ПIРГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

51.2K рет оқылды

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi, кәнiгi кәсiпкер Құрманғали Ашанұлы үлкен азаматтық жұмыс жасап, ел арасына есiмi кеңiнен мәлiм, тарихи тұлға Мүсiрәлi  (Сопы Әзиз) абыз жөнiндегi ауыз әдебиетi үлгiлерi мен ел аузында сақталып қалған көптеген тарихи деректер мен аңызға айналған әңгiмелердi зерделей зерттеп, осы тақырыптағы дүниелердiң басын бiрiктiрiп, шағын кiтап етiп жарыққа шығарыпты. Қолда бар деректерге қарағанда, Мүсiрәлi бабаның көп қасиеттерi тылсым сырымен барша жұртты өзiне баурап алып, кезiнде бүкiл үш жүздiң халқы пiр тұтқан тарихи тұлғаға айналғаны мәлiм.

Автор сол тұста қазақ мәдениетiнде айрықша орын ала бастаған ислам дiнiне мойын ұсынушылық көзқарасты орнықтырып, ел арасына мұсылмандық өнегесiн таратуда ерекше тер төккен, барша қабiлетi мен кемел бiлiмiн ел бiрлiгiн сақтауға бағыштаған, пiрәдар абыздың еңбегiн нақты дәлелдi iс-әрекеттерiн мысалға келтiре отырып дәйектеп, оқырмандарын тарихи тұлғаның рухымен жақындастыра түседi. Кiтапта келтiрiлген деректер мен дәлелдер тарихи оқиғалармен негiзделiп, оған автордың өз ой-түсiнiгi, таным-бiлiгi, болжамы мен көзқарасы тұрғысынан баға берiледi. Жалпы, Мүсiрәлi образына тоқталып, оның тарихтан алатын орнына, ерекше қасиетiнiң сырын тереңдей үңiлiп, аталмыш феноменге өзiнше пiкiрлерiн бiлдiргендер жетерлiк, олардың арасында зиялы қауымның да өкiлдерi бар. Әрiге зер салып, түбiне үңiлсек, Мүсiрәлi бабаның сопылық ғылым жолында көп iзденiп, төтенше қайраткерлiк әрекеттер жасап, iзгi iстермен есiмi жалпақ елге жайылып кеткенiне шүбә  келтiруге болмайды. Дей тұрғанмен, ауыздан қақпақ, мойыннан құрық бұғауы алынбаған тоталитарлық-әкiмшiлiк Кеңес үкiметi тұсындағы идеология саясатына байланысты дiн жолына берiлгендердi қойып, әлгiндей сопылық iлiмнiң өзiн зерттеу, ол жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастыру, ғылыми талдау жасау қолға алынбағаны жасырын емес. Бүгiнгi күнi қазақ елi тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, дербес егемендi мемлекет болып, көк байрағын еркiндiк шыңына тiккен сәтте ұлт санасын да қайта жаңғырып, өткен тарихындағы елеулi факторларға шұқшия үңiлiп, ұзақ жылдар бойы тарих қойнауында ұмыт болып қалып келген мәдени асыл қазыналарын тектеп, тексерiп, оның уақыт табы сарғайтқан парақтарын мұқият қайта ашып қарай бастады. Сол тұрғыдан алғанда, Қ.Ашанұлының қазақ елiнiң тарихында өшпес iз қалдырған, халқының елдiгi мен бiрлiгiн нығайту жолында бойға бiткен ерекше қасиетiн сарқа пайдаланған Мүсiрәлi  абыздай тарихи тұлға жөнiндегi деректердiң басын бiрiктiрiп, аталмыш мәселенi оқырмандар назарына ұсынуы, сөз жоқ, құптауға тұрарлық iзгi қадам, перзенттiк алғаусыз пәк сезiм көрiнiсi деу орынды. Автор келтiрген деректер  нақтылығымен құнды. Мүсiрәлi бабаның Тәуке хан тұсында өмiр сүрiп, бүкiл үш жүзге пiр сайланғандығы жөнiндегi деректер ХIХ ғасырдағы көрнектi тюрколог-ғалымдар Ә.Диваев пен В.В.Радлов еңбектерiнде де кездеседi. Бұл жағынан алғанда, автор тарихи фактiлердi бұрмалауы жоқ шынайы ақиқаттың жақтаушысы болып, шындық позициясын берiк ұстанған. Құрманғалидың және бiр ерекше атап өтер қыры – кәсiпкерлiк саласында көп iзденiп, өзiнiң көрген-бiлгендерiн, көңiлге түйгендерiн баспасөз арқылы қалың көпшiлiкке ұсынған  еңбекқорлығы дер едiк. Қазiргi нарықтық  заманда сауда-саттықтың сырын толық бiле бермейтiн қазақ жұртының басым бөлiгiне нарықтық қатынастың қитұрқы сырларын қарапайым тiлмен, өмiрлiк фактiлермен дәйектей отырып түсiндiру, мiне, автордың ең ұтымды, ұрымтал тәсiлi осы. Басқаша сөзбен айтсақ, автордың бұл еңбектерi кәсiпкердiң кодексi деуге саяды. Сауда-саттықты қалай бастап, немен айналысу, осы салада адал қызмет ету, көпшiлiктi алдамау, таза ақыл-оймен және жұлымыр iскерлiкпен жұмыс iстеу, еңбексүйгiштiк, адамдарға адал көңiлмен, iзгi көзқараспен қарау, т.б. осындай тұжырымдар мақала құнын арттыра түседi. Автор «бизнес» (кәсiпкерлiк) ұғымын, сауда қызметiн шариғатқа, мұсылмандыққа жақындатады. Бұл айтылғандар автордың осы салаға қалам тартып жүргендерден  айтарлықтай өзгешелiгi деуге болады. Қорыта келе, Құрманғали Ашанұлының аталмыш еңбегi iшiндегi қызықты деректерiмен оқырман ықыласын  өзiне тартуға қабiлеттi кiтап болып шыққан. Тiлi жеңiл, жүрдек оқылатын бұл кiтапты жұртшылық сұранысын қанағаттандыра алатын публицистикалық туынды қатарына жатқызуға әбден болады.

Манаш ҚОЗЫБАЕВ,

Ғылым Академиясы жанындағы

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

тарих және этнология

институтының директоры,

тарих ғылымының докторы, академик

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған