ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН КҮЗДЕУБАЙ МЕН СҮЛЕЙМЕН МҮДДӘРІС

318 рет оқылды

Күздеубай атамыз шамамен 1880 жылдары өмір сүрген. Ақ Патшаның заманы, Николайдың кезі. Күздеубай ірі бай кісі болған, үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, табын-табын сиыры, отар-отар қойы болған. Туып өскен ортасында, ел алдында беделді, абыройлы Күздеубай аламандарда  бәйгеге ат қосып, торқалы той, топырақты өлім, топты жиындардың бел ортасында болып, үзеңгілес байлармен терезесі тең, достық қарым-қатынаста өмір сүрген. Көршілес табын руының Әбі деген бай кісісімен дос-жар болып, ас ортақ, ат ортақ дегендей сыйластықта болған. Соғым мен сыбағаны бір-біріне арнап, бірісіз бірінің асы тұзсыз сияқты болған дейді көнекөз деректер. Сыр өңірінде заманында ит тұмсығы өтпейтін қалың қамыс бітік өсетін. Ну қамыстың іші Сыр жолбарысы, қасқыр, түлкі, қабан, қырғауылдарға толы болатын. Сыр жолбарысы туралы небір оқиғаларды өтірік-шынын араластырып, аңыз-жыр қылып әңгімелеп отыратын. Ну қамыстар ішінен жолбарыстар жиі-жиі шабатын. Жолбарыс жүретін ну қамысқа адамдар өте сақсынып баратын. Жиі-жиі адам мен мал шығыны болып тұратын. Кейін сыр жолбарыстарын казактар – Ақ патшаның әскерлері пілте мылтықпен атып, жойып жіберген. Сол ну қамыстар 1960 жылдарға дейін өсіп тұрған.

Күздеубай атамыз мыңғырған малдарын бағу үшін жалшылар ұстаған. бәле-жәле деген аяқ астынан, адамның басына бермесін, ойламаған жерден өрістегі жайылып жүрген жерінен малдарға жолбарыс шауып, шығынға батырады. Мал ашуы – жан ашуы деп аталарымыз айтпақшы, бір таяқ қата тиеді, қата тимесе бата тиеді деп бекер айтпаған. Күздеубай атамыз әлгі жалшыны абайсызда өлтіріп алады. Осы кезден бастап, Күздеубай атамыздың өмірі күрт өзгереді.

 Әз-Тәуке заманынан келе жатқан «Жеті жарғыға» сүйеніп, абайсызда қайтыс болған жалшының ағайын-туыстарына құн төлеп береді. Күздеубай атамызға бұл өте ауыр тиіп, малдың, байлықтың құны – бес тиын деп, Алладан кешірім сұрап, Меккеге қажылыққа жол тартады. Осы кезден бастап Күздеубай атамыз Алла жолына шындап беріліп, қалған өмірін дін жолына арнайды. Күздеубай атамыз Меккеге үш рет барып, Аллаға парызын өтеп, мүддәріс атанады. Меккеге баласы Сүлейменді екі рет ертіп апарады. Ол заманда қазіргідей техника, қатынас құралы жоқ, айлап жүріп, ат арытып, тон тоздырып, шаршап-шалдығып жететін. Онда да күтіп отырған тамыр-таныстары жоқ. Және танымайтын шаһар. әкелі-балалы екеуі ақылдаса келе, бір шешімге келіп, Меккеден қонақ жайы, үлкен үйі, астында асханасы, қорасында жеміс-жидегі бар үлкен үйді жалға алып тұрады. Оны Меккеге сапар шегіп барған адамдарға тегін беріп тұратын болған.

 Аталарымыз: «бір бала атадан өте туады, бір бала атаға жете туады, бір бала атадан кете туады» деп бекер айтпаған. Әке балаға сыншы деген қағидаға сүйеніп, Күздеубай атамыз балаларын қастарынан тастамай, жастайынан тәрбиелеп, менің жолымды кім басар екен деп жүреді. Әкесіне рухани жағынан жақын, жолын қуған баласы – Сүлеймен мүддәріс болатын. Сүлейменнің Меккеге баруға екі рет жолы түседі.  Меккеден мүддріс атағын да алып келеді. Бұрын Еңбек холхозы мәдениет каналы үлкен тас жолдың бойында қоныстанған болатын. Кейін Еңбек кеңшарын уақыт өте келе Аққошқарға көшіреді.

 Сүлеймен мүддәріс Меккеден елге оралғандағы әңгімесінің бірінде, керейттер мен керейлердің түбі бір екеніне көзін жеткізгенін айтады. Кейінгі кезде осы деректі Керейттердің тегі туралы зерттеулерімізде пайдаланған едік.

Сүлеймен атамыз Күздеубай атамыз Меккеден келгеннен кейін бүкіл елді жинап, қазіргі Еңбек Кеңшары маңында, жыңғылды көлдің маңайында жері шұрайлы, әрі халыққа ыңғайлы жерге ақсарбас үлкен ақ қошқарды сойып, енді бұл жерді бүгіннен бастап, Аққошқар  атайық деп,  халықтың ризашылығымен мешіт, медіресе ашып, дін шариғатын үйретеді.

Күздеубай мен Сүлеймен мүддәрістің мешіті Қарақуыс алқабының Қара тай деген жерінде болған. Сол жерде қазір мешіттің құлап қалған кесектері ғана жатыр. Сол маңнан Даңмұрын деп аталатын арық өтеді. Құнарлы топырақты Қарақуыс қойнауында Сүлеймен мешіті ғана гүл бақшаға бөленіп тұратын. Қарақуыс алқабында жеміс-жидек ағаштары майысып, жүгері жайқалып өскен. қауын-қарбыз жайқалып өсетін. Күздеубай мен Сүлеймен мүддәріс Аққошқарда өздері ашқан мешітте бала оқыту ісімен айналысқан. Сүлеймен мүддәрістен білім алған кісілердің бәрі ел құрметіне бөленген кісілер еді. Мәселен, Қызылорда облысына аты белгілі болған қарт коммунист Т. Дауытбаев, еңбек ауылына белгілі Түймебай Байділдаев Сүлеймен мүддәрістен алған білімімен-ақ обылыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін бірнеше жыл басқарған. Одан да басқа Қарымсақов Ашан, Алдаберген, Молда Иман ағаларымыз сол медіресенің түлектері еді.

Әкесі Сүлейменнен білім алған Әбдіхалық ел көзіне бірден түсіп, интелегент атанады. Қазақ республикасының астанасы – Орынбордан Ақмешітке көшіп келген бойда Әбдіхалық әкесінен алған білімімен-ақ «Сыр бойы» газетінің ұйымдастырушылардың бірі болып, онда өзінің көптеген өлеңдерін жариялайды. Сол уақыттағы ақындармен терезесі тең түсетін. Бірақ, жастайынан қайтыс болып кетті.

Күздеубай ұлы Сүлеймен Сырдың атақты сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовпен медреседе бірге оқып, бірге жүріп дәріс алған, бірге молдалық қылған. Сүлеймен мүддәрістің шәкірттері көп болған. Сүлеймен мүддәрісте де, оның ұлы Әбдіхалықта да діни, әдеби кітаптар көп болған. Төлеген Дәуітбаев, Жұма Демеуов, Мардан Байділдәев ағаларымыз өз көзімен көрген. Кейін елдегі жиындарда жиі-жиі айтып отыратын. Сол кітаптардың қайда екенін ешкім білмейді. НКВД жендеттері келе жатыр дегенді естіп, кітаптардың бәрін жинап, киізге орап, белгілі бір жерге көмеді. Сол көмілген жерді іздеп, кітаптарды тауып алуға ұрпақтары қорқып, маңына жолай алмайды.

Сүлеймен Күздеубайұылының өмір сүрген уақыты дәл репрецияға тап болып, түрмеден көз ашпады. Ұрпағы мен өзі «Халық жауы» деген жаладан құтыла алмай, НКВД тыңшылары аңдуымен болды. қуғын-сүргін заманында Сүлеймен мүддәрістің артынан май шам алып түскен НКВД ның бастығы Шитенов деген Сүлеймен атамызды бірнеше рет түрмеге қамап, тергеушілері оның біліміне риза болып, түрмеден де шығарып жіберген.

Сүлеймен мүддәріс атамыз елді имандылыққа ұйытып, адамгершілікке тәрбиелеген дін өкілі болатын. Бірақ, ең қасіретті саналатын кезеңге ілігіп, қуғын-сүргінге ұшырады.

Бірде артынан аңдыған  жасырын келген жендеттер Сүлеймен атамыздың үйіне кіргенін көріп, анталап үйге қаруымен  кіріп келеді. Сүлейен атамыз құран оқып отыра береді. Әйелі көріп тұр. Бірақ анталап келген жендеттердің көзі көрмейді. Олардың көзі байланып, Сүлеймен мүддәрісті таба алмай, үйді астан-кестен тінтіп, таба алмай қайтып кетеді.

Тағы бірде жендеттер артынан қуып келгенде, екі балағын көтеріп, дарияның үстінен кешіп өтеді. НКВД солдаттары дариядан өте алмай, арғы жақта қалып қояды. НКВД бастығы ретін тауып, Сүлеймен мүддәрісті түрмеге қамайды. Қанша азаптап, тергесе де, «Халық жауы»деген басқа жабылған жаланы мойнына алмайды. Күзетте тұрған солдатқа сенбеген түрме бастығы түрменің кілтін өзімен бірге үйіне алып кетеді. Қайтып келіп қараса, түрменің есігі сынбаған, өзі жапқан құлып ашылмаған, түрменің есігін ашып кірсе, Сүлеймен атамыз жоқ болып шығады.

Сүлеймен түрмеден арып-шаршап, ауырып елге келеді. Бірде ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде: қырғи   боз бозторғай кейпінде ұшып келіп өзін талағанын айтты. Енді маған бұл дүниеде қалуға болмайды. Төрт көздерің түгелінде алдарыңда кетемін деп, өз жаназасын өзі шығарып, ағайынның алдында құранның аяттарын оқып, о дүниелік болып кетті. Бүкіл ел болып жылап, арулап, Бошай деген жердегі үлкен ұлы Әбдіхалықтың қасына жерлейді. Сүлеймен мүддәрістің өлгеніне сенбеген Шитенов Сүлеймен атамыздың моласын қайта қаздырып тексереді. Шитеновтың арам ойы Сүйлеймен мүддәріскеталай алданды ғой. сиқырмен алдап кеткен болуы мүмкін деп күдіктенеді. Бұл оқиға 1937 жылы қызыл большевиктер Қазақстанда қазақ интелегеттері мен молдаларды қырып жатқан кезі болатын. Мұсылман заңы бойынша өлген адамның моласын ашуға құранда рұқсат берілмеген. Бірақ, жендет Шитенов холхоз бастығы Көштайды Сүлеймен мүддәрісті жерлеген Бижан ақсақалды шақырып, ақыры қоймай, қабірдің бетін ашқызады. Сүлеймен мүддәріс атамыз бейне ұйықтап жатқан кісіше маңдайы айдай жарқырап жатыр екен жарықтық. Мүрдені ашып, өз көзімен көрген Шитенов өлген кісіні растайтын құжатқа холхоз бастығын холхозшы Бижанға қол қойдырып алады.  Сүлеймен Күздеубайұлы өз ажалынан өлсе де, бірақ Шитенов оны атылғандар қатарына жатқызады. Сүлеймен мүддәрістің тағдыры балаларына да оңайға түспейді. Олар әкесінің ауыр тағдырына ішқұста болып, ерте мерт болады. НКВД бастығының көрді ашқанына ренжіп, қатты құсаланған  Әбілқақ та көп өтпей өледі.

Сүлеймен мүддәрістің балалары негізінен іркес-тіркес қайтыс болады. Шаңырағында ешкім де қалмайды. 1956 жылға дейін Күздеубайдың ұрпақтары арамза молданың ұрпағы, халық жауының ұрпағы деген жаман атақтан арылмайды. Күздеубай атамызға қатысты арғы-бергі шежірені   таратайық:

  1. Бидас – Жартай – Үрістем.
  2. Үрістем – Күздеубай 
  3. Күздеубайдан – Сүлеймен, Әбжаппар, Смағұл туады.
  4. Сүлеймен мүддәріс атамыздан ұрпақ қалмады. Әкесін бай деп, мешіт-медресе салды, Меккеге барды деп, НКВД жендеттері қудалап, адам айтса нанғысыз ауыр жазасын көріп, балалары құсадан өліп кетеді.
  5. Әбжапар – Болат туады;
  6. Болаттан – Мұрат, Марат, Нұрлан, Еламан, Ерлан туады.
  7. Смағұлдан – Әлиакбар туады.
  8. Әлиакбардан – Бақтияр туады.

Туған жұртының маңдайына біткен қос жарық жұлдызы – Күздеубай мен баласы Сүлеймен мүддәрістің елдің имандылығы жолында, оқып-білім алуы жолында істеген істері бүгінде ел жүрегінде жаттаулы. Меккеге баратын Қазақстандық қажышаларға арнап орын дайындауы, заманның қиын кезінде мешіт-медресе ашып, жастарды оқытуы, т.б. ерен еңбектері өте көп. Әкелі-балалы текті туған қос тұлғаның соңындағы ел-жұрты болып, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ата жолымен іс қылғанымыз абзал. Атап айтқанда, ел-жұртын жинап, алғаш Аққошқарға ірге тепкен тарихи оқиғаны бүгінгі таңда сол жерді мекендеген ұрпақтар болып санамыздан өшірмеуіміз керек. Аталарымыз ақ батасын беріп, құрбан шалып ақ қошқар сойған нақты орынды белгілеп, ескерткіш тас қойғанымыз артық болмас. Құдай берген дәулетін туған елінің игілігі жолында арнаған текті тұлғалардың әруағы разы болсын.

 Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Әбжаппаров Болатұлы Мұрат

Күздеубай қажы мүддәрістің шөбересі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған