КЕРЕЙТТЕР

86 рет оқылды

Шежіре – аса қастерлеп ұстайтын, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан ата мұрамыз. Құс қанатсыз, ағаш жапырақсыз болмайтыны сияқты адамзаттың да ата-тексіз, тарихсыз болуы мүмкін емес. Деседе сол өткен тарих қойнауына ат ізін салып, жүз-жүзге, ру-ру мен тайпаларғабөлінген қазақ халқының ата-тегін, кім кімнен тарағанын жіпке тізіп, осыған дейін жарық көрген шежірелік еңбектерді үңіле зерттесеңіз, бір-біріне кереғар келіп жататын мәліметтерге тап болатыныңыз анық. Әсіресе, интернационализмге бейімделіп қалған кейбір ағайын арасында әлі күнге дейін «қазақ рушыл, жікшіл, ауыл үйді қоса қондырмас алты бақан ала ауыз» деген пікірге имандай сеніп, күңкіл әңгіменің көрігін қыздыратындардың кездесіп қалатыны өкінішті.

Сөздің расына ден қойсақ, шежірені білуге, сол арқылы өз тарихына үңілуге ұмтылыс тантқан елді  ағаш атқа мінгізіп, «мұны қою керек, бұл рушылдыққа, жікшілдікке бастайды. Тегімізді білуден пайда жоқ.  Бұлайша халық болып жырғатпаймыз. Сосын басқа жұрт не дейді бұған?» деп байбалам салудың, қағынан жеріген құландай өз тарихымыздан, ата тегімізді түгендеуден бойды аулаққа салудың бүгінгі таңда еш негізі жоқ. Қазіргі күні бүкіл әлем таныған біртұтас халық болып бірігіп кеткен қазақтың назарын «рушыл, жікшіл» деген көңілге қонымсыз сылтауларға қайта-қайта аударып, тырнақ астынан кір іздеу бәзбіреулердің қасқана қоңырсытып, бықсытып жүрген пәтуасыз күншілдігі, пендешілік тірлігі деуге тиіспіз. Ал, жұрт арасында шығу тегіне күмән келтіріп жүрген тайпалар мәселесіне келсек, әр шежіреде әрқалай беріліп, түсіндіріліп жүрген тайпалардың бірі – Керейттер. Рене Декарттың «мен сезіне біледі екенмін, ендеше, менің өмір сүріп отырғандығым» дейтін пікірі бар. Сол айтқандай, бәзбіреулер қаласын-қаламасын, қазіргі күні де өздерін керейттерміз деп мақтанышпен айтатын қазақ қауымы өмір сүріп жатса да, бұл рудың арғы тегі бар екеніне, өмірде болғанына күмән келтіру әбестік болар еді. Мәселе төркіні тайпаның болған-болмағандығында емес,  оның қалай беріліп жүргендігінде. Ал, нақты деректерге жүгінсек, керейт тайпасының тарихы тым әріден тамыр тартатынына көз жеткізер едік. Мәселен, Жарылқап Бейсенбайұлы құрастырып, «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қазақ шежіресі» (Алматы, 1994 ж.) атты ктабында: «Орта жүздің Найман тайпасымен бір мезгілде өмір сүрген керейлер іргелі тайпа еді. Бұл екі тайпаны да Шыңғыс хан жеңіп, олардың қонысы моңғолдың қол астына қараған» деген деректерді келтіреді.  Одан әрі қарай автор: «1206 жылы киіз туырлықты көшпелілер Онон жағасында құрылтайға жиналып, «тоғыз сирақты ақ ту көтеріп», Шыңғысты Моңғол империясының ұлы ханы етіп көтерді. Сол империя құрылар қарсаңында моңғолдар 200 мың, керейлер 600 мың, наймандар 800 мың болған екен деген дерек келтіреді тарихшы И.Қабышұлы. керейттер туралы дерек Шыңғыс хан заманы туралы теңдесі жоқ жылнама жазып кеткен Рашид-ад-Дин еңбегінде де кездеседі. Ол сол кездегі Керей мемлекетінің құрамында Керейт, Қырқын, Қоңқайт (Қоңқат), Сақайт, Тобаут, Албат, Қарақын секілді тайпалар болған деп береді. Ал Керей мемлекетінің өз кезеңінде ірі де айбынды ел болғанына тарихта дәлелдер жеткілікті. Кей мәліметтер бойынша Х ғасырда керейттер 900 мыңға жуық болған. Моңғол билігіне дейін керейді Марғұз хан, Құршақұз, Бұйрық, Гөр хан, Уаң хан секілді хандар билеген. Уаңның өз аты – Торы (Тұғырыл). Ол бір кездері Қытайдың Алтан ұлысына татар тайпаларын жеңуге көмектескені үшін қытай әміршісінен Уаң хан (бір елдің ханы) лауазымын алған. Уаң ханның (Оң ханның) осы есімі  кезінде керейлердің несториан дінін ұстағанына қатысты Еуропада: «керейлердің королі Иоан поп» деген атаумен де жеткен екен. Тарихшылар бүгінде Қазақстанның теріскейін жайлаған керейлер (керейттер) сол Керей мемлекеті күйрегеннен кейін Ертісті бойлап солтүстікке қарай ығысқан бөліктен тараған ұрпақтар екенін айтады». Олар туралы «Сібір жылнамаларында» да бірқатар деректер бар.

Ал, М.К.Барманқұлов өзінің 1995 жылы Алматы қаласында басылып шыққан «Хан Иван» деген кітабында: «Шыңғыс хан бәрібір керейттермен туыстасты.  Шыңғыс ханның келіні Сұрқоқы-бегі Иван патшаның өзіне жиен болып келетін, несториандық дін бағытын ұстанған христиан қызы еді. Шыңғыс ханның сүйікті төртінші ұлы Толудың бәйбішесі болған осы бір аса ықпалды әйел моңғолдардың болашақ ұлы хандары Мөңке, Құбылай және Құлағулардың анасы болды. Құлағудың әйелі де христиан-несториандық қыз еді. Ол әлгі Иванға керейт жағынан немере болып келетін. Құлағу Иран мен Ирақты жаулап алып, алғы Азияда ірі мемлекет құрды. Рашид-ад-Дин осы Докуз-қатын туралы жазған-ды. Керейт халқының көбі негізінен христиандықты уағыздағандықтан, үнемі христиандарды қолдап отырды.  Бұл адамдардың күш-қуаты  соның тұсында толысты,–дейді (20-бет). Сондай-ақ,  «Жалын» баспасында 1992 жылы жарық көрген «Әлемді бағындыруды ойлаған Темужиннің өмірі» атты кітабында Е.Кычанов: «Қанды шайқас үш күн, үш түн бойы толастамады. Керейттер тас-талқан болып жеңіліс тапты. Тек Уаң хан мен Сангукқа ғана қоршау құрсауын бұзып  өтіп, бастарын аман сақтап қалудың сәті түсті. Шыңғыс хан керейт халқын «бар тарапқа таратуға» бұйрық беріп, қол астындағылардың бәрін тұтқынға түскен керейт қыздарымен қарық қылды. Өзіне Уаң ханның үлкен қызы Абика-бегімді алды. Керейт тайпасын осылайша қырып-жою, оларды жаппай жазалау оқиғасы 1203 жылдың күзінде орын алған еді», – деп жазады (62-бет). Жалпы керейттер мен керейлер жөнінде көп ізденістер жасап, олардың тілі, салт-дәстүрі мен тұрмыстары туралы мол дерек, аса қызықты, құнды мағлұаматтар қалдырған ғалым-зерттеушілер аз емес. Олардың қатарында Рашид ад-Дин, Абылғазы баһадүр Хан, Қадырғали Жалайыр,  Плано Карлини (1245-1247ж.ж.), Вильгельм Ркбрук (1253-1255ж.ж.), В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Б.Я.Владимимирцев, Е.Кичанов, И.Калашников,  Эренжей Хара-Даван ,Д.Языков, Г.Ф.Миллер, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан, М.Барманқұлов, М.Мағауин, М.Мұқанов, М.Байділдәев, Т.Бекниязов тәрізді ғалымдар есімін ерекше бөліп атауға болар еді.  

Моңғол империясы тұсында керейттер қоғамдық-әлеуметтік істерге кең араласқан. Шыңғыс хан жорықтарына айырықша белсенділік көрсеткен. Алтын Орданың империя болып құрылуына бірден-бір себепкер болған керейттің ханы Уаң хан (Оң хан) болатын. Ғұлама тарихшы, мемлекет қайраткері Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың  «Шежіре жинағы» атты еңбегінен керейттер туралы толық мағлұмат алуға болады.

Өз заманында керейттер де басқа түрік тайпалары сияқты әр түрлі тарихи жағдайлар салдарынан тоз-тозы шығып, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткендігін аңғаруға болатындай. Қадырғали Жалайыр еңбегін оқи отырып, түрік тайпаларымен бірге керейт тайпаларының да қазақ халқын құруға айырықша үлес қосып, атсалысқанына көз жеткізуге болады. Ғұлама бабамыз: «Моғолстан жерінде керейт қауымы одан кейін Онон, Келуран, Талан, т.б. түрік қауымдары әуел бастан өмір сүріп, үрім-бұтағын өрбітіп-өсіріп, сол жерде ғұмыр кешкендігі осы заманға дейін белгілі болып келеді. Әрбірінің өз патшасы бар еді. Өйткені керейт, найман секілді тайпалардың аттары ерте заманнан бері белгілі болса да, бұлардың бәрінің ортақ атауы моғол деп аталатын»,–деп, керейттер жайлы аса құнды тарихи мағлұмат береді. Жалайыр бабамыз бұл еңбегін ХVІ ғасырдың екінші жартысында жазып, оны артқы ұрпаққа қазақ халқының мәдени және рухани байлығы, тарихи мұрасы етіп тастап кетті. Керейт тайпасы жөнінде әр түрлі пікір айтып сан-саққа жүгіртіп жүрген тарихшылар мен жазушыларға бұдан артық қандай тарихи құжат керек, осы жағы түсініксіз. Ғалымның дәл осы еңбегінде Шыңғыс хан дәуірінде керейттердің Оң деген ханы болған еді, Оң ханның Шыңғыс ханның әкесі Есугеймен андастығы (дос-жарлығы) бар-ды. Сол себепті Оң хан Шыңғыс ханды өз баласындай санаған болатын. Шыңғыс ханның өзге әйелдерінің ішінде бір керейт әйелі бар еді. Ол Оң ханның ағасы Жәкембірдің қызы-тын. Оның сіңілісі Тиминді (Бектұрмыш) Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға әперсе, тағы бір сіңілісін Толуға алды. Оның есімі Сұрқоқым бегім еді деген де мәліметтер бар. Осыған қарағанда, керейттер туралы қалам тербегендер дәйекті дерек ретінде Қадырғали Жалайыр бабамыздың еңбектеріндегі мағлұматтарды негіз етіп алғаны байқалатындай. Әрі қарай тарихшы бабамыз: «Шыңғыс хан барлық жағынан қуаттанып, билікті шарықтау шегіне жетті. Керейт патшасы Оң хан ұлы патша еді. Елге құрметті болатын. Ұлының аты – Сангук. Ирек-Қара атты ағасы бар еді. Тағдырдың жазуы шығар, жеңісті тойлау Шыңғыс хан үлесіне тиді. Ол кезде қауымдар бір-біріне бақталас қырғиқабақ өмір сүрді. Ел ішін жер дауы, жесір дауы, барымташылық жайлап алды. Ата-бабаларымыз жазда жайылымда, қыста қыстауға тарығып, содан ұзақ айтыс-тартыс, дау-дамай өршитін. Белгілі шекаралары да болмаған тайпалардың үрім-бұтағы көбей келе әр қайсысының өзінше қарекет етуге көшіп, тағдыр тәлкегімен тарыдай шашырап, әр жаққа бас сауғалап босып кетті. Осы түрік патшасының қол астындағы жүзбасылардың ішінде керейт қауымынан шыққан Алибакир-буыршын атты жүрек жұтқан батыр болды …» (62-бет) деп жазды.

Ш.Уәлиханов өз еңбегінде керейттер туралы: «Сібір Вестнигі» атты тамаша журнал шығарып тұрған Д.Языков мырза Абакан арқылы Енесейге барып құятын Кянку өзенінің маңына керейттер деп аталатын бір тайпа бар», – екендігі жөнінде жазады (Ш.Уәлиханов таңдамалы. «Жазушы» баспасы, 1980 жыл. 145-бет). Мәскеу қаласында шыққан «Қатал дәуір» («Жестокий век») атты кітабының 220-бетінде Исай Калашников: «Қарауылшылардың сөзінен Темужин керейттердің наймандармен соғысып жатқандығын ұқты», – деп келтіреді. Мұнда да тайпаның аты керейт екені ап-анық жазылып, көрсетіліп отыр ғой.

Негізінен тұтас керейттерді екіге бөлген – Алтын Орда мемлекеті. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Қазақ хандығы құрылған кезде Керейттердің оңтүстік бөлегі  өзінің байырғы аты – Керейтті сақтап қалған.  Ал Шығыс пен Орталықтағы керейттер керейлер аталып кеткен. Тарихи шежіренің білгірлері атанған М.тынышбаев, С. Аманжолов, М. Қозыбаев, М.Мағауин пікірлері осыған саяды.

Керейттер Кіші жүздің Жетіру құрамында басқа да тайпалармен бірге Сыр бойында өсіп-өніп, қазақ халқының құрамын құрды. Кезінде керейт ішінен ірі мемлекет қайраткерлері шыққаны белгілі. Бидас атаның Тәуке ханның ақылшысы, ал, Мүсірәлі әулиенің бүкіл жалпақ қазақ халқына танымал Әйтеке бидің досы әрі айнымас серігі болғандығын барша жұрт мойындайды. Мүсірәлі туралы белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің «Үркер» романында жақсы баяндап көрсеткен. Өз заманында ірі тарихи тұлға болған, халық құрметіне бөленген Сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіппен айтысқан керейт Даңмұрын шайырдың:

Ізденіп тайпа төре әулетінен,

Тәукедей хан сайлаған ақсүйекті.

Атамды қара Бидас «Хан атаға»

Тұрған жан бір дауыспен қабыл етті.

Мекеңнің «Шежіре акбар» кітабында

Бұл сөзді анда Жүсіп баян етті, – деген өлең жолдарынан керейт Даңмұрын ақынның атасы Бидастың өз заманының  ірі мемлекеттік тұлғасы болғандығын, аумалы-төкпелі тар заманда оның  халықпен бірге болып, дербес мемлекет болуға көп еңбек  сіңіргенін байқау қиын болмаса керек («Шайыр». Алматы. «Жазушы», 1984 ж. 108-бет).

Әйтеке бидің қасында жүрген аңызға бергісіз тарихи тұлғалардың бірі – осы мүсірәлі (Софы Әзиз).

Мүсірәлі ­-  Кіші  жүз керейт.

Қазақ тегін, шежіресін жазған тарихшы ғалым Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте шыққан «Материал к истории киргиз-казакского народа» деген еңбегінде: «Мы пологаем, что род Керейт в составе Джетыру (Семиродцы) маладшей роды потомки этих беженцы кереев. С тачением веков, не имея связи с оставшимися на востоке кереями, они совоем забыли о своих родственикак, как и последние о них. Этим по-моему обьясняется, что один называются просто кереями, другие – керейтами (окончание «т» – озночает множественное число)», – дейді. Тарихшы ғалым ағамыз керейтке келгенде «мы пологаем» деп күмән білдірген сыңайлы. Ал, басқа тайпалар атын атаған кезде мұндай екіұштылыққа жол берілмейтіндігі таң қалдырады. Мәселен, С.И. Ожеговтың «Слобарь руского языка» (Мәскеу, 1987 ж.) кітабының 447-бетінде: «С союзом, что и тв.п.с. неопределенный пологою, что он прав. Пологали, что он уехал. Я пологал Вас с отъезеде», – десе, 328-бетте: «Неопределенный. 1. Точно не установленный» дейді. Осыған қарап, бұл сөздің нақты емес, болжам деген ұғымды білдіретінін бағамдауға болар еді.

Біздің кейбір жазушыларымыздың өздері куәсі болмаған ХІІ – ХІІ ғасыр оқиғаларын бұрмалап, өз көзқарастары тұрғысынан беретіні өкіндіреді. Шындығына келсек, тарих түрпілеуге жатпайтын нақты деректерден тұрады емес пе? Оны әр саққа жүгіртіп бұрмалаудан не ұтпақпыз?

Өз өмірі тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ғұмыры ноғай халқының тағдырымен ұқсас. Мұны ғалым ағамыз Рахманқұл Бердібаев өзінің «Байкалдан Балқанға дейін» деген кітабында нақты дәлелдермен дәйектеген де. Ең көңілге қонбайтыны керейттер туралы сөз бола қалса: «Е, сендер керейсіңдер ғой», – дейтін пікірдің қалыптасқандығы. Мұндай жаңсақ пікірден бойды аулақ салатын уақыт жеткен сияқты.

Ендеше, әр жазушы, әр тарихшы ел шежіресін, тайпа тарихын өзінше  түзіп, «көрпені өзіне қарай тартуды» доғарса, нағыз шынайы  ақиқаттан ауытқымаса құба-құп болар еді. Әрқашан ақиқат үстемдік құрғанға не жетсін!

«Қазақ әдебиеті», 1999 жылы, 18-25 маусым

 Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі Құрманғали Ашанұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған