ДУАЛЫ АУЫЗ ТАЙҒАН АБЫЗ

233 рет оқылды

Алматыдағы Абай даңғылы бойындағы Тау-кен институтының 205-бөлмесінен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, техника ғылымдарының докторы Нариман Жалғасұлын жаңылмай бірден таптым. Амандасып, шығатын кітап туралы ақылдасып, біраз пікір алысып, керек, дайын материалдарды көрсетіп, қоштасып кетейін деп жатқанымда, Нариман аға:

 –  Қойшығара Салғараұлы жазған «Шақшақ Жәнібек батыр»  кітабының 21-бетінде жазылған: «Керейт ақсақалы Тайған қарияны, Құрман, сен тап, кітапқа енгізейік!», – деп тапсырма берді де, әрі қарай сөзін сабақтай түсіп:

 –  Құрман бауырым, ол кісі жай адам емес, көптің бірі болса, жазушының кітабына кірмейді, – деді.

Нариман ағаның Керейт руының дуалы ауыз ақсақалын тапқанына қуанып:

 –  Тапсырмаңызды орындаймын, – дедім.

Тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлы «Шақшақ Жәнібек батыр» кітабының 21-бетінде Тайған ақсақал туралы жазғанына үңілсек:

Ұлы жүздегі нағашысынан Жиенқұрық алып, Орта жүздің батагөйінен ақыл шыңдаған балаң жігіт Жәнібек қазақ ошағының үш бұтын түгендеу мақсатында, Кіші жүздегі дуалы ауыз ақсақал, тоқсан жастағы Тайған абызға сәлем беруге келеді. Бұл кісі қырсықтау мінезді адам екен. Тайған абыз мынадай тілек айтқан деседі:

 –   Атынңың басын бұрма, солай тұр. Мінезіміздің қиястығынан бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. «Өгізді өрге салма, қанатың талар, жаманға жүзіңді салма, сағың сынар», – деген осы. Қырсық шалдың басқасынан бас тартсаң да, осы ақылымды есіңде тұт! – депті.

Бұл сапарынан Жәнібек ауылына түлеп оралады. Жүрген сапары жайлы айтқан жүйелі әңгімесін дана қарттардың баға жеткісіз лебіздерін естіген әкесі Қошқар батырдың да көңілі өседі. Ол ұлын ертіп сол жылы көктемде Қарақұмда сауын айтып шақырылған Үш жүздің ру басшыларының жиналған төбе жиынға келеді.  Бұл 1711 жылы еді.

 Бұдан өз тұсында Керейт руының дуалы ауыз ақсақалы тоқсан жасар Тайған абыздың еліне сыйлы үлкен шаңырақ ретінде жау жорыққа аттанатын батырлар, қолбасылар келіп дәм татып, бата алып, ақыл сұрайтын  киелі адам болғанын білеміз.

Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған