АРҚАНЫ БЕТКЕ ҰСТАҒАН ЕЛ

329 рет оқылды

Көне тарихта біз әлі білмейтін сыр көп. Қазақ халқы ел болып ұйысқанша қаншама зұлматты бастан кешпеді. Анталаған жауымен жағаласып жүріп, ащының да, тұщының жа кермек дәмін татты. Қиыр жайлап, шет қонған халықтың тағдыр талайының іздері ауызша тарихта да, жазбаша тарихта да сайрап жатыр.

Қазақ халқы өз алдына ел болып, шаңырақ көтерген XV ғасырдан бастап-ақ, жан-жақтан шапқан жаулармен сандаған жылдар бойы аянбай айқасқан. Арғысы қатігез қалмақтар мен жоңғар ойраттар салған ойрандар, бергісі Қоқан, Бұқара, хиуа салған бүліктер қазақтың тыныш жатып  өркендеуіне жол бермей, сергелдеңге салғаны рас. Сондай шақта Ақтамберді жырау азаматтың намысын қайрап, елді бірлікке былай деп шақырды:

Көк көгершін, көгершін,

Көкқұтан ұшар жем үшін.

Көк шекпенін бөктеріп,

Ерлер шабар мал үшін,

Қамыс құлақ жылқы үшін,

Тұтам емшек бие үшін,

Қатын-бала қамы үшін,

Теңкиген қара саба үшін,

Әркім өзі талпынбақ,

Басына бітер бағы үшін.

Бастары бірікпей, жауын жеңе алмасын білген қазақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, үлкен күшке айналды. Абылайдай алыптар атойлап жауға қарсы шапты. Сол қанды жорықтарда ерлік танытқан Кенжебай мен Кенбай батырларлдың есімі ел ауызында аңыз болып қалды. ел азаттығы жолындағы айтулы жорықтарда, шешуші шайқаста көрсеткен ерліктері кейінгіге үлі болды.

Кенжебай мен Кенбай Кіші жүздің Керейт руынан шыққан баһадүрлер. Көнеден келе жатқан Керейт ұлысы туралы орта ғасырдың заманауи білімпаздары Әбілғазы баһадүр Хан, Махмұд Қашқари еңбектерінде аз айтылмайды. Шоқан Уәлиханов, Бартолд, Аристов, Аманжоловтың зерттеулерінде де мағлұматтарды жиі кездестіруге болады. Қалай айтқанда да Керейт руының тарихы әріде жатыр.

Тарихи шежіре ықылым заманда керейттер мен қаңлылардың түбі бір туыс болғанын, керейлер мен керейттердің бір бұтақтан тарайтынын, тіптен ІХ – ХІ ғасырлар бедерінде Керейттер өз алдында жеке хандық құрғанын, атақты Шыңғыс ханның  билік басына келуінедегі керейттердің ықпалы қадау-қадау деректермен келтірген. Негізінен тұтас керейттерді екіге бөлген – Алтын Орда мемлекеті. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Қазақ хандығы құрылған кезде Керейттердің оңтүстік бөлегі  өзінің байырғы аты – Керейтті сақтап қалған.  Ал Шығыс пен Орталықтағы керейттер керейлер аталып кеткен. Тарихи шежіренің білгірлеріт атанған М.Тынышбаев, С. Аманжолов, М. Қозыбаев, М.Мағауин пікірлері осыған саяды.

Кенжебай мен Кенбай керейттердің батыры ғана емес, көшбасшы көсемдері де болған. Тарихты зерттеуші ғалымдар бұл екі ірі тұлғаны әлі дерліктей зарттей қойған жоқ. Олар туралы ацызша жеткен деректер болмаса, жазбаша зерттеулер біздің қолымызға іліге қоймады. Сол ауызекі айтылған аңыздарда Кенжебай алып тұлғалы, еңсегей болйлы, атты кісінің бойындай екен. Ол қартайған кезінде аңғашығып, аюды жалғыз өзі ұрып алған көрінеді. Сол кезде де қайратының қайта қоймағаны кім-кімді де қайран қалдырары даусыз. Ел мен Жердің азаттығы, хылықтың бостандығы, құлдық пен күдіктен құтқару жолында бар өмірін қиян-кескі күреспен өткізген қос баһадүр Мүсірәлі әзіз сопының тікелей ұрпағы
Амандық әулиені бас қылып, Сыр бойынан Сарыарқаға қарай көш бастаған. Тағдырдың қыспағынан босқан ел Арқаның бел-белесінен асып, шөлді жерлерін басып, бірнеше ай жол жүріп, арып-ашып, өзектері талған шақта, діттеген жерге жетсе керек. жолай ауыр жол азабынан жан тәсілім еткендері қаншама. Жүк артқан түйелерін шөгеріп, шаңырақтарын көтерген. Тарихшылардың айтуына қарағанда, бұл ХVIII ғасырдың бірінші ширегі.

Қалың ел сонда Сырдан ауа көшкен,

Аш өзек, жұтақы жұрт танады естен.

Біз өлсек өлерміз-ау, бар ма азамат,

Ұрпақты аман алып қалар дескен.

Амандық әулие – елдің ес тұтқаны,

Тәуекел деп Арқаны бетке ұстады.

Тоқсанында атқа салт жүреді екен,

Ел қамымен ол қайта түлеген екен.

Тоқпақ жалды Көкдауыл астындағы,

Қылп еткенін жануар біледі екен.

Өзегі талып жеткен көш керуені мұндағы Арғынның итқұл руының атқамінерлері Кенжебай мен Олжай құшақ жая қарсы алған. «Көңіл жарасса, жер жетеді Кенжебай! Енді қос Кенжебай болып қатар отырайық!» – деп ата-баба дәстүрімен малын сойып, тұтас елге құрмет көрсетіп, ыстық ықылас пейілдерін танытқан. От тілді ақын-жыраулардың бірі «Аасқа тау» дастанын өмірге әкеледі.

Сол ортаға Керейтпен қоңсы қонған,

Қонғандағы ауыл-үй орта толған.

Төс түйіскен екі ауыл, екі руды,

«Тау бауыры – Қасқа тау» дейтін болған.

Содан бері бір-бірін бауыр басқан,

Ынтымағы, пейілі һәм жарасқан.

Қыз алысқан, қыз беріп, құда-жекжат,

Ол аз десең «Тоз» болып қауымдасқан.

Содан бері бұл ауыл бір туғандай,

Сұрамайды руыңды, ұлтың қандай.

Мақсат-сұңы, үміті, тағдыры ортақ,

Жақсылыққа әманда ұмтылғандай.

Бізге жеткен осы жырда қаншама сыр жатыр.  Елдің бірлігінің тамыры тереңде жатқанын, үміті мен тағдыр-талайларының бірге болғанынан хабар бермей ме?! Міне осыдан бері үш ғасыр өтіпті. Итқұл мен керейттің бас қосқан сол бауырластығы Абылай ханның 300 жылдығымен қатар келіп отыр. Ру мен ру біріксе ел болады. Ал біріккен ел үлкен күшке айналады. Қалай айтқанда да бұл аса маңызды тарихи кезең. Сол Кенжебай мен Кенбай бабаларымыздың асыл сүйектері осындағы ұорымдардың бірінде жатыр. Одан бері де бұл ел қилы-қилы заманды бастан кешті.  Ал бірақ ел үшін жанын аямаған Кенжебай мен Кенбайды ұрпақтары жадынан шығарған емес.

Алқалы жиында сөз бастап, хан мен қараны ел бірлігін ойлауға шақырған Амандық әулиенің жөні бөлек. Оның осындай жиындарда айтқан тәлімі мол нақыл сөздері аз емес.

Ер түн қатып жүріп қалғымаса,

Атқа мініп несі бар.

Хан халқын ойлап қайғырмаса,

Тахқа мініп несі бар?! – деген аталы сөзі әлі күнге дейін жұрт ауызында үнемі айтылады. Қара орманды Қасқа таудың етегіне елін жайландырып, көңілі орныққан кезде Мүсірәлі бабасы түсінде аян беріпті. Орнынан тұрып, Кенжебай мен Кенбайды шақырып алып: «Бесқарағайдың түбіне ұсталықтың белгісі деп көмір көміп, басына зергерліктің белгісі деп, жез шеге қағып қойыңдар!» – деген екен. Соған қарағанда сол жер еліне құтты мекен болатынын, сол жеде ұрпақтар бойы өсіп-өнетінін білген ғой жарықтық. Содан соң көп ұзамай таң намазының үстінде бақилыққа аттанып кеткен. Ел-жұрты әулиенің мәйтін Түркістанға алып барып жерлейді. Оны Шоңбай Жұманұлы абыз 1945 жылы өлеңмен жазған жыр-шежіресінде әдемі өрнектеген. Қазіргі ұрпақтары әр кез Түркістандағы Құл-Қожа Ахмет кесенесі жанындағы қабірстанға барып, бабаға дұға бағыштап келеді.

Кеңес үкіметі кезінде Пішенбай, Жаппар, Бабыржан, Әлкебай, Жолдас, Нұртай, Бекқожа сынды жандар холхоз, совхоз басқарып, ел үшін аянбай еңбек етті. Екінші Дүниежүзілік соғыста бұл ауылдан алпыс боздақ елге қайта оралмады. Олардың есімдері ауыл ортасындағы обелискіде тасқа ойып жазылған. Бүгінгі және кейінгі ұрпақтар оларды ешқашан да ұмытпақ емес. Бұлардың бәрі бабаларымыз Кенжебай мен Кенбайдың ұрпақтары, біздің аяулы ағаларымыз.

Ауыл – қазақтың бесігі. Адам бойындағы бүкіл жақсы қасиеттері де, жаман әдеттері де ауыл бесігінің түзулігінде. Ауылды сақтағанымыз – қазақты сақтағанымыз. Ал қазақ дегеніміз ең алдымен ұйысқан ұлт, салт-дәстүр, қазақы ғұрып,  қазақы болмыс. Бүгінгі Кенжебай мен Кенбай ұрпақтары ұлттық сипатымыздың бәрін сақтап, бабалар аманатына адалдықтарын білдіріп отыр.

Өткен тарихын ұмыстқан халықта болашақ болмайды. Тәуелсіздік бізге тарихымызға қайта қарап, ел үшін жан аямаған батырларымызды түгендеп, жаңаша ой қорытуымызға зор мүмкіндік жасап отыр. Республиканың әр аймағынан Кенжебай мен Кенбай батыр ұрпақтары, жергілікті аяулы жандар – Мәтен Бижанов, Гүлжәмила, Назарбек, Өмірбек, Кәрім, Болат, Зорлық, Қайролла, Бопан сынды кісілер аянбай халыққа қызмет көрсетті. Алыстан ат арытып келген, ғылымға еңбегі сіңген Жауғашты Ахметов, Нұриман Жалғасұлы, Табынбай Сейтжанов, Тұрмағамбет Асанов және Абдат Бапалақов бастаған ағайындар мен тағы басқалар қос батыр бабаның 300 жылдық мерейлі мерекесіне орай, Қасқатаудың етегіндегі қанатын кеңге жайған ауылға жиналып, еңселі құлпытас қойып, салтанатты жиында баяндамалар жасап, дұға бағыштап, тағзым етті. Ұлттық спорт түрлерінен – бәйгеден, күрестен, зілтемір көтеруден жарыстар өтті. Жеңіске жеткендерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Соңынан халық талантты өнерпаздарының концерті болды. Батыр бабамыздың Кенжебай мен Кенбай батырға арналған бұл игі істер дүйім елді рухын көтерді.

 Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі Құрманғали Ашанұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған