АРҒЫН БОЛСАҢ – АЛТАЙ БОЛ, КЕРЕЙТ БОЛСАҢ – ЖАРТАЙ БОЛ

317 рет оқылды

Жәңгір хан 1652 жылы қаза тапты. Балалары жастау болатын. Сол замандағы үрдіс бойынша, сарайдағы сұлтан жастау болса, оны айырқша ұстап, бірден саяси істерге, әскери жорықтарға, елдің ішкі-сыртқы істеріне араластырмайтын. Ел басқарған шешен, билер хан сарайында көптен болатын. Бірақ, олардың барлығы хан алдында, халық алдында Хан ата болып сайлана бермегені даусыз. Соған қарағанда, таңдау Бидас атамызға түскен. Бидас бидің беделі халық арасында өте жоғары болғандығын, Бидас атаның Тәуке ханның ақылшысы болғанын барша жұрт мойындайды.

Мәселен, халық құрметіне бөленген Сыр сүлейлерінің бірі керейт Даңмұрын шайырдың:

Ізденіп тайпа төре әулетінен,

Тәукедей хан сайлаған ақсүйекті.

Атаңды қара бидас хан атаға

Тұрған жан бір ауыздан қабыл етті.

Мекеңнің шежіре әкбар кітабында,

Бұл сөзді аңда, Жүсіп, баян етті, – деген өлең жолдарынан  Бидастың өз заманында ірі  мемлекет тұлғасы болғандығы, ел мен жалпы халық қамқоршысы, жас ұрпақ тәрбиешісі, ұстаз болғанын аңғаруға болады («Шайыр», Алматы, «Жазушы» баспасы, – 1984 ж. – 108 бет).

Бидас атамыз керейттердің көшбасшы көсемі, сөз бастаған шешені, қолбасы батыры болған. Ел ауызындағы аңыз-жырларда Бидас атамыз алып тұлғалы, еңселі, бойы ұзын, өте келбетті, мұртты кісі болған көрінеді. Бидас атамыздың замандасы атақты Ақтамберді жыраудың елді бірлікке шақырып, намысын жанып, елді елге қосқан кезеңі еді:

Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мініп,

Қоныс та қарар ма екенбіз?!

Ел жазылып жайлауда,

Жақсылар кеңес құрғанда,

Мұртымыз көкке шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екенбіз?! («Бес ғасыр жырлайды», – 1989 ж. – 64 бет.)

Бидас атамыздың заманында да ел бастаған серкелердің, салтанат құрған ерлердің бәрі де мұрттары көкке шаншылып, топтан оза сөз сөйлегенін елестетуге болады. Мұрты көкке шаншылған осы үрдісті кешеге Алаш зиялыларынан да көріп қаламыз.

Бидас атамыз ел мен жерді азат ету, халқын бостандыққа жеткізіп, оларды құлдық пен күңдіктен құтқару жолында қасық қаны қалғанша, жанын  шүперекке түйіп, жауларымен шайқасты. Тыныш, бейбіт жатқан елге жан-жақтан атойлап шапқан қалмақтар қазақ елін сергелдеңге салды. Оңтүстік жақтан Хиуа, Бұқара, Қоқан тыныштық бермеді. Осы жылдары қазақ халқы қаншама зұлматты бастарынан кешті. Айналаң толған жау, Бидас баһадүр ер азаматтардың намысын қайрап, елді бірлікке шақырып, бастарын қосып, алдағыны болжап, көрегендікпен халқын бір күшке айналдыра білді. Атойлап, әруақ шақырып, жауға қарсы шығып, оларды шапты. Айлакерлігімен, ақылдылығымен шапқан жауларын абыроймен жеңіп отырды. Осы ерлік жеңістері өскелең ұрпаққа үлгі болып, ел арасында күні бүгінге дейін аңыз-жыр болып келеді.

Енді Таз атамыздан тараған әулетті шежіре бойынша тарқатып көрейік:

Таздан: Бидас, Жандос туады.

Бидастан: Қожан, Көшеней, Қара, Андағұл, Жартай – бес ұл туады. Бұлар «Бес Бидас» аталады.

Жандостан Жәдік туады. Жәдіктен Үш жүзге пір болған Мүсірәлі бабамыз туады.

  Бидас атамыздың кіндігінен тараған бес ұлы өсе келе, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өскен ортасында тегіне тартып, үлкен күшке айналады. Ауызбіршілікте болып, айтулы жорықтарда, шешуші шайқастарда жау батырларымен жекпе-жекке шыққанда, қайталанбас ерлік көрсетіп, қарсыластарын жеңіп отырған.

Бидас баһадүр атамыз бес баласымен қару-жарақ, сауыт-саймандарын асынып, әбзелденген сайгүліктеріне мініп шыққанда, дүйім ел қызығып, қуанып отыратын. Ал, жаулары алтауын ат үстінде көргенде, бір жағынан қызғанып, бір жағынан сескеніп, мыстары басылып, жүректері дауламай, қорқып, алыстан қашатын болған. Осы ерліктерін көрген ел-жұрт олардың есімдерін тастамай, оларды өздеріне үлгі тұтып, осы күнге дейін, ел ауызында аңыз-жыр етіп келеді.

Ел арасында  бес ағайындылардың атын өскен ортасында алынбайтын қамал болып, «Бес Бидас» атанып, тез арада елге таралып кетеді. Бидас атамыздың кіндігінен тараған бес ұл есейе келіп, үлкен бір аталыққа айналып, Кіші жүздің Жеті руының құрамына кіреді.

Керейт пен Кете елі көрші қоныстанып, бірге жақын отырады. Күтпеген жерден қалмақтар көрші отырған екі рулы елді шауып, малдарын қуып, жігіттері мен жас қыздарын тұтқынға түсіріп айдап кетеді. Ойласа келе екі елдің көсемдері Бидас батыр мен Кетенің Текей батыры бірігіп, қалмақ ханның ордасын шабуға шешім шығарады. Олар қалмақтың ханының ордасын шауып, қалмақтарды ойсырата жеңіп, халқының кегін қайтарып, жас жігіттер мен қыздарды жаудан құтқарып, олжалы болып, еліне аман-есен абыроймен оралады. Бұл жеңіс Бидас батыр мен Текей батырдың ел азаттығы жолындағы шешуші шайқаста қалмақ ханын жеңіп, кейінгі ұрпақтарға үлгі болып, ел ауызында аңыз-жыр болып, осы күнге дейін айтылады. Сол кездегі үрдіс пе, әлде даланың көшпелі заңы ма, жауды жеңген екі батыр олжаны тең бөліп алады екен. Бидас атамыз қалмақтың сұлу, жас тоқалына өзі үйленіп, олжаға түскен үрімдей жас сұлу қызды, «сен маған қарағанда жассың ғой» деп, Текей батырға береді. Міне осы Қалмақтың ханының сұлу тоқалынан Жартай атамыз туады.

Жартай атамыз тоғыз ай, тоғыз күнге жарты ай жетпей өмірге ертерек келеді. Осыған орай, нәрестенің атын азан шақырып Жарты ай деп қояды. Нәрестені алты ай бойы тымақтың ішіне салып, киіз үйдің керегесіне іліп қояды. Күннің көзіне түсірмей, алтайы түлкіден тігілген тымақтың ішіне салып бағады. Недеген тектілік, сауаттылық, көрегендік десеңізші. Ол кезде ғылым мен техника қазіргідей дамып, қалыптаспаған. Басынан осындай ұлылықты өткерген бабаларға неге қуанып, мақтанбасқа?!

Бес бидастың бесеуін де тасқа түсіруге лайықты тарихи ірі тұлғалар еді. Оларды бір-бірінен бөліп, ажыратуға болмайды. Бабалар тарихын қолға алып, қалам ұстап, үнсіз ойланып, толғанып отырмын. Аталарымыздың өмір сүрген жылдары және көрсеткен ерліктері, еліне сіңірген еңбектері тарихтан белгілі. Аңызға айналып кеткен Бес Бидастың тарихи оқиғаларын өскелең ұрпақтары біледі. Дегенмен, ол бабаларымыздың бәрін екшеп жазып, шағын бір мақалаға сыйғызу мүмкін де емес. Құдай қуат берсе, Бидас бабамыздан тараған өзге де ұрпақтар тарихи деректерді түгендеп, бізбен селбессе, бәрін де толықтап жазуға болар еді. Ал, біз бұл мақаламызда Бидастың кенжесі, Жартай бабамыз жөнінде сөзімізді сабақтай түспекшіміз.

Жартай атамыздың анасы, барымтада қолға түскен қалмақ ханының сұлу тоқалы. Бидас атамыздың сүт кенжесі Жартай  әлмисақтан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша, кенже бала – қара шаңырақтың иесі. Жартай атамыз бала кезінен ағаларына еліктеп, ерте есейіп, еті тірі болып, тілі ерте шығып, не айтса да толғанып, келешекті болжай білетін, айтқан сөзіне, уәдесіне берік, ақкөңіл, ержүрек, қарсыласына есе бермейтін, ауызының дуасы бар жігіттің сұлтаны болып ержетеді.

Жартай ағаларымен қосылып, бес қаруын асынып, бәрі бірге жаттығатын.  Есейе келе, тектілік қойсын ба, парасатты өте ақылды, сымбатты, бойы ұзын, атасының ауызынан түскендей болып өседі. Астындағы сайгүлік аты мен атағы Бес Бидасқа, Керейт балаларының арасында өскен ортасында емес, бүкіл Сыр бойына тарай бастайды. Бала кезінен істеген істеріне, жүсісіне риза болып, ел-жұрты сүйініп айтқан: «Керейт болсаң Жартай бол, түлкі болсаң, Алтай бол!» деген сөз де ел арасына тарап кетеді. Бұл мақал күні бүгінге дейін ел арасында өзінің мәнін жойған жоқ.

Көшпелі заман, аталарымыз қыста қыстауына, жазда жайлауына алма-кезек көшіп қонып отырған. Осы кезде бір-бірімен кездесіп қалып, әлмисақтан келе жатқан ата-баба дәстүр-салтымен малын сойып, бір-біріне құрмет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірісетін. Мүмкін, қарға тамырлы қазақпыз ғой, құда түсіп, қыз айтыстырып, араласатын шығар. Осыған байланысты айтайын дегенім, Арғын аталықтарында мынадай бір таңқаларлық тұрақты тағылымды сөз бар екен: «Арғын болсаң, Алтай бол. Керейт болсаң жартай бол». Керейттердің Тұғырыл ханына Темужин (Шыңғыс хан) алтайы түлкінің жақсы иленген терісін сыйға тартады. Алтайы түлкі – адам баласының көзіне түсе бермейтін жануар. Түлкілердің ішіндегі марқасқасы. Бір қарағанда пәтшағардың жауырыны ала қызыл болып келеді. Бірде бір жерінің сыртында сарғылт не көкшіл түсі жоқ. Алтайы түлкінің терісін ақсүйектердің  қыздары мен әйелдері киімнің жағасына тағуға құмар келеді.

Аяған атамыздың немересі, Нақыпбек ағамыздың баласы Алтынбек інім Қызылорда қаласында бір үлкен ақсақалмен кездесіп қалады. Сұрастыра келе, Алтынбек:

–  Руым – Керейт Жартай, – дегенде әлгі қария:

  •  Ау, балам, қолыңды жай, батамды берейін, – депті.
  • Арғын болсаң, Алтай бол,

Керейт болсаң Жартай бол. Айналайын, Алтынбек, текті жердің баласы екенсің. Мен Қармақшы жақтан боламын. Аталарымыз Жартай атаңды ауызынан тастамай айтып отыратын, – депті.

Енді «Керейт болсаң Жартай бол» деп афоризмге айналып кеткен осы сөз туралы қысқаша ой өрбітелік. Бидастың кенже баласы – Жартайдың дәрежесі артып, өз заманында аға-іні жолдастарын бір шыбықпен айдап отырғаны анық. Сосын да, кенженің аты кенже екенін ұмытпайық. Артында асқар таудай алынбас қамал, сақадай төрт ағасы тұрса, Жартайдың ерке болып, ержеткенін  кейінгі мынау тіркестерден білуге болады.

  • Жартай қыл көпірден өтпейді.
  • Түтінге шапқан Жартай.
  • Түлкінің алтайы болғанша, жігіттің Жартайы бол.

Міне осындай ел ауызындағы афоризмдер Жартай бабамыздың тегін адам болмағанынан дерек береді.

Кезінде, Рашатбек ағамыз бен Мәдірай ағамыз айтып отыратын: Көшеней атамыз бен Жартай атамыздың арасында келіспеушілік болып, дау-дамай туындап жүреді. Жартай Көшеней атамызға күн көрсетпей қояды. Содан Көшеней атамыз Арқа жаққа ағайындарына көшіп кетеді. Көшеней ағайындар 1920 жылы елге – Сыр бойына қайтып оралыпты. Бірақ, Арқаның ауарайына үйренгендіктен, Сыр бойының ыстығымен, маса, сонасына шыдай алмай, Арқаға қайта көшіп кетеді.

Сонымен, Жартай атамыздан: Үрістем, Тәуке және Кәдіс дүниеге келіпті. «Әке балаға сыншы» дегендей, Жартай атамыз: «Үрістемге дәуімді бердім, Тәукеге дауымды бердім, Кәдіске қапарымды бердім», – деп айтып отырады екен жарықтық. Бабамыздың бұл сөзінің де тарихи құпия мәні бар. Елден келген бір ағамыздың айтуынша, Жартайдың үш ұлынан тараған ұрпақтардың әрқайсысының мінезі, сіңірген еңбектері де  әр түрлі екен. Тарихта өткен текті бабаларымыздың әр сөзі алтын ғой. Олардың көбі болашақты болжап, келер ұрпақтың күй-жайын тұспалдай білуші еді. Қысқасы, бабалардан қалған әр сөздің астарында сыр жатады.

Бұл мақаламызда Керейттің Бес Бидасының Кенжесі атақты Жартай бабамыз туралы көрген-білгенімізді, деректерімізді жинақтадық. Жоғарыда аталып өткен ақылия сөздердің өзінен-ақ, қазақтың аса ауқымды Арғын руының Алтайымен салыстыра аталатын Жартай бабамыздың ұлылығын білуге болады.

Мен осы орайда, тарихын түгендей бастаған ағайынға, жоғарыда аталған тарихи деректерді, бабаларымыз туралы аңыздарды жұрт болып жұмылып, толықтап жазып,келер ұрпаққа аманаттауға шақырамын. Себебі, бұған дейін түрлі тарихи жағдайларға байланысты текті  аталарымыз туралы жазып-сызып, толықтай жинақтау мүмкін болмады. Қазірдің өзінде барымен базар болып, ел арасында бар дүниені сіз бен біз кәдеге жарата алсақ, бабалар әруағы алдында борышымыздың өтелгені болар еді.

Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған