ХАН КЕНЕНІҢ ҚАС БАТЫРЫ – ЕР МЕҢЛІ

215 рет оқылды

1841 жылдың қыркүйек айында бір бөлім қазақ руларының өкілдері ата-баба салтымен, Кенесарыны ақ киізге отырғызып, Хан сайлаған соң, ол ұлттық азаттық көтерілсті басқарғаны тарихтан мәлім. Кенесары ханды осы күнге дейін жұртымыз Қазақтың соңғы ханы деп біледі. Ақ патшалы Ресей мойындамаса да, қазақ ру-тайпалары дерліктей бір ауыздан мойындағаны белгілі. Кене Хан бастаған сарбаздар Қазақтың жалаңтөс жаужүрек жігіттерімен бірге, жерін қызғыштай қорғап, қарсыластарын қан қақсатты. Ақ патшаның әскерлері үш-төрт айда жететін бекініске Хан Кененің сарбаздары бір жетіде жетіп отырған. Осыдан-ақ Хан Кененің сарбаздарының қаншама ержүрек, қаншама қуатты болғанын білуге болады. Хан Кене сол сайыпқыран сарбаздарымен Көкшеден шығып, Сыр бойын жағалай келіп, Алатауға қарай бет түзеді. Кенесары Сыр бойына келді деген хабарды естіп, бүкіл ел жиналып, күні-түні ақылдасты. Ашамайлы керейттен шыққан Нысанбай жырау, табынның батыры Бұқарбай, керейттің қарапайым ер жігіті Меңлі батыр да дүбірлі топқа қосылады. Сарыарқадан аттанған көтеріліс басшысына енді Сыр бойының өңкей  батырлары қосылып, Жетісуға қарай ат басын түзейді. Сол ұлт азаттық көтеріліс туралы ой қозғаған тарихшы Е.Бекмаханов: «Кенесары әскерінің ішінде аса беделді, елге әйгілі батырлар болды. Табын руынан шыққан Бұқарбай батыр (Кіші жүз Сырдария маңы) да Кенесарының сенімді серіктері еді», – деп, «Қазақстан  XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген атпен 1948 жылы жарық көрген еңбегінде атап өтеді. Бұқарбай батырдың өмірбаянының қызықты кезеңдері туралы әңгімелер де халық арасында кең тараған.

Бір ұрыста Бұқарбай батыр жаяу қалып, жаумен жалғыз шайқасады. Сол кезде керейттен шыққан Меңлі батыр шауып келіп, Бұқарбай батырға өзінің астындағы арғымағын мінгізеді. Жан-жақтан қаптаған қалың жаудан тайсалмай, астындағы атын түсіп беріп, досы үшін өлімге бас тігу – жүрегінің түгі бар қас батырларға ғана тән ерлік екені даусыз.

Меңлі батыр:

–  Ел намысын қорғайтын батырсың, елге аман бар. Ал мен дос алдындағы парызымды орындап өлсем арманым жоқ. Елге аман жетсең, менің сәлемімді жеткіз, – деп, өзі жаумен жаяу шайқасуға кіріседі. Осылайша, екі дос көп жаудың бетін қайтарып, өз тобына қосылады.

Тағы бір ұрыста, Меңлі батыр қолға түсіп, серіктерімен бірге тұтқындалады. Меңлі батырды Сібірге жер аудартып, батырдың біраз өмірі қамауда өтеді. Бірде аяқ астынан түрме бастығы қатты ауырып, Меңлі батыр шөптен дәрі жасап, оны емдеп жазады. Осыдан бастап, Меңлі батырдың ісі оңға басып, түрмеден жеңілдік алады. Абақты мерзімі біткеннен кейін Меңлі батыр аман-есен еліне оралады. Оны Бұқарбай батыр бастаған Сыр өңірінің қалың жұртшылығы үлкен құрметпен қарсы алып, үйлендіріп, басына үй тігіп, алдына мал салып, зор қошемет көрсетеді. Сонда Бұқарбай:

–  Меңлі шырағым,  екеуіміз құдай қосқан ақіреттік доспыз. Мына келіннен туған балаларға менің ұлдарымның есімдерін қоярсың, – деген екен.

Меңлі атамыздан тараған: Арыстан, Аяп, Көтібар, Алданазар, Әшірбай ұрпақтары өсіп-өнген әулет. Бұл күндері олар Қызылорда облысы және Алматы қаласында тұрады.

Құрманғали Ашанұлы

Қазақстан Республикасының Ұлт қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған