АТАН МІНІП ЖАУҒА ШАПҚАН МАНАҚ БАТЫР

103 рет оқылды

Бидас бидің кенже баласы, Жартай Керейттің ұрпағы – Манақ батыр.

Сыр сағасын жайлаған ел ауызында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнегесі мол, жігерлі де, мазмұнды өлең-жырлар, батырлық дастандар, ауыз әдебиетінің інжу-маржандары көптен сақталған. Әлі күнге ел ауызындағы әңгіме-аңыздарда есімі жиі аталып, құрметпен қастерленіп келе жатқан қазақ халқының айтулы тұлғаларының бірі – Манақ батыр. Батыр кіндік қаны Сыр суымен жуылып, осы жерде ат жалын тартып мініп, ержеткен. Бүкіл саналы ғұмырын елін ішкі және сыртқа жаулардан қорғауға арнап, күш-қуатын жұмсаған, керейт руынан шыққан Манақтың еліне сіңірген еңбегі ерен. Сыр сүлейлерінің бірі, ақиық ақын Тұрмағамбет бір толғауында:

Батыр Манақ болып ер,

Мен керейттің беліндей.

Болған ерге оп-оңай,

Өрді оймен тең қылды,

Ысырапылдың желіндей, – деп халқына қорған болған батырдың дара тұлғасын мақтанышпен жырына қосады. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен деректерге қарағанда, Манақ батыр жаратылысынан өте ірі, нар тұлғалы адам болса керек. Оның зор тұлғасы көп ішінен бірден көзге түседі екен. Батыр бес қаруын өз денесіне лайықтап ұстау үшін, арнайы шеберлерге тапсырыспен жасататын болған. Содан да болар, оның қаруының салмағы, көлемі мен ұзындығы замандастарының қаруына қарағанда ерекше, басқалардың ұстауға шамасы келмейтіндей ірі, ауыр болған ұқсайды. Мініске ат жарамай, тақымына толымды атанды таңдап мінеді екен.

 Көрші Түрікпен мен Қарақалпақ жұртының басқыншылары  тып-тыныш малын бағып отырған Қазақ еліне жиі-жиі шабуыл жасап, малы мен жанын барымталап, тізесін батыра беріпті.

Бірде сол басқыншылар Манақ батыр ауылына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бұл қарлы қыс кезі болса керек. Манақ батыр Сыр бетіне қатқан мұздан арғы бетке өтіп, садақты кере тартып, жау жаққа жебе атады. Зырлап ұшқан жебе жау батырының тура алдына түсіп, мұзға бір сүйем бата қадалады. Садақ оғының кімдікі екенін жазбай таныған жау батыры әскерінің бетін кері бұрып, бас аманында тайып тұрады. Осындай ірілігімен елді талай рет жау шабуылынан аман сақтап қалған Манақ батырдың көзсіз ерліктері жетерлік.

Бұрынғы өткен заманда, Хорезім жерінде атақты бес қала болды. Олар: Үргеніш, Хиуа, Төрткүл, Бұқара, Шынбай. Осы қалаларды Ақмешітпен тұтастыратын екі-ақ жол болған. Бірі – Шымбай жолы. Екіншісі, Маяның жолы. Осы екі жолмен сауда керуендері қатынайтын. Он жетінші ғасырдың аяғы он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде халық осы жолдармен арлы-берлі жүріп жататын. Қазақ байлары қора-қора малдарын аталған қалаларға осы жолармен айдатып, саттырып отыратын. Одан азық-түлік, киім-кешек алып еліне қайтатын. Сол кездері жүздеген қарақшылар, ұрылар, қанішер, бұзықтар осы екі жолды аңдып, қайтып келе жатқан саудагерлерді, мал айдаған жолаушыларды тонайтын әрекеттері жиі-жиі туылып тұратын. Манақ батыр өзі қасына жасақ жинап, осы екі жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған. Манақ батыр жауынгерлерымен бірге, қанішер тонаушылармен шайқасқа түсіп, жеңіске жетіп тыныштық орнатқан.

Ол кезде ел ішіндегі топ құрып, күші жеткендерге әлімжеттіклік жасап, тонап, тізе батыру, қоқанлоқы көрсету көптеп кездесетін. Бәзбіреулер ел алдында күшін көрсетіп, мақтанудан да қашпайтын. Сондай әулекі, балуансымақтың бірі күш сынасайын деп, әдейілеп Манақ батырды іздеп келеді. Ол Манақ батырды қауырт жұмыс кезінде кездестіріп:

– Манақ деген батыр бар деп естимін, соны іздеп жүр едім. Әуселесін көрейін деп едім, соны көрген жоқсыз ба? – деп жөн сұрайды.

Манақ батыр аман-сәлемнен кейін:

– Іздегеніңді дәл таптың. Ол адамың мына мен боламын, – деп  жауап береді. Батыр асып-саспай, өсіп тұрған жыңғыл, шеңгелдерді тамырымен қоса бір-бірлеп жұлып, жұмысын әрі қарай жалғастыра беріпті. Манақ батырдың қайтпас қарымын, әрекетін өз көзімен көрген әлгі мықтысымақ ләм-мим деместен, аман-сауында елін таппақ болып, атының басын кері бұрған екен.

Манақ батыр жасы ұлғайыңқыраған кезінде Сарысу бойындағы Арқа жақта тұратын нағашыларына сәлем беруге жол сапарға шығады. Сыр өзенінен өту үшін, Қубастың қайығының маңайына келіп, түстеніп отырып жайғасады. Сол кезде ол маңайды Жаппас рулары мекендесе керек. Жаппас руынан шыққан бір қарақшы жігіт келіп, Манақтың насыбай шақсашсын сұрайды. Ойында еш нәрсе жоқ аңғал батыр әдемі өрнектеліп жасалған күміс шақшасын арам пиғылды жігітке ұсынады. Жігіт насыбайды атады да, шақшасын иесіне қайтармай өз қалтасына салады. Бұның бәрін көріп тұрған Манақ жүрер кезде бейтаныс жігіттен шақшасын сұрайды. Жігіт:

  • Бұл шақша жасы үлкен сізге емес, жас бізге лайық екен, – деп бермей қояды. Іс насырға шауып, екі жақтың күш сынасуына алып келеді. Сайыс шартына сай, шақша жеңген жақта қалмақ. Бірінші кезек қарақшы жігітке тиеді. Манақ батырды орай құшақтап, іштен шалып, арлы-берлі ырғап, орнынан қозғалта алмайды. Кезек Манақ батырға келгенде, жігітті жерге қалпақтай алып ұрып, тізесімен кеудесінен нығарлай езгенде, әлгі жігіттің құлындаған дауысы Сыр өзенінің арғы жағасына жетіп, жаны мұрнының ұшына келіп, ағатайлап, шақшасын өзіне қайтарып бере қояды.

Манақ батыр жігіттің қол-аяғын байлап, жанында тұрғандарға тапсырып, өзі бір айдан кейін қайта келетінін айтады да, Сыр өзенінің арғы бетіне қайықпен жүзіп өтеді. Болған оқиғаны жігіттің ағайындары естіп, Манақ батырдың келуін күтіп, ел болып қарсы алып, ат-шапан айыбын төлеп, құрметіне сый-сияпат жасайды.

Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған