ӘЗ ТӘУКЕНІҢ ҰСТАЗЫ – БИДАС БИ

298 рет оқылды

Бидас Тәуке ханды тәрбиелеген би.  Қазақ хандығының тағына Есім ханның баласы Жәңгір хан 1645-1652 жылдары отырды. Сол жылдарда қазақ пен жоңғар арасында әлісін-әлі қақтығыстар үдей түсіп, бірде жоңғарлар жеңсе, бірде қазақтар жеңіп тұрады. 1652 жылы соғыста Жәңгір хан қаза тапқанда, оның балалары, әсіресе, Тәуке жастау болатын. Сондықтан, 1680 жылға дейін  Қазақ хандығын тетелес сұлтандар басқарып отырған. Жас Тәукені ел билігіне жастайынан тәрбиелеп, баулып, елдің саяси істеріне бірден араластырмай, әскери жорықтарға бірден қатыстырмай, елдің ішкі-сыртқы істеріне көзін қанықтырып, кәмелетке келгенше қорғап, бөлек ұстаған. Бір кезде Керей мен Жәнібек негізін салған үрдіс бойынша, Қазақ хандары тек қана төре әулеттерінен сайланып отырған. Егер, сарайда сұлтан жас болса, қанаты қатайып, бұғанасы қатқанша бірнеше жыл тәрбиелену керек-ті. Сол қастерлі дәстүр шығыс халықтарына тән қағида еді. Өз заманында айырықша көзге түскен тарихи тұлғалардың еншісіне тие бермейтін атақ – Хан ата ұғымы  еді. Ал, керейттен шыққан Бидас бидің жасы сол кездерде Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден едәуір үлкен болғаны мәлім. Би өте шешен, әділ, турашыл әрі жұмсақ мінезді болған. Өйткені, ел басқарған шешен, билер хан сарайында көп болған. Бірақ, олардың бәрі бірдей халық алдында Хан ата болып сайлана бермеген. Соған қарағанда, Бидас бидің беделі халық арасында өте жоғары болғаны күмәнсіз.

Бидас атамыздың Тәуке ханның ақылшысы болғанын барлық жұрт мойындайды. Мәселен, халық құрметіне бөленген Сыр сүлейлерінің бірі керейт Даңмұрын шайырдың:

Ізденіп тайпа төре әулетінен,

Тәукедей хан сайлаған ақсүйекті.

Атаңды қара бидас хан атаға

Тұрған жан бір ауыздан қабыл етті.

Мекеңнің «Шежіре әкбар» кітабында,

Бұл сөзді аңда, Жүсіп, баян етті, – деген өлең жолдараынан  Бидастың өз заманында ірі  мемлекет тұлғасы болғандығы, ел мен жалпы халық қамқоршысы, жас ұрпақ тәрбиешісі, ұстаз болғанын аңғаруға болады («Шайыр», Алматы, «Жазушы» баспасы, – 1984ж. – 108 бет).

Енді Бидас би тәрбиелеген Тәуке ханның қазақ хандығын басқару кездеріне қысқаша тоқталып, аз-кем үзінділер келтірсек артық болмас.

Елдің келешегін ойлаған Бидас би жас сұлтан Тәукені тәрбиелеп, тастүлек қылып шығарады. Тәуке хан (1680-1718) тахқа отырысымен, ел бірлігін сақтап, ішкі-сыртқы саясатты біліктілігімен жүргізіп отырды. Әрі осының арқасында Қазақ хандығы жоңғарларға қарсы тұратын қуатты күшке айналды. Тәуке ханның төңірегінде Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты билер кеңесші болып, далалық демократиялық үрдіспен билер кеңесін құрды. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырып, керейт Мүсірәлі сопы әзізді пір сайлады. Қазақ тарихында көшпенділердің өз тәртіптері болған. Ел ішіндегі жер дауы, мал дауы, жесір дауы, құн дауы, т.б. болып тұрған жағдайларды реттеу мақсатында Тәуке ханның «Жеті жарғысы» далалық заң болып қабылданып, осы заңды дайындауға Бидас атамыз бір кісідей ат салысты.

Тәуке хан кезінде халықтан шыққан ұлы тұлғалар ханның бетіне тура қарап, дат айтып, кемшілігін сындайтын, әділ заң осы болатын. Осы «Жеті жарғы» Кеңес үкіметі орнағанға дейін, қазақ арасында қолданыста болды. Соның арқасында, рулар ара талас-тартыс, өкпе-реніш, дау-дамай реттеліп отырды.

Қазақ хандығын басқаруда осындай жаңа үрдіс әкелгендігі үшін, және елдің көсегесін көгертіп, іргесін сыртқы жаудан қорғап, ел қамын жеген Тәуке ханды елі құрметтеп, «Әз Тәуке» деп, Мүсірәлі Жәдікұлын  «Мүсірәлі сопы әзиз» деп атады. Осындай ұлы ханды тәрбиелеген бабамыз – Бидас би еді.

Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған