СӨЗ СЕМСЕРІ МӘТІ БИ

80 рет оқылды

СӨЗ СЕМСЕРІ МӘТІ БИ

Мәті би – XII-XIII ғасырларда өмір сүрген Кіші жүздің керейт руынан шыққан қазақтың атақты биі. Қаратаудың етегінде өмір сүрген. Сыр бойында шамамен 1627 жылы дүниеге келіп, 1711 жылдары қайтыс болған. Салқам Жәңгір тұсында Үш жүздің басын қосқан. Әз Тәукенің кезінде шешендік өнерімен, қара қылды қақ жарған әділ төрелігімен көзге түсіп, кейінірек, қартайған шағында Әбілхайыр сұлтанның ақылшысы, көмекшісі болған. Мәті би бейнесі тарихи тақырыпта жазылған көркем әдебиет туындыларында жақсы кескінделіп, суреттелген. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында Мәті би бас кейіпкердің бірі болып суреттеледі. Енді жазушы Мұхаддес Есламғалиұлының 1998 жылы жарық көрген «Әйтеке би» кітабының 62 бетіне зер салсақ, біраз уақыт Әйтекеге үлгі, өнеге көрсеткен, Қосуақ кезінде билердің баршасы өнеге тұтқан Мәті би дейді. Көшпелі қазақ сахарасында би болу оңай шаруа емес-ті. Адамгершілік, осы қасиеттерден тұратын, адами құндылық пен тектілік ережесінен ауытқымай, дау-жанжалға белшесінен батқан көшпелі тұрмыста «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген әділеттік қағидасын ар туындай биік көтеріп өту – әрі қиын, әрі екінің бірінің қолынан келе бермес аса жауапты да қасиетті миссия еді.

Тоқсан ауыз сөздің түйінін тобықтай түйіп, хан қаһарынан қаймығып, бұқпаған елдің тарихы мен әдет-ғұрпын жақсы білген. Параға сатылмай, ар-ұятты аяққа басқызбаған Мәті би бабамыздың бойынан осындай асыл қасиеттерді танып білген көнекөз қариялар айтып отырған мына сөздер есімде қалыпты: «Әй, сөзіңді мәнерлеп, Мәті бидей айтсаңшы!» деп отыратын. Яғни, сөздің мәнін, нарқын дұрыс бағалап, қара қылды қақ жара, әділ сөйлесеңші дегенді осылай емексітуші еді.
Қазақ даласы қандай кең болса, онда өмір сүрген бабаларымыз да сондай, дарқан, парасатты болып, халқын көзінің қарашығындай сүйетін, елім-жерім деп еңіреп өткен сөз семсері Мәті би бабамыз да солардың бірі еді.

Құрманғали Ашанұлы
Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған