс – Керейттердің алғашқы қонысы, жұрт болып жұмылып алғаш ірге тепкен жері. Бұдан қазіргі Қазақстан  топырағына керейттердің кейінірек келіп қоныстанғанына көз көз жеткіземіз. Мұны тарих өзі айтып тұрған жоқ па?! Қазақ халқының құрамында кездесетін керейттер туралы шежірелер Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін Қазақ хандығы құрылған кездерде жасалғаны айдан анық.

Сүлеймен Мүдәріс атамыз 1920 жылдары Меккеге қажылыққа барып, өзінің мұсылмандық парызын өтеп келіп, ағайындары мен ауыл ақсақалдарын жинап, ол жақта не көріп, не естігенін айтады:

  • Бірінші, Меккеге барып мұсылманшылық парыздарымды өтеп қайттым. Мүдәріс атағыма қажы деген атақ қостым.

Екінші, мен олжалы болып келдім.

  • Ол нендей олжа? – деп сұрайды отырған жұрт.
  •  Мен Меккеде қытайдан қажылыққа  келген керейт туыстарыма жолығып, танысып, қайтарда сол туыстарыммен бірге қытайдағы қазақтарға барып қонақ болып, біраз мағлұматтарды біліп қайттым. Сөйтсек, керейттердің көпшілігі қытайда. Сол мәліметке қарағанда 12 болыс керейттің бір болысы Сыр бойында екен де, қалған 11-нің қытайда екеніне толық көзім жетті.

Әрі қарай 1920 – 30 жылдары қытайда өмір сүріп жатқан қазақтардың рулық құрамы аса күрделі емес көрінеді.

  1. Ұлы жүздің албан, суан руларының кейбір тайпалары;
  2. Орта жүздің найман руының матай, қаракерей,  торғауыл тармақтарынан тараған кейбір рулар, уақ тайпасының ішінара рулары.
  3. Он екі абақ керей рулары (12 болыс – Қ.А).

Жоғарыдағы деректерді салыстырып отырсақ, Сүлеймен мүдәріс қажы он екі абақ керей елінде болғандығын дәлелдейді.

Тарихшы Мұхаммед Ұайдар Дулаидің еңбектерінде керейттердің Шу мен Талас өзенінің бойында тұрғаны анық жазылған. Оны Шоқан Уәлиханов та растай түседі. 1380 жылдары Темірлан керейттерді шапқаннан кейін керейттер босып бүгінгі өзбек жеріне ауады. Дәстүрлі мал шаруашылығына ыңғайсыз, ыстық болғандықтан, кейін қайта көшіп, Сыр бойына келіп Қарақуысты тұрақты мекен етеді. Бұл кезде Қазақ хандығы құрылмаған еді. 1456 жылы (кей деректерде 1465жылы) Қазақ хандығы құрылды. Ал, бүгінгі біз айтып жүрген Үш жүз ұғымы Қазақ хандығынан кейін қалыптасқан.

Керейттерді зерттеп жүрген азамат ретінде тағы бір айта кетерім, Керейттердің бір атадан туған  Тілік, Ойық аталықтарына қарап отырсақ, Тіліктен тараған ұрпақтар көп, ал, Ойықтан тарағандар өте аз келеді. Біздің ойымызша, бүгінгі Ұлы жүздің ішіндегі Ойық руы да ерте кезде керейттен бөлініп қалып, кейін Қазақ хандығы құрылғаннан кейін, Үш жүз пайда бола бастағанда Ұлы жүздің құрамына енген болуы да мүмкін. Керейлердің Орта жүзге, керейттердің Кіші жүзге бөлінуі де осы оқиғаға ұқсас деп қарауға толық негіз бар. Себебі, ол кезде, қазақтың жер дауы, жесір дауы, мал дауы – бұлар үнемі болып тұратын іс еді. Билер мен ел жақсылары ақылдаса келіп, кей шағын руларды ірі руларға қосып, татулықты сақтап, барымта-сырымтаның азаюы үшін келелі шешімдер қабылдап отырды. Біз атап отырған рулардан сырт, қазақтың өзге руларының бір-бірімен ауысып кетіп жүрінің арғы себептері осыдан деуге болады.

Академик Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсынбек Кәкішев, Тынышбек Дайрабай, т.б. аға буын қаламгерлер маған: «Інім Құрман, сен Керейттер туралы жазып, айтып жүрген азаматсың. Осы тақырыпты әрі қарай індете зерттеуге бізден гөрі сенің ыңғайың жақсырақ келеді. Ендеше  Керейлер мен керейттердің тарихта бір ел екенін зерделеу сенің мойыныңда», ­­- деп үлкен сенім артып еді. Ал, Мардан Байділдаев ағамыз бір сөзінде: «Сәбең (С. Мұқанов) мен Ғабең (Ғ.Мүірепов) маған,  – әй, Мардан, сен біздің інімізсің,-деп арқамнан қағатын», – деген   еді. Сонда керей мен керейттің түбі  бір екенін меңзеп отырғанын кейін түсіндік. Есімде ерекеше қалған бір іс, менің бұл тақырыпта жазып жүрген мақалаларым жарияланғанда Мұхтар Мағауин мен Манаш Қозыбаев ағаларымыз қуанышпен жылы қабылдап, құшақтарына тартрып, алғаш шыққан кітаптарыма алғы сөз жазып беріп, бір марқайтып тастап еді.    

Ағалардың сол сенімін ақтап, қолым жеткен деректер мен материалдарды ақтарып, зерттеп, аталған керей мен керейт рулары тарихта бір ел екеніне көз жеткіздім. Ал қазақтың кейбір руының үш жүздің құрамында түгел болғаны сияқты керейттің кіші жүзде, керейдің орта жүзде болуы да қалыпты жағдай деп сеніммен айта аламыз.

Еліміз тәулсіздік алғаннан кейін шеттегі қандастарымыз атажұртқа орала бастады. Әсіресе, керейлер көп тұратын Қытай, Ресей,Моңғолия және Түркиядан келген азаматтар мен зиялы қауым өкілдері шежіре деректер және ақсақалдар әңгімелеріне негізделе отырып, біздің айтып отырған қорытындымыздың дұрыстығына тіпті де көз жеткізе түстік.

Керейт пен керей тайпасының тарихы қазақ тарихының бөлінбес бір бөлшегі болып қала беретініне ешкім күмән тудыра алмайды. Атап айтқанда, өз тарихымызды білу азматтық парызымыз. Кейінгі кезде өз тарихын түгендеуге жұрттың ынта-ықыласы мейілінше ауып отыр. Осы жазылған мақаламыздың да кем-кетіктері болуы әбден мүмкін. Егер, тілек, ұсыныс, ескертпе жасаймын деп жатқан азаматтар болып жатса, олардың пікірлерімен санасып, сыр бөлісуге шын жүректен ризамын.

Мақсатымыз тарихты зерттеп жазып жүрген ғалымдар мен жазушыларға, ел арасындағы білікті көнекөз қарияларға қозғау салу. Түпкі мақсат ел мен елді біріктіріу. Ел мен елді бауырластыру, бауыр бастыру. Ағайынның арасын алшақтатпай, жақындастыра түсу. Бұған толық дәлел жоғарыда атап өтілген мәліметтер.

«Қазақ әдебиеті», 2001 жылы 2-қараша күнгі № 44

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі Құрманғали Ашанұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған