КӘСIПКЕРЛIК – ҚИЫН ӨНЕР

156 рет оқылды

Құрманғали Ашанұлы. «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi». Алматы, 2007 ж.

Экономикасы гүлденген, өркениет бағдаршысы болып табылады делiнетiн батыс елдерiнде кәсiпкерлiкке арналып жазылған кiтаптардың миллиондаған адамдардың қолынан  түспейтiн бестселлерге айналатын жиi болатын оқиға. Бiр таңданарлығы, көптеген адамдар өз өмiрiн осындай көпшiлiк оқырмандарға арналған шығармаларға сәйкес құрып, мұнысын мақтан тұтады. Ежелден қалыптасқан нарықтық қатынастар мен соған негiзделген мәдениеттiң бiздiң қоғам үшiн назардан тыс қалған басты ерекшелiктерiнiң бiрi – осы жайт.

Қазiргi кезеңде нарықтық экономика кеңестiк елдердiң бәрiне қатал талап қойып отыр. Жетпiс жылдан астам жоспарлы экономика бойынша ғана жұмыс iстеп, соған әбден дағдыланып қалған адамдар нарықтық экономиканың базисi болып табылатын бұлжымайтын заңдылықтар мен талаптарды түсiнуi әрi мойындай қоюы оңай шаруа емес. Нарықтық қатынастар адамдардың  енжар бойкүйездiгiн, өзi атқаруға тиiстi iс-әрекеттердi басқаның мойнына артып қоюын көтермейдi. Нақты әрi нәтижелi iстi қажет етедi. Бiр сөзбен айтқанда, нарық қатынасында әрбiр адам өз тағдырына өзi ғана жауапты. Американдықтардың: «Әркiм өз шабаданын өзi көтеруге тиiс», – дейтiнi сондықтан.

Экономикасы өркендеген Батыс елдерiн былай қойғанда, кейiнгi жылдары күрт дамыған Оңтүстiк Корея, Сингапур, Малайзия, Индонезия және тағы басқа «Азия жолбарыстары» деп аталатын мемлекеттерде шағын және орта кәсiпкерлiк жақсы жолға қойылған. Ол елдерде iшкi жалпы өнiмнiң (IЖҚ) 70-80 пайызын осы сала бередi және шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын адамдар аталмыш мемлекеттерде орта топты құрайды. Ал орта топты құрайтын iскерлер кез келген мемлекеттiң мызғымас дiңгегi, елдiң, ұлттың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басты белсендi күш.

Құрманғали Ашанұлы «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi» кiтабы елiмiздегi шағын кәсiпкерлiктiң төңiрегiнде қордаланған сансыз қиын түйiндердi шешу жөнiнде ерекше құнды. Автор шағын кәсiпкерлiк  қызметiн мұсылмандыққа, шариғатқа жақындатып жазумен қатар, қиын кәсiптi теория емес, нақты iс-тәжiрибе жинақтау арқылы меңгеру, қыр-сырын ашуда сандық көрсеткiштерге тұжырымдап, дұрыс ашып, айғақты дәлелдеп көрсете бiлген.

Бiр мәселенi ашып айта кету керек, елiмiзде нарықтық қатынастардың қалыптаса бастағанына  бiршама уақыт  болғанына қарамастан, қазақ тiлдi бұқаралық ақпарат құралдары және қазақ оқырмандары шағын және орта кәсiпкерлiк тақырыбына сусап отырғаны жасырып жабар жайт емес. Осы ретте Құрманғали Ашанұлының «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi» кiтабы елiмiз нарықтық экономика жүйесiн қабылдағалы берi Қазақстандағы шағын және орта кәсiпкерлiк туралы нақты өмiр мысалдарынан жазылып, жарық көрiп тұрған алғашқы еңбектердiң бiрi деуге боларлықтай.

Осы тұрғыдан алғанда, Құрманғали Ашанұлының «Нәтижесiнде кәсiпкер болудың отыз қағидасы «Нарық нарға жүк емес» деген атпен республикалық «Ана тiлi» газетiнiң отыз нөмiрiне жарияланды. «Түркiстан», «Қазақ әдебиетi», «Қазақстан-Заман» және басқа да газеттерде кәсiпкерлiктiң қайнаған ортасында  жүрiп, көзiмен көрiп, бастан кешкен жәйттердi нарық заңына сай талдаған жекелеген мақалаларым мезгiл-мезгiл шығып тұрды» деп ризашылықпен жазуы  заңды да. Бұл кiтап «Әуелi Аллаға сен, одан соң өзiңе», «Малыңды тапсаң, адал тап» «Уақыты  өтсе, қарызға қадам бiтедi», – деген сияқты қағидадан тұрады.

Кәсiпкерлiк – мәңгiлiк тақырып. Бүгiнгi iзденiстерiмiз бен ойларымыз болашақта жұрттың бәрiне жақсы мәлiм, белгiлi болып қылуы әбден мүмкiн. Алайда кәсiпкерлiктiң қадау-қадау қағидаларға сол қалпында қала беретiнi  сөзсiз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған